Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Бала құқығын қорғау – қоғамның ортақ міндеті

0 26

Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Иниятқызы Мырза-Ғали Тараз қаласы мен аудандық білім бөлімдерінде қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын мамандармен жұмыс кездесуін өткізді. Басқосудың негізгі мақсаты – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру, сала мамандарының кәсіби тәжірибесін жетілдіру және қорғаншылық пен қамқоршылық қызметінде кездесетін өзекті мәселелерді талқылау болды.

Кездесуге Тараз қаласы мен аудандық білім бөлімдерінің қорғаншылық және қамқоршылық саласына жауапты мамандары қатысып, өздерінің күнделікті жұмыс барысында кездесетін түйткілді мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмысты жетілдіру, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелері кеңінен сөз болды.

Жиын барысында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екені ерекше атап өтілді. Әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруге, сапалы білім алуға, денсаулығын сақтауға, толыққанды дамуға, өз ойын еркін айтуға және зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен қорғалуға құқығы бар екені айтылды. Бұл құқықтардың сақталуы тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ең алдымен отбасының, ата-ананың және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені назарға алынды.

Кездесу барысында сала мамандары балалардың құқықтарын қорғау саласында туындайтын өзекті мәселелерге тоқталып, тәжірибе алмасу аясында нақты ұсыныстарын білдірді. Әсіресе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау, қорғаншылық пен қамқоршылық рәсімдерін жетілдіру, асырап алушы және патронаттық отбасыларды сүйемелдеу, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту мәселелері көтерілді. Сондай-ақ балалардың мүддесіне қатысты сот процестерінде құқықтық сүйемелдеуді жетілдіру, құжаттарды рәсімдеу кезінде бірыңғай тәсіл қалыптастыру және заңнамалық өзгерістерді тұрақты түсіндіру қажеттігі айтылды.

Қатысушылардың пікірінше, бүгінгі таңда бала құқығын қорғау тек құқықтық мәселе ғана емес, ол тәрбиемен, отбасы институтымен, әлеуметтік қолдаумен және қоғамдық жауапкершілікпен тығыз байланысты. Себебі бала ең алдымен өз отбасында тұлға ретінде қалыптасады. Отбасындағы мейірім мен сыйластық, ата-ананың қамқорлығы мен жауапкершілігі баланың психологиялық дамуына, дүниетанымының қалыптасуына және қоғамға бейімделуіне тікелей ықпал етеді.

Жиында ана құқығын қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ана мен баланың құқықтары бір-бірімен тығыз сабақтас екені айтылып, анаға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының бала әл-ауқатына тікелей әсер ететіні сөз болды. Мемлекет тарапынан көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау, жалғызбасты аналарға әлеуметтік көмек көрсету, ана мен баланың денсаулығын сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Қатысушылар ананың құқықтары қорғалған қоғамда баланың да құқықтары толық сақталатынын атап өтті.

Сондай-ақ отбасы институтын нығайту мәселесі кеңінен талқыланды. Отбасы – ұлттық құндылықтардың, адамгершілік қасиеттердің және тәрбиенің алғашқы мектебі. Бала ата-анасының қарым-қатынасына қарап өседі. Сондықтан ата-ананың өзара сыйластығы, жауапкершілігі, еңбекқорлығы мен парасаттылығы жас ұрпақтың болашақ өміріне тікелей әсер етеді. Әсіресе бала тәрбиесінде әке мен ананың рөлін қатар дәріптеу, олардың ортақ жауапкершілігін күшейту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі екені айтылды.

Кездесу барысында буллингтің, кибербуллингтің, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балаларға қатысты қатыгездік пен немқұрайдылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жетілдіру мәселесі де көтерілді. Мамандар білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелері арасында өзара ақпарат алмасуды күшейту қажеттігін айтты. Баланың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген жағдайға дер кезінде әрекет ету үшін барлық мемлекеттік құрылымдардың үйлесімді жұмысы маңызды екені атап өтілді.

Жиын барысында қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Осы бағытта сот және прокуратура органдарының, адвокаттар қауымдастығының, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің қатысуымен арнайы семинарлар, тәжірибелік оқыту курстары және құқықтық түсіндіру кездесулерін тұрақты ұйымдастыру ұсынылды. Бұл мамандардың заңнамалық өзгерістерден хабардар болуына және нақты жағдайларда тиімді шешім қабылдауына мүмкіндік беретіні айтылды.

Жиын соңында балалардың құқықтарын қорғау – тек мемлекеттік органның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені ерекше атап өтілді. Әрбір бала қауіпсіз, бақытты және мейірімді ортада өмір сүруге лайық. Ал мұндай ортаны қалыптастыру ең алдымен отбасындағы дұрыс тәрбиеге, ата-ананың жауапкершілігіне, ана мен әкенің өзара түсіністігіне және қоғамның қолдауына байланысты. Бала құқығының сақталуы – елдің болашағына салынған инвестиция, ал отбасы құндылықтарын нығайту – ұлттың рухани тұтастығы мен тұрақты дамуының кепілі.

Мұндай кездесулер сала мамандарының тәжірибе алмасуына, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге және балалардың құқықтарын қорғау жүйесін заман талабына сай жетілдіруге мүмкіндік береді. Ортақ мақсат – әрбір баланың құқығы толық қорғалған, әрбір ананың әлеуметтік қолдау тапқан, әрбір отбасының берекесі мен бірлігі нығайған әділетті қоғам қалыптастыру.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.