Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Әке – бала тәрбиесінің темірқазығы

0 29

Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында Әкелер күніне орай «Әкенің қоғамдағы және отбасы тәрбиесіндегі рөлі» атты облыстық конференция ұйымдастырылды. Тағылымды шараның басты мақсаты – қоғамдағы әке мәртебесін көтеру, отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігін кеңінен насихаттау болды. Конференцияға мемлекеттік мекеме өкілдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, білім саласының мамандары, ардагерлер, жастар және облыстың барлық аудан-қалаларынан келген үлгілі әкелер қатысты.

Кеш шымылдығы айтыскер ақын Дидар Апбасовтың әкелерге арналған жүрекке жылы арнау әнімен ашылып, жиынға ерекше рухани әсер сыйлады. Әке тұлғасын ұлықтайтын әсерлі туынды көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, конференцияның мазмұнын айшықтай түсті.

Конференция модераторы, «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Дамира Сүгірбай қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, бүгінгі таңда отбасы құндылықтарын сақтау мен ұрпақ тәрбиесіне қоғам болып атсалысудың маңызы ерекше екенін атап өтті. Ол мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, отбасы мәселелерін жан-жақты талқылауға және әкелердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Жиында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Төрегелдиев пен облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы құттықтау сөз сөйлеп, отбасының беріктігі – мемлекеттің тұрақты дамуының басты негіздерінің бірі екенін айтты. Олар бала тәрбиесінде әкенің орны ерекше екенін, әке тек отбасының асыраушысы ғана емес, баласына бағыт-бағдар беретін, өмірлік ұстанымын қалыптастыратын тұлға екенін атап өтті. Сонымен қатар ұлттың болашағы тәрбиелі ұрпаққа байланысты екеніне тоқталып, әрбір әкені отбасындағы жауапкершілігін терең сезінуге шақырды.

Конференция барысында облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев «Әке – отбасының тірегі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Оның айтуынша, баланың тұлға болып қалыптасуына ең алдымен отбасы ықпал етеді. Ал мектеп пен қоғам сол тәрбиені толықтырып, дамыта түседі. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-ананың бірлігі, әсіресе әкенің өнегелі ісі мен парасатты сөзі үлкен рөл атқарады. Баяндамашы ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, дастарқан мәдениетін сақтау, отбасындағы өзара сыйластықты нығайту арқылы жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңірудің маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар жастарды діни экстремизм, нашақорлық, лудомания, буллинг, интернетке тәуелділік секілді зиянды құбылыстардан қорғауда әкенің жауапкершілігі арта түскенін айтты.

Өз кезегінде «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы Бақыт Әлмұратов «Заманауи қоғамдағы әке бейнесі: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі отбасы институтының алдында тұрған өзекті мәселелерге тоқталды. Ол соңғы жылдары ажырасу деңгейінің артуы, жастардың кеш некеге тұруы, демографиялық және әлеуметтік өзгерістердің отбасы тұрақтылығына әсер етіп отырғанын айтты. Бұл мәселелердің негізгі себептері ретінде қаржылық қиындықтарды, жауапкершіліктің төмендеуін, ұлттық құндылықтардың әлсіреуін және қоғамдағы өмір салтының өзгеруін атады. Сонымен қатар қазіргі әкелер заман талабына сай баламен ашық сөйлесе білетін, оның ішкі жан дүниесін түсінетін әрі үлгі болатын тұлғаға айналуы қажеттігін атап өтті.

Облыстық тілдерді оқыту орталығының бөлім басшысы Ринат Нұрақбаев қазақ халқының тәлім-тәрбиесіндегі әке тәрбиесінің орны туралы ой қозғап, ұлттық дүниетанымдағы әке өнегесінің тәрбиелік мәніне тоқталды. Ал Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің Шерхантану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD доктор Айнұр Кембаева қазақ әдебиетіндегі әке бейнесінің көркемдік әрі тағылымдық ерекшеліктеріне тоқталып, әдеби шығармалардағы әке тұлғасының жас ұрпаққа берер өнегесі мол екенін мысалдар арқылы баяндады.

Жиын барысында сөз алған қатысушылар отбасы – адам өміріндегі ең қасиетті құндылықтардың бірі екенін атап өтті. Отбасында қалыптасқан мейірім, сыйластық, өзара түсіністік пен жауапкершілік баланың болашақ өміріне тікелей әсер етеді. Бала ең алдымен ата-анасының қарым-қатынасына қарап өседі. Әкенің еңбекқорлығы, әділдігі, сабырлылығы мен қамқорлығы баланың мінез-құлқының қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан әкенің әрбір әрекеті мен сөзі тәрбиенің маңызды құралы саналады.

Тағылымды шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – облыстың барлық аудан-қалаларынан ұсынылған үлгілі әкелерді марапаттау рәсімі болды. Әрбір қатысушының өнегелі өмір жолы арнайы дайындалған бейнеролик арқылы таныстырылып, олардың отбасы мен қоғам алдындағы еңбегі жоғары бағаланды. Отбасында қамқор әке, қоғамда белсенді азамат ретінде танылған азаматтар «Мейірімді әке», «Қамқор әке», «Өнегелі әке», «Қайсар әке», «Еңбекқор әке», «Парасатты әке», «Ұлағатты әке», «Өнерлі әке», «Белсенді әке», «Көшбасшы әке» және «Үлгілі әке» номинациялары бойынша марапатталып, арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Конференция қорытындысында қатысушылар отбасы құндылықтарын сақтау, әке беделін арттыру және ұлттық тәрбиені нығайту бағытындағы мұндай игі бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Өйткені берік отбасы – қуатты мемлекеттің негізі, ал саналы ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әкенің өнегесі мен тәрбиесі ұлттың рухани болашағын айқындайтын ең маңызды құндылықтардың бірі болып қала береді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.