Таңдаулы жаңалықтар:

Қордайда жастар тәрбиесі – басты назарда

Кейінгі жылдары мемлекетімізде жасөспірімдерге тура тәрбие беру мәселесіне аса ден қойылуда. Алайда мамандар мен жұртшылықты балалардың түнде үй көрмей, көше кезіп, жаман әдетке бой алдыруы қатты алаңдатады. Мұның себебін біреу отбасындағы тәрбиенің осалдығынан көрсе, енді бірі жүрген ортасына кінә тағады.

Расында, кәмелеттік жасқа толмаған балақайлардың болашағы кімді де болса алаңдататыны анық. Алайда, бұғанасы қатпаған жасөспірімдердің түнгі мезгілде ата-анасының қарауынсыз көше кезіп, қоғамдық орындарда бейберекет жүруі, теріс әрекетке бой алдыруы тыйылмай тұр. Осындай көңілге қаяу түсірер жайттардың алдын алып, балалардың құқығын қорғау мақсатында Қордай ауданы әкімдігі жанынан құрылған кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері күндері рейд шараларын ұйымдастырды.

Айта кетсек, топ құрамына комиссия төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Д. Сүгірбай, хатшысы А.Почуева, аудандық ЖПҚ ювеналдық полиция тобының инспекторлары, аудан колледждерінің және аудандық білім бөлімінің өкілдері енгізілген. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары тарапынан  әкімшілік хаттамалар  толтырылды. Атап айтсақ, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген 2 жасөспірімге ескерту жасала келе, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, комиссия мүшелері түнгі ойын ойын-сауық мекемесінде отырған 4 жеткіншекті анықтады. Анықталған жеткіншектердің ата-аналарына айыппұл және ескерту шаралары қабылданды.Одан бөлек, ойын-сауық мекемесіне кіруге жол берген, мекеменің  әкімшілігіне айыппұл салу шаралары қабылданды.  Осы орайда комиссия мүшелері мен тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмай, түнгі мезгілде жалғыз жібермеулерін сұрайды.

«Бұл ең бірінші кезекте баланың амандығы үшін қолға алынған шара», — дейді рейд мүшелері