Таңдаулы жаңалықтар:

АРНАЙЫ ТЕХНИКАЛАРДЫҢ ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Шымкентте қысқа дайындық жұмыстары басталып кеткен. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Айманбетов қысқы мезгілге арнайы техникалардың дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС базасына барып, аудан әкімдерімен және мекеме басшылары, жауапты мамандармен жиын өткізді. «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС — Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандарына бекітілген мекеме.

Қала әкімінің орынбасары әр ауданға қажетті техникалардың болуына көз жеткізді. Қар күреу жол сызықтарында бағыттардың уақыты, техника саны көрсетілмегенін айтып, жолаяқтарды уақтылы тазалау үшін арнайы техника-трактор щеткалардың және қоспаларды шашудың өзіндік бағыттары болуы керектігін ескертті.

Құм мен тұз қоспасының сапасы — 1кг тұзға 3 кг құм болу талабының орындалуын, барлық техникалардың арнаулы лого-жазулармен жабдықталуын, қар шығарған кезде арнайы көліктердің барып келу сызбасы жасалып, соған сәйкес жұмыс істелуін тапсырды.

Үш ауданда да арнаулы қар жинақтау полигондарының жасалуы, жанар май қоры, жүргізушілер мен жол жұмысшылар саны жеткілікті болуы, қар күреу күректерін ретке келтіру жөнінде нұсқау берді.

Сонымен қатар, М.Айманбетов қысқы маусымда шалғай орналасқан елдімекендерде де әлеуметтік нысандарға барар жолдардың қардан дер кезінде тазаланып отыруын, оған қажетті техникаларды жабдықтап, көлік бағыттарының уақытын, ара қашықтығын және тиісті қаражат мөлшерін анықтап өтініш беруді аудан әкімдеріне жүктеді.

Ең басты талап – қар жауған сәттерде қала тұрғындары қажетті жерлеріне кептеліссіз жетуіне жағдай жасау, таңғы қызу қозғалыс басталғанға дейін жолдарды қардан дер кезінде тазарту екендігін нықтап айтты.