Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Инклюзивті білім беруде нені ескеру керек?

0 22

Соңғы жылдары Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны артып келеді. Бұл құбылыс тек денсаулық сақтау немесе білім беру саласының мәселесі ғана емес, тұтас қоғамның назарын қажет ететін әлеуметтік мәселе. Бүгінде ерекше қажеттілігі бар балалардың толыққанды білім алуы, қоғам өміріне белсенді араласуы, өз қабілеттерін дамытуы мен еңбек нарығына бейімделуі мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының біріне айналды. Сондықтан инклюзивті қоғам қалыптастыру тек заңнамалық талап емес, өркениетті елдің басты көрсеткіштерінің бірі саналады.

Инклюзивті қоғам құрудың негізгі мақсаты – әрбір баланың денсаулық жағдайына қарамастан сапалы білім алуына, еркін қозғалуына, мәдени және қоғамдық өмірге қатысуына тең мүмкіндік жасау. Мұндай ұстаным ерекше қажеттілігі бар балаларды қоғамнан оқшауламай, олардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасайды. Мамандардың пікірінше, баланың әлеуметтенуі неғұрлым ерте басталса, оның қоғамға бейімделуі де соғұрлым нәтижелі болады.

Соңғы жылдары елімізде инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Білім беру ұйымдарында арнайы кабинеттер ашылып, мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Сонымен қатар ерекше балаларға психологиялық, медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында жаңа орталықтар жұмысын бастауда. Дегенмен, бұл салада шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес.

Мамандар ерекше баланың қоғамға бейімделуі тек мектептің немесе дәрігердің міндеті емес екенін айтады. Бұл – ата-ананың, педагогтың, психологтың, әлеуметтік қызметкердің және жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігі. Баланың өзін қоғамнан шет қалған адам ретінде емес, толыққанды азамат ретінде сезінуі оның тұлғалық қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан инклюзивті білім беру тек арнайы сыныптар ашумен шектелмеуі тиіс. Ең алдымен қоғамның көзқарасы өзгеруі қажет.

Облыстық мәслихат депутаты Айман Әшімованың пікірінше, ерекше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтендіру кешенді көзқарасты талап етеді. Оның айтуынша, инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін білім беру жүйесін жетілдірумен қатар қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігін арттыру, ата-аналардың психологиялық даярлығын күшейту және балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолайлы жағдай жасау маңызды. Себебі бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінгенде ғана өзінің мүмкіндігін толық жүзеге асыра алады.

Жамбыл облысында ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде өңірде он мыңға жуық ерекше білім беру қажеттілігі бар бала тіркелген. Оларға қызмет көрсететін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, арнайы мектеп-интернаттар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту орталығы және аутизм орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептерде ерекше балаларды қолдау кабинеттері кезең-кезеңімен ашылып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы балалардың қоғамға бейімделуіне бағытталған.

“Аmanat” партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ерекше қажеттілігі бар балалардың мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналғанын атап өтеді. Оның пікірінше, әрбір бала өз қабілетін дамытуға мүмкіндік алуы тиіс. Ол үшін тек әлеуметтік қолдау жеткіліксіз. Инклюзивті білім беру, медициналық оңалту, цифрлық технологияларды енгізу және қоғамдық ортаның қолжетімділігі қатар дамуы қажет. Оның айтуынша, соңғы жылдары партия бастамасымен әлеуметтік нысандардың қолжетімділігіне тұрақты мониторинг жүргізіліп, ондаған нақты ұсыныс әзірленген.

Соңғы жылдары ерекше балаларды ерте анықтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Дәрігерлердің айтуынша, ерте диагностика жүргізілген жағдайда баланың дамуындағы ауытқуларды түзету әлдеқайда тиімді болады. Сондықтан ерте араласу орталықтарының жұмысы маңызды. Мұндай орталықтарда логопедтер, дефектологтар, психологтар мен дәрігерлер кешенді қызмет көрсетеді. Нәтижесінде көптеген бала жалпы білім беретін мектептерде құрдастарымен бірге білім алуға мүмкіндік алады.

“АИСТ” инклюзия және технология академиясының директоры Айкерім Кудеринованың пікірінше, ерекше балаларды заман талабына сай цифрлық технологияларға бейімдеу олардың болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие болуына ықпал етеді. Сондықтан IT бағытындағы білім беру инклюзивті саясаттың маңызды бөлігіне айналуы тиіс.

Мамандар тағы бір маңызды мәселеге назар аударады. Ол – қоғамның ерекше балаларға деген көзқарасы. Кей жағдайда әлеуметтік кедергілер физикалық кедергілерден де ауыр болуы мүмкін. Сондықтан инклюзивті мәдениетті қалыптастыру балабақшадан басталуы қажет. Балалардың бір ортада тәрбиеленуі өзара сыйластықты, жанашырлықты және адамгершілікті қалыптастырады.

Бүгінде мемлекет тарапынан ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға бағытталған заңнамалық және әлеуметтік реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен ерекше балаларды қолдау бойынша жаңа заңнамалық тетіктер әзірленуде.

Жалпы алғанда, инклюзивті қоғам қалыптастыру – ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмысты талап ететін маңызды міндет. Бұл бағытта мемлекет, жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар және қоғам бірлесіп әрекет еткен жағдайда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың қабілетін дамытуға мүмкіндік беру – әлеуметтік әділеттіліктің ғана емес, елдің адами капиталының сапасын арттырудың да маңызды кепілі. Инклюзивті орта қалыптасқан қоғамда ешбір бала өзін шеттетілген сезінбейді, керісінше өз мүмкіндігін жүзеге асырып, ел дамуына үлес қоса алатын толыққанды азамат болып қалыптасады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.