Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі — ұлт тәрбиесінің бастауы

0 36

«Тәрбие – тал бесіктен» дейді дана халқымыз. Ұлттың болашағы саналатын ұрпақ тәрбиесі ешқашан бір ғана мұғалімнің немесе жалғыз ата-ананың міндеті болмаған. Қай заманда да бала тәрбиесі – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Дегенмен, сол қоғамның негізін мектеп пен отбасы құрайды. Осы екі алтын діңгек бір-бірімен тығыз байланыста болғанда ғана саналы, білімді, тәрбиелі ұрпақ қалыптасады.

Бүгінде қоғам өзгерді. Технология дамыды. Ақпарат көбейді. Бірақ бала тәрбиесінің өзегі өзгерген жоқ. Ол дегеніміз – мейірім, жауапкершілік және өзара түсіністік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәрбие мен білім егіз ұғым. Білімді, еңбекқор, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деп атап өткен болатын. Расында да, мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс әлсіреген жерде баланың тәрбиесінде де бос кеңістік пайда болады. Бүгінгі таңда ұстаздардың ең жиі айтатын мәселесінің бірі – ата-ананың бала тәрбиесіне уақыт бөлмеуі. Ал атааналар тарапынан мұғалімге деген талап күшейген. Осы екі ортадағы түсіністік кейде үзіліп жатады.

Мұғалім беделі – ұлттың беделі

Бұрынғы қазақ қоғамында мұғалімнің орны ерекше еді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бекер айтылмаған. Ауыл мектебіндегі ұстазды ел болып сыйлаған кезеңдер әлі күнге жадымызда. 40 жыл ғұмырын білім саласына арнаған ардагер ұстаз Райхан Бесбай бұл туралы былай дейді:

– Бұрын ата-ана мен мұғалімнің байланысы өте мықты болатын. Оқушының тәрбиесіне қатысты мәселе туындаса, ата-ана мектепке өзі келіп, мұғаліммен ақылдасатын. Қазір уақыт басқа. Ата-ананың көбі жұмыста. Кейбірі баласының сабағын телефондағы чат арқылы ғана бақылап отыр. Бірақ ешқандай телефон баламен тікелей сөйлесудің орнын алмастыра алмайды. Балаға ең алдымен көңіл бөлу керек, – дейді ардагер ұстаз.

Расында, бүгінгі ата-ананың көпшілігі «балам тоқ, киімі бүтін болса болды» деп ойлайды. Алайда балаға материалдық жағдайдан бұрын рухани жылулық қажет. Қазіргі мектеп өмірін ата-аналар чатсыз елестете алмайды. Бір жағынан бұл – ыңғайлы. Ақпарат жедел тарайды. Бірақ кейде шынайы қарымқатынастың орнын тек хабарламалар басып кеткендей әсер қалдырады. Бүгінгі күннің жас ұстазы Абылай Оралбектің айтуынша, мұғалімнің ата-анамен ашық диалог орната білуі өте маңызды.

– Кейде ата-аналар баласының мектептегі мінезін білмейді. Үйдегі бала мен мектептегі бала екі түрлі болуы мүмкін. Сондықтан мұғалім мен ата-ана жиі сөйлесіп, бір бағытта жұмыс істеуі керек. Біз балаға білім беріп қана қоймаймыз, оның психологиялық жағдайына да алаңдаймыз, – дейді жас педагог.

Шынында да, мұғалім мен ата-ана бірін-бірі кінәлауды емес, бірін-бірі түсінуді үйренуі тиіс. Себебі екеуінің де мақсаты бір – баланың болашағы.

Баға емес, назар керек

Психолог мамандардың айтуынша, қазіргі балалардың көпшілігі эмоционалдық жалғыздықты сезінеді. Ата-ана жұмыстан қолы босамайды, мұғалімнің уақыты шектеулі. Ал бала ішкі жан дүниесін жасырып үйренеді. Білікті психолог Мира Өскембаеваның пікірінше, бала тәрбиесіндегі ең үлкен мәселе – тыңдай білмеу.

– Қазіргі балалардың көбі «мені ешкім түсінбейді» деген оймен өсіп келеді. Ата-ана баласымен күніне кемінде 20- 30 минут ашық сөйлесуі керек. Баға сұраудан бұрын көңіл-күйін сұраған дұрыс. Кейде балаға ақыл емес, жай ғана тыңдайтын адам қажет, – дейді маман.

Расымен, баланың жүрегіне жол табу үшін көп нәрсе қажет емес. Бір ауыз жылы сөздің өзі кейде үлкен өзгеріске себеп болады. Қазақта: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бестен кейін досыңдай сырлас» деген даналық бар. Бүгінде осы сөздің мәнін терең түсінудің маңызы артып келеді. Себебі қазіргі ұрпақ бұрынғыдан өзгеше. Олар бұйрықты емес, түсіністікті қалайды. Көп жағдайда үлкендер бала тәрбиесі жайлы өзара пікір таластырып жатады. Бірақ сол тәрбиенің ортасында жүрген оқушының ойын тыңдай бермейміз. Ал шын мәнінде бала жүрегіндегі сезім бәрінен маңызды. Тараз қаласындағы мектептердің бірінде оқитын 9-сынып оқушысы Аружан Әлидің пікірі көп нәрсені аңғартады:

– Кейде ата-аналар бізді түсінбейді деп ойлаймын. Олар тек сабағымызды, бағамызды сұрайды. Ал көңілкүйімізді, не ойлайтынымызды сұрай бермейді. Мұғалімдер арасында да өте жақсы түсінетіндері бар. Кейде сынып жетекшіммен сөйлескеннен кейін жеңілдеп қаламын. Меніңше, ата-ана мен мұғалім бірігіп жұмыс істесе, бала өзін жалғыз сезінбейді, – дейді оқушы.

Оқушының осы бір қарапайым пікірі бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселені көрсетіп тұрғандай. Баланың жан дүниесін түсіну – тәрбие жұмысының ең басты тетігі.

Тәрбие тал бесіктен басталады

Қазақ халқы ешқашан тәрбиені білімнен бөліп қарамаған.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әбу Насыр әл-Фарабидің сөзі ғасырлар өтсе де маңызын жойған жоқ. Бүгінде мектеп тек білім беретін орын ғана емес, ол – тұлға қалыптастыратын орта. Ал сол ортадағы ең үлкен күш – ұстаз бен ата-ананың бірлігі. Өкінішке қарай, қазіргі таңда кей атааналар бала тәрбиесін толықтай мектепке ысыра салғысы келеді. Ал кей жағдайда мұғалімдер де барлық жауапкершілікті ата-анаға артып жатады. Осындай кезде екі ортада қалған бала психологиялық қысымға ұшырайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырыстарының бірінде: «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағын айқындайтын аса маңызды мәселе», – деп атап өткен болатын.

Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Себебі бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тағдырын ұстайтын азамат. Қазіргі қоғамда бала тәрбиесіне әсер ететін фактор өте көп. Телефон, әлеуметтік желі, интернет, түрлі ақпарат ағыны – барлығы бала санасына ықпал етеді. Осындай кезеңде мектеп пен ата-ананың байланысы бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Ұстаз баланың мектептегі тәртібін бақыласа, ата-ана үйдегі тәрбиесіне жауапты. Екеуі бір бағытта жұмыс істегенде ғана нәтиже болады.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.