«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер туралы»

07/04/20211min2030

Бүгін «Antikor» сервис орталығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаевтың қатысуымен брифинг өтті. Брифингте департамент басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер туралы» баяндады. Департамент басшысы әкімшілік жазаны күшейту халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға оң серпін беретінін атап өтті.

Енгізілген толықтырулар мен өзгерістер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 15 бабы бойынша әкімшілік сыбайлас жемқорлық бұзушылықтарын анықтау бойынша өз қызметін толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді .

Брифинг барысында Әділхан Әшірбаев Мемлекеттік қызметке байланысты шектеулер, оның ішінде сыйақының кез келген түрінен бас тарту реттілігі туралы да еске салды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшінің  хабарынсыз,  сондай-ақ міндеттік функцияларын орындағаны үшін алған сыйлықтар жеті күн мерзімінде арнаулы мемлекеттік қорға тапсырылуы тиіс.

«Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар ӘҚБтК-нің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңге», — деп атап өтті Департамент басшысы Әділхан Әшірбаев.

Бұл ретте, егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан шығатын болса, онда мұндай әрекет ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ті құрайды,  бұл 2 млн.теңгеден жоғары. Мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда заңды тұлға екі есе – 1500 АЕК яғни,  4,5 млн.теңге төлейді.

«Сыйлықтар тақырына келетін болсақ заңнамада қазір оларды сыйға тартуға және алуға толық тыйым салынғанын тағы бір рет еске салғым келеді. Мұндай норма өткен жылдың соңында қолданысқа енгізілді», — деді А.Әшірбаев.

Брифинг барысында департамент басшысы сыйлық сыйлаушыларға да тоқталып өтті.  «Мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген адамдарға мемлекеттік және басқа да қызметтер көрсеткені үшін материалдық алғыс айту әдетінен бас тартуға шақырамын, өйткені мұндай әрекеттер сыйлаушылар үшін де, сыйлық алған шенеуніктер үшін де теріс салдарға алып келуі мүмкін»- деді департамент басшысы.