Таңдаулы жаңалықтар:

Баспана салу – құрылыс саласындағы басты бағыт | Zau.kz

Шымкент қаласының білім ордаларында 125 мыңнан астам студент оқиды. Бүгінде 8 жоғары және 38 арнаулы оқу орнының студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың мәліметіне қарағанда, мегаполиске Түркістан облысының аудандары мен көрші­лес өңірлерден шамамен 75 500 жас келіп оқиды. Яғни осыншама студент жатақханамен қам­ты­луға тиіс. Қала әкімдігі осы мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастырып, ауқымды жұмыстарды қолға алып отыр.

Қаладағы 22 жатақхана 7 175 студентті қабылдай алады. Бұл дегеніңіз баспанаға мұқтаж студенттердің 9,5 пайызы ғана. Республикалық мәртебе алған мегаполис­те бүгінде тұрғындар қатары да көбейіп келеді. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанымен, баспанаға сұ­ра­ныс жалдамалы пәтер бағасының жоға­рылауына ықпал етуде. Сұраныстың артуына студенттердің де үлесі бар. Жас­тар­дың жатақханаға сұранысын қана­ғаттандыру бүгінгі биліктің назарында. Естеріңізде болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ілгеріде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін­де мемлекет-жекеменшік әріптес­тігі аясында жатақхана құрылысын қолға алуды жүктеген болатын. Студенттер үйі құрылыс арқылы іске қосылса, онда әр студент үшін бір жылға 122 айлық есептік көрсеткіш, ал егер бұл жатақхана қайта жаңғырту арқылы іске қосылса, онда 47 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді. Биыл айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2 917 теңге екенін ескерсек, жаңа жатақхана салған инвестор қабылдаған әр студенті үшін бюджеттен 355 874 теңге алады. Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың мәліметі бойынша осындай механизм арқылы Шымкент қаласында 2023 жылдың соңына дейін 4 мыңнан астам студентті орналастыруға арналған 11 жатақхана пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Нақтырақ айтсақ, биыл 1 474 орынды 4 жатақхана пайдалануға берілмек. Соның ішінде 1 100 студентті қабылдай алатын 3 жатақхана қыркүйек айында ашылды. Ал М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 374 орынды жатақханасы желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Студент үшін бас­пана ғана емес, үлкен қала тіршілігіне бейімделуіне жәрдем беретін жатақханада ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша үйірмелер, шығармашылық орталықтар мен спорт секциялары жұмыс істейді. Яғни жатақханаларда шәкірттің сапалы білім алуына қолайлы жағдайдың жасалуы басты талап десек те болады. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында: «Жатақхана – өте өзекті әрі өмірлік мәні бар мәселе», дей келе, студенттердің тұруына қауіпсіз әрі жайлы орталықтар құрылуы тиістігін айтты. «Қос дипломды бағдарламаларды, студенттердің, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамының ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлығының түрлі формасын дамыту қажет. Қазақстандық университеттердің базасында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының кампустарын ашу керек. 10 университетте академиялық басымдық деп аталатын студенттердің тұруына қауіпсіз әрі жайлы орталықтар құрылуға тиіс», деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Президент алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың орындық жатақхана салынуы тиістігін баса айтты. Осы орайда Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы үшінші мегаполисте 2022 жылы 900 орынды 2 жатақхананы, ал 2023 жылы 1 650 орынды тағы 5 жатақхана­ны пайдалануға беру жоспарланғанын мәлім етіп отыр.

Жуырда жыл басынан бергі 9 ай­дың қорытындысы бойынша қала әкімі Мұрат Әйтеновке есеп берген басқарма басшысының міндетін атқарушы М.Шо­танов 5 бағыт бойынша атқарылған жұ­мыс­тың бір бағыты жастар саясаты екенін айтып өтті. Шымкентте қазір 14-29 аралығындағы 239 986 жас бар, бүгінде олар қала халқының 22,3%-ын құ­райды. Есепті кезең бойынша 10 215 жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде уақытша жұмысқа – 4 362, бос жұмыс орындарына – 3 315, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға – 1 132, кәсіптік оқуға – 1 094, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде – 214, «Жол картасы» аясында 98 жас буын жұмысқа жолданған. Ал жұмыс істеу мен ізденуге ниеті жоқ, яғни NEET санатындағы жастар 7,3 (16 207) пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті төмендету үшін 1 332 жаспен жұмыс жүргізу көзделіп отыр. Сондай-ақ М.Шотанов волонтерлікті қолдау мақсатында Meyirim.kz электрондық қайырымды­лық порталы іске қосылғанын, қазір онда 31 қайырымдылық қоры, 19 заңды тұл­ға, 4 әлеумет­тік дүкен, 73 ерікті тір­келгенін атап өтті. Портал арқылы 3 773 мұқтаж отбасына көмек көрсетілген. Қаладағы волонтерлік ұйымдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарияларға 7 мыңға жуық азық-түлік себетін таратқан.