Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Еңбек пен кәсіп – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуінің тиімді жолы

0 18

Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау тек жәрдемақы төлеумен немесе әлеуметтік қызмет көрсетумен шектелмеуі тиіс. Қазіргі әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар адамдардың қоғамнан оқшауланып қалмауына жағдай жасап, олардың еңбек етуіне, табыс табуына және өз қабілеттерін толық жүзеге асыруына мүмкіндік беру. Өйткені тұрақты жұмысы бар, өз кәсібін жүргізетін адам өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді. Сондықтан бүгінде елімізде ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр.

Соңғы жылдары еңбек нарығында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған мүмкіндіктер айтарлықтай кеңейді. Мемлекет жұмыспен қамту бағдарламаларын жетілдіріп, еңбекке қабілетті азаматтарды әлеуметтік тәуелділіктен белсенді өмір салтына көшіруге басымдық беруде. Бұл бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – әрбір адамның денсаулық жағдайына қарамастан еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау. Сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік қолдаудың ең тиімді түрі – азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету немесе жеке кәсіп бастауына мүмкіндік беру.

Қазақстанда бұл бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарлама табысты жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, «Күміс жас» жобасы, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және «Бастау Бизнес» бағдарламасы еңбекке орналасуға мүмкіндік беретін тиімді тетіктерге айналды. Бұл бағдарламаларға ерекше қажеттілігі бар азаматтар да белсенді қатысып келеді.

Жамбыл ауданында да халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Аудандық мансап орталығы еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастырумен қатар, оларды кәсіпкерлікке тартуға ерекше көңіл бөлуде. Нәтижесінде соңғы жылдары ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасу көрсеткіші біртіндеп өсіп келеді.

Мансап орталығының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы аудан бойынша жүзден астам ерекше қажеттілігі бар азамат түрлі жұмыспен қамту шараларына қатысқан. Олардың басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналасса, қалғандары қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына және мемлекеттік бағдарламаларға тартылған. Бұл көрсеткіш мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін аңғартады.

Жасы елуден асқан азаматтарға арналған «Күміс жас» жобасының да маңызы зор. Бұл бағдарлама арқылы тәжірибелі мамандар қайтадан еңбек нарығына оралып, өз білімін жас буынмен бөлісуге мүмкіндік алады. Ал жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары еңбек жолын бастауға үлкен қолдау көрсетіп келеді.

Сарапшылардың пікірінше, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуда кәсіпкерліктің рөлі ерекше. Себебі денсаулық жағдайына байланысты көптеген азамат үшін өз кәсібін жүргізу жалдамалы жұмысқа қарағанда әлдеқайда қолайлы. Осы мақсатта мемлекет қайтарымсыз гранттар ұсынып, кәсіпкерлік негіздерін тегін оқыту жұмыстарын ұйымдастырып келеді.

Бұл бағыттағы ең нәтижелі жобалардың бірі – «Бастау Бизнес» бағдарламасы. Бағдарлама барысында қатысушылар бизнес жүргізудің негізгі қағидаларын меңгереді, қаржылық сауаттылықты арттырады, маркетинг пен салық жүйесі жөнінде білім алады және бизнес-жоспар жасауды үйренеді.

Жамбыл ауданында бұл бағдарламаға қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Мемлекеттік грант алған азаматтардың арасында ерекше қажеттілігі бар тұрғындар да бар. Олар қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, сауда және өндіріс салаларында жеке кәсіптерін бастап, тұрақты табыс тауып отыр.

Осындай табысты мысалдардың бірі – Аса ауылының тұрғыны Мәулен Мұхан. Ол мемлекет қолдауымен «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысып, кәсіпкерлік негіздерін меңгерген. Кейін өз жобасын қорғап, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізеді. Алынған қаражатқа ауыл орталығынан шағын шаштараз ашып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады.

Бүгінде оның шаштаразы ауыл тұрғындарына тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Мәуленнің айтуынша, алғашқы кезде кәсіп жүргізу оңай болмағанымен, уақыт өте келе тұрақты клиенттері қалыптасқан. Қазір ол кәсібін кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Бұл мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін жарқын мысалдардың бірі.

Кәсіпкерлік ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тек табыс көзі ғана емес, өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай адамдар қоғамға пайдасын тигізіп қана қоймай, өзге азаматтарға да үлгі болады. Сондықтан сарапшылар кәсіпкерлікке бөлінетін гранттардың көлемін көбейту және кәсіпкерлерге кейінгі сүйемелдеу жұмыстарын күшейту қажет екенін айтады.

Жұмыспен қамту саясатының тағы бір маңызды бағыты – жұмыс берушілерге қойылатын әлеуметтік жауапкершілік. Қазақстан заңнамасына сәйкес белгілі бір мөлшердегі жұмыс орындары мүгедектігі бар азаматтарға арналуы тиіс. Бұл квота көптеген азаматтың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп келеді. Жамбыл ауданында да кәсіпорындар мен мекемелер заң талаптарын орындап, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдауда.

Жалпы алғанда, жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту – ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қоғамға бейімдеудің ең тиімді жолдарының бірі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары олардың экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, өмірге деген сенімін нығайтады. Алдағы уақытта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын жетілдіру, жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту және жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік әділетті қоғам қалыптастыруға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және елдің орнықты дамуына қызмет ететін маңызды қадам болмақ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.