Инвестор табылса, Жамбылда жақсы жобалар бар 

30/03/20191min1610

Облыс экономикасының әлеуетін арттыру, аймақтағы шағын және орта бизнестің аяқ алысын алшаңдату мақсатында мандырымды жұмыстар атқарылып жатқаны рас. Ең алдымен бұл бағыттағы жобаларға инвестиция тарту ісі өзектілігін жоймайды. Себебі, Алматы, Астана сынды қаржы айналымы дамыған аймақтардан, тіпті шетелден облысқа инвестиция әкелу оңай шаруа емес. Ол үшін ең алдымен аймақта инвесторларға қолайлы инвестициялық климат қалыптастырудың өз машақаты аз емес. Сондықтан, облыс әкімдігі жамбылдық жобаларға қаржы құятын ұйым табу мақсатында жұмысты жандырып-ақ келеді.

Бұл ретте инвесторлардың ортасына барып, облыстың инвестициялық мүмкіндіктері мен экономикалық әлеуетін таныстыратын роуд-шоуларды ұйымдастырудың алар орны бөлек. Сондай игі шаралардың бірі жақында Алматы қаласында өткен болатын. Бұл қос аймақтың іскерлік бағытындағы игі шараны өткізудегі басты мақсат – құрылыс материалдары индустриясы, агроөнеркәсіп кешені және өңдеу өнеркәсібінің түрлі секторлары сияқты экономиканың ірі салаларында өңіраралық бизнес-ынтымақтастықты дамыту болды. Оған облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхамеджанов бастап барған облыс өкілдері Алматы қаласы әкімдігі мен сондағы бизнес, банк саласы өкілдерімен кездескен болатын. Осы кездесуде жамбылдықтар алматылық бизнес өкілдеріне аймақтағы кәсіпкерлік саласы бойынша жүзеге асып жатқан жобалар жайлы айтып, облыстың инвестициялық әлеуеті бойынша жалпы мәлімет берген-ді. Бірақ, сол жобалар роуд-шоуға келген банк және бизнес өкілдерінің көңілінен қаншалықты шықты, алдағы уақытта облысқа ол жақтан қай бағыттар бойынша инвестиция тартылмақ деген сұраққа біз де жауап іздеп көрдік.

– Бұған дейін ұйымдастырылған роуд-шоулардың тәжірибесіне сүйене отырып, осындай іс-шаралар арқылы бизнестегі байланыстарды жолға қоюға болатындығына көз жеткізе аламыз. Сондықтан осы сияқты аймақаралық бірлескен шаралар өңір экономикасын дамытуға және жергілікті компаниялардың өсіп-өркендеуіне қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді басқармса басшысы А.Мұхамеджанов.

Роуд-шоуда заманауи медициналық кешен құрылысы, қолданыстағы мәрмәр өндірісін жаңғырту, туристерге жыл бойы қызмет көрсететін киіз үй қалашығын салу, кешенді тұқым зауытын іске қосу сынды инвестицияны қажет етіп отырған 15-ке жуық жобаның таныстырылымы ұсынылған болатын.

Жалпы, биыл облыста 4 инвестициялық жоба жұмысын бастаған. Және бірқатары, аяқталуға жақын тұр. Әрине, бұлардың облыс экономикасына елеулі үлес қосып, алға жылжуына күш беретініне күмәніміз жоқ. Дегенмен, кәсіпорын ашуға ғана емес, оның әрмен қарайғы қуат алып кетуіне де басымдық берілуі тиіс-ақ.

Мәселен, 505 гектарға орналасуы тиіс Шу ауданындағы «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының қатардағы қарапайым жоба емес екені анық. Алғашында мұнай-химиялық, агрохимиялық өнімдерді өндірумен айналысып, келешекте арнайы химия өндірісіне бет бұруды көздеп отырған аймақ зауыттарының қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен, 1250 тонна полиэтилен, 10 мың тонна глифосат және 40 мың тонна каустикалық сода өндіруге жетпек. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының 100 пайыздық еншілес компаниясы болып отырған «Тараз» химиялық паркі» өнімдерін өз елімізге, Еуропа мен Азия елдеріне шығаруға ниетті. Бұл біріккен химиялық компания инвесторларға жоба аясындағы әріптестік пен холдинг шеңберінде акцияларға ие болу сынды әріптестіктің екі түрін ұсынып отыр. Сонымен қатар, бірқатар салықтық жеңілдіктер мен 30 пайызға дейінгі инвестициялық үнемдеу тетіктері көзделіп отыр.

Бұл біріккен химиялық компанияның инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталсақ, ең алдымен ірі мұнай компанияларының шикізаттарын алу, мемлекеттік қолдауға ие болу, жұмыс күшін барынша тарту, Еуропалық одақ пен ТМД елдері нарығына шығудың географиялық артықшылықтары, қаржы ұйымдарымен тиімді келісімге келіп, сенімді әрі тұрақты әріптестікке қол жеткізу сынды басымдықтары қарастырылған.

Бұл жобаның тағы бір артықшылығы көлік логистикасымен байланысты. Яғни, зауыттардың Еуразия континентіндегі ірі транзиттік магистральдердің бірі болып отырған 8845 шақырымдық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінен бар болғаны елу-ақ шақырым қашықтықта, ал темір жол магистраліне тиіп тұрғаны химия паркінің жұмысын жандандырмаса, кедергісін келтіре қоймас. Бұл жұмыстармен облыстық Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы тікелей айналыспақ.

Жалпы, 2012 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бұл жобаның соңғы кірпіші 2037 жылы қаланып бітуі жоспарланған. Одан әрі химпарк зауыттары дамудың даңғыл жолына түсуі тиіс.

Сонымен қатар Тараз қаласында орналасқан «Тараз» арнайы экономикалық аймағының да болашағы зор. Тек инвестиция көзі табылса болғаны. Әйтпесе, бұл аймақтың аумағында жеңіл өнеркәсіп пен жиһаз өндірісі, химия өндірісі, құрылыс және металл емес құрылыс материалдары, минералды өнімдер, металлургия, металл өңдеу, машина жасау сынды бүгінде елімізде тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан кейін кенжелеп қалған өндірісті жандандыруға мүмкіндік ашылғалы отыр. Мұнда да инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер мен тегін инфрақұрылым, жерді уақытша тегін пайдалану сынды бірқатар артықшылықтары қарастырылған.

Бұған қоса Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау шаңғысы кешені мен сол маңда орналасатын туристерге жыл он екі ай сервистік қызмет көрсететін киіз үйлер жобасын да ерекше атап өтуге болады. Тау шаңғысы кешенінде құрылыс жұмыстары біраз сатыдан өтіп қойды. Бұйыртса, көктемде қайта жандана түспек. Сонда да, тың инвестициялық идеялар мен сенімді әріптестер қызығушылық танытып, қаржы құюға тәуекел етіп жатса артық болмас. Жоғарыда айтып өткен облыстық Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы бұл жобалар бойынша да қодау танытып, жан-жақты мүмкіндіктерін қарастыруда.

Қысқасы аталған орталық басшысы Дамир Егізбаевтың айтуынша орталық базасында 167 инвестжоба тіркеліпті. Дегенмен ол бұл жобалардың  бәрін қысқа ғана уақытта еңсеріп тастау мүмкін емес екенін алға тартады.

– Біз ешкімнің бетін қақпаймыз. Ірі болсын, шағын болсын инвестициялық жобасын ұсынған кез келген азаматқа қызмет көрсетіп, жобасы өміршең болса қолдау көрсетуге әркез дайынбыз. Біздің орталықтың жұмысы тікелей мағынасында айтқанда еліміздің бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосылуға үлес қоспақ. Яғни, біз белгілі көрсеткіштеріміз бойынша 2020, 2030, 2040 жылдары кезең кезеңімен экономика, еңбек өнімділігі, әлеуметтік даму сынды бағыттардағы жұмысымыздың жемісін көруіміз керек. Сол үшін де біз өңірдің әлеуметтік-экономикалық индикаторларына нақты әсер ете алатын нағыз тың жобаларға басымдық береміз. Жоғарыда айтып өткен 167 жобаның жалпы құны 700 миллиард теңгенің төңірегінде. Олардың 88-і бойынша үлкен жұмыстар қолға алынып жатыр, 38 жоба бойынша бірді-екілі жоспарларымыз орындалып, құжаттары реттелді. Ең бастысы, тұтастай әрі бірнеше бөлікке бөліп қаржыландыруы да шешілді, – дейді Д.Егізбаев.

Орталық жетекшісі Алматыда өткен роуд-шоуда инвесторлар тараздық жас ғалым Дәулет Егембердиев ойлап тапқан биомелиорат түріндегі минералды тыңайтқышқа көбірек көңіл бөлгенін айтуда. Өйткені органикалық тыңайтқыштар мен форфорлы гипсты қолдану арқылы тың тәсілмен өндірілетін бұл өнімнің өзіндік құны бар болғаны килограмына 16 теңге ғана. Бұл биомелиораттың артықшылы жердің өнімділігін 30-50 пайызға дейін артыттыра алатындығында. Бір сөзбен айтқанда шығыны – аз, қуаты – жоғары. Оның үстіне бұл өнімге керекті шикізат – фосфор қалдықтары Тараз төңірегінде тау болып үйіліп жатыр, шамамен 11 миллион тоннаға жуық. Шығыны аз болғандықтан да инвесторлардың қызығушылығы артып отыр.

– Дәстүрлі тыңайтқыштар өнімділікті арттырғанымен топырақтың құрамын тоздырып жібереді. Өйткені кейбір шаруалар оның нормасын сақтамай көптеп қолданып жіберетіні де жасырын емес. Ал мен ұсынңан биомелиорат жерді әрі тыңайтады әрі қалпына келтіреді. Менің жобама қазір бірқатар шет мемлекеттен «құда түсіп» жатқандар бар. Бірақ, мен бұл биомелиоратты «Қазақстанда жасалған» деген брендпен өндіріп, еліміздің де имиджіне жұмыс істегім келеді. Әрі бар мақсатым өнімді сатып, пайдаға кенелу ғана емес, еліміздегі сортаңға айналып бара жатқан жерлердің құнарын арттырып, бүлінген топырақты қалпына келтірсем деймін. Және де жергілікті шаруалардың да жұмысын, шығынын азайту жолында ізденіп жүрмін, – деген Д.Егембердиевтің өнімі шын мәнінде адам қызығарлық дүние екен.

Қалай десек те, инвестицияны қажет етіп отырған жамбылдық жобалардың басы бір орталыққа жиналғаны қуантады. Бұған дейін әркім өз бетінше тірлік етіп келген жоба қожайындары бар ақпаратын бүгінде облыстық Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығынан ала алады. Ал ондағы мамандар инвестор тарту бағытындағы шаралар алдағы уақытта әлі де жандана түсетінін айтып отыр.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *