Таңдаулы жаңалықтар:

Қойнауына құт қонған Қордайым

Қойнауына ежелден құт қонып, қасиет дарыған киелі Қордай өңірінің тарихы ғасырлар тұңғиығынан бастау алады. Осы орайда ел өміріндегі елеулі оқиғалардың куәсі болған өлкеміздің тарихына тағы бір мәрте үңіліп, оның қалыптасуына сеп болған маңызды сәттерді оқырманның назарына ұсынғанды құп көрдік.

Жалпы, жазба әдебиеттер мен тарихи естеліктерде киелі өңірдің қалыптасу тарихынан сыр шертетін түрлі мәліметтер көптеп кездеседі. Мұнымызға тарихшы-ғалымдардың, ақын-жазушылардың еңбектері мен аудандық архив қабырғасында сақтаулы тұрған деректер дәлел. Түптеп келгенде, ел тарихының бір бөлшегі саналатын бұл өңірдің жазба тарихы осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын халқын жаудан қорғаған алып тұлғалы Қордай батырдың тұсынан бастау алады. Бүгінде сүйегі Қордай асуының биігіне (теңіз деңгейінен 1240 метр) жерленген батыр бабаның рухына арнап ескерткіш қойылып, онда «Қордай батыр І-ІІ ғасыр» деген жазу тасқа қашалып жазылған. Батыр бабамыздың асқан айлакерлігі, тапқырлығы мен батылдығы жайындағы әңгімелер Ә.Бүркітбаевтың «Сақнаме» кітабында, 1998 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Көне тамыр көкжиегі» атты мақалада да көптеп кездеседі. Сонымен қатар, Қырғыз халқының мыңжылдық тарихы бар «Манас» эпосында «Қордайыңа қол салды, Көлқамысқа жол салды» деген сөздер бар. Міне, осындай аңыз-әңгімелерден киелі мекеніміздің тарихы тереңде жатқанын, Қордай батырдың шынтуайтында осы өлкеде өмір сүргенін аңғаруға болады.

Өмір тынысы қырық қатпарлы тарихпен тығыз байланысқан Қордай жері өзге де елеулі оқиғаларға толы. Бұл қатарда Әбілхайырдан ат құйрығын үзген Керей мен Жәнібек сұлтандардың 1456 жылы дәл осы Қордайдағы Қозыбасыда Қазақ хандығын құрғаны бар. Бұл турасында белгілі журналист Құрманбек Әлімжан өзінің «Қазыналы Қордай» атты кітабында Жамбылдың «Сұраншы батыр» дастанынан нақты мысал келтіріп жазғанын айта кеткен жөн. Мұнымен қатар туған өлкеміз жоңғарларды ойсырата жеңген Аңырақай шайқасы, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының ақырғы жорығы сынды талай қантөгіс шайқастардың куәсі болды.

Сонау ықылым заманнан көшпелі халық мекен етіп, күнін көрген Қордай жері бертін келе отырықшы шаруалар мекеніне айналды. 1893 жылы мұнда алғашқы орыс қоныстанушылары келіп, уақыт өте бұл үрдіс кеңінен белең алды. 2017 жылы Қордай аудандық мемлекеттік архивінің тапсырысымен дайындалған «Қордай тарихы – архив құжаттарында» атты кітапшада 1905 жылы ауданымызға ішкі Ресей мен Сібірден қоныс аударылған отбасылар саны 1000-ға жеткені жазылады. Осының нәтижесінде елді мекен алғаш мәрте құжат жүзінде шаруалар тұрағы ретінде тіркеліп, Георгиевка аталғаны жайлы мәлімет бар. Осы кезде Шу аңғарындағы суармалы жер көлемін арттыру үшін Шөміш шатқалынан бөген салу мәселесі көтеріліп, Лениннің Түркістанды суландыру декретінің аясында құрылыс жұмыстары қолға алынды. Ал, 1921 жылдың сәуір айында кеңес билігінің шешімімен орыс кулактарынан тартып алынған мыңдаған гектар жер қазақтарға қайтарылып, елді мекендерде қосшылар одағы құрылды. Олар өз кезегінде Қарақоңыз және Ырғайты өзендерін бірлесе пайдалану, Шу өзенінен каналдар тарту мәселесін көтерді. Осының арқасында Шу өзенінің аңғарындағы еңбек қызып, Қордай жеріне «Нағымбаев», «Циндарин» сынды бірнеше кішкене каналдар тартылды. Өңірде жеміс-жидек, көкөніс өсіріліп, егістік жерлердің көлемі артты. Ал, 1930-1937 жылдары Георгиевск магистральді каналы салынып, бойынан гидротехникалық құрылыстар бой көтерді. Оның сол жақ қанаты Қақпатас өзеніне дейін жетті. Каналдың құрылысына аудан тұрғындарымен қатар, шет өңірлердің азаматтары да атсалысты. Осылайша, 1951 жылы «Георгиев» суландыру жүйесінің қос қанаты толығымен пайдалануға беріліп, суармалы егістік көлемі 20 мың гектардан асты. Мұның нәтижесінде Тасөткел су қоймасы құрылса, аудан іргесінен Сарыбұлақ және Көкқайнар сынды екі қызылша совхозы бой көтерді. Сондай-ақ, дәл осы кезеңде ауданда цемент зауыты салынды. Оның 1948 жылы пайдалануға берілген цехі 9500 тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы еді.

Осы орайда қазіргі Қордай ауданының ресми түрде өз алдына ірі әкімшілік аймақ ретінде құрылуына келер болсақ, өңіріміздің 1928 жылдың 17 қаңтарында бой көтергенін аңғаруға болады. Осы кезден бері сан қилы қалыптасу кезеңдерінен өткен ауданымыз биік белестерді бағындырып, облыс, тіпті, республика көлеміндегі іргелі аудандар қатарынан табыла білді. Дейтұрғанымен, бастапқыда аудан орталығының «Георгиевка селосы», ал аудан «Курдай ауданы» деп аталғанын жергілікті халық әлі ұмыта қойған жоқ. Ендеше, осы мәселеге тереңірек тоқталсақ…

Кең байтақ Қазақ елі Тәуелсіздікке табан тіреген сәтте етек-жеңін жинап, оң-солына баға бере бастады. Осы тұста жергілікті билік өкілдері елдегі кең көлемді жаңғыру үрдісінен қалыспай, бірінші кезекте жер-су аттарының мемлекеттік және ресми тілдерде дұрыс аталуына ден қойды. Нақтырақ айтсақ, аудандық Халық депутаттары кеңесінің «Жер-су және елді мекендер атауын транскрипциялау» жөніндегі 1992 жылғы 25 қыркүйектегі (15-ші сессия) Қаулысына сәйкес, «Курдай ауданы» деген сөз қазақ және орыс тілдерінде «Қордай ауданы» деп айтылсын деген шешім қабылданды (Аудандық архив. Ф.22). Бұл құжатқа сол кездегі аудандық Халық депутаттары кеңесінің төрағасы А.Шуптаның қолы қойылып, онда дәл осылай «Джамбул облысы» деген сөзді «Жамбыл облысы» деп транскрипциялау жөнінде облыстық Халық депутаттары кеңесіне ұсыныс жасалды. Осы ұсыныстың артынша, яғни 1993 жылдың 4 мамырында ҚР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы негізіндегі Мемлекеттік ономастикалық комиссияның шешімімен «Георгиевка селосы» деген атау «Қордай ауылы» деп ауыстырылып, «Джамбул облысы» деген сөз «Жамбыл облысы» деп түзетілді (Архив. Ф.399).

Сондай-ақ, Қордай аудандық мемлекеттік архивінің басшысы Қ.Увалиеваның біздің редакциямызға ұсынған мәліметтерінің арасында Қордай ауданының эмблемасы және алғаш мәрте «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағын тағайындау турасындағы ақпарат та болды. Мәселен, аудан әкімдігі жанындағы арнайы комиссия дайындаған қолданыстағы Қордайдың эмблемасы 2003 жылдың 20 маусымында аудандық мәслихаттың 23-ші сессиясында қабылданып, сол кездегі аудан әкімі Қ.Уәли және аудандық мәслихат төрағасы Т.Сүгірбай бастаған депутаттардың қолдауын тапқан екен. Жалпы, аудан эмблемасы шеңбер тәріздес келеді. Оның жоғары жағына үлкен әріптермен «Қордай» жазуы жазылып, күннің суреті бейнеленсе, қос қапталына алтын дән салынған. Ал, ортасында қызу еңбекке толы егіс даласы, тау жоталары, Қордай батырдың ескерткіші мен қанатты домбыраның суреті бейнеленген. Әлбетте, эмблемада бейнеленген әрбір элемент күн өте қарыштап дамып, ауыл шаруашылығы саласымен қатар ұлттық дәстүрді, қала берді ұрпақтар сабақтастығын өрге сүйреп жүрген ауданымыздың тыныс-тіршілігін дөп суреттейді.

Ендігі ретте Қордай ауданында ең алғаш «Құрметті азамат» атағы қай уақытта және кімдерге берілгеніне тоқталып өтсек. Аудандық архив мамандарынан алынған ақпаратқа сай, 1999 жылғы 11 мамырдағы Қордай аудандық мәслихаты және Қордай ауданы әкімінің шешімімен (23-ші сессия) «Ауданның құрметті азаматы» атағын беру жөнінде шешім қабылданды. Осылайша, 2000 жылдың 7 қаңтарында аудан тарихындағы ең алғашқы «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы «Ленин», «Октябрь революциясы» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің кавалері В.Л.Городецкийге, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы депутаты, «Құрмет белгісі» орденінің кавалері Д.Омаровқа, Социалистік Еңбек Ері Л.П.Самохваловаға, Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі Н.С.Сырлыбайға және Социалистік Еңбек Ері, «Ленин», «Октябрь революциясы» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің кавалері Л.И.Ханға берілді. Мұндағы басты мақсат аудан жастарын патриоттыққа тәрбиелеу, жекелеген азаматтардың сіңірген еңбегін бағалау әрі өскелең ұрпаққа үлгі ету және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру болғанын айта кеткен абзал.

Қысқасы, Кенендей дарын иесі дүниеге келген, Кенесарыдай нар тұлғаның жаны мәңгіге сая тапқан киелі Қордай өңірінің тарихы тереңде. Мәдениеті мен өнерінің биіктігімен, әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынымен өзгелерден оқ бойы озған ауданымыздың тарихы алдағы уақытта да алтын әріптермен жазылып, еліміздің дамуына, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына қосар үлесі қомақты боларына сенеміз.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *