Әлеуметтік саланы қолдау – қоғам тұрақтылығының кепілі
Жамбыл облысында отбасы институтын нығайту, әйелдер мен жастарды қолдау, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жан-жақты көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы міндеттердің алдыңғы шебінде тұрған мекемелердің бірі – Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы. Бүгінде бұл орталық өңірдегі әлеуметтік саясатты іске асыратын негізгі ұйымдардың біріне айналып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді жобаларды жүзеге асыруда.
Соңғы бірнеше жыл ішінде орталықтың қызмет аясы айтарлықтай кеңейді. Бұрын тек жекелеген әлеуметтік мәселелермен айналысқан мекеме бүгінде отбасы институтын дамыту, әлеуметтік қолайсыздықтың алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға кешенді көмек көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, жастар мен әйелдердің әлеуетін арттыру бағытында кең көлемде жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар аудандық және қалалық отбасын қолдау орталықтарының қызметін үйлестіру, олардың тиімділігін арттыру, әлеуметтік жобаларды әзірлеу және іске асыру, мониторинг жүргізу секілді ауқымды міндеттерді атқаруда.
Орталық мамандары күн сайын түрлі санаттағы азаматтармен жұмыс істейді. Олар әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсетіп қана қоймай, азаматтардың өмірлік қиындықтарын еңсеруге нақты қолдау білдіреді. Бұдан бөлек, оқу-ағарту бағдарламалары, тренингтер, семинарлар ұйымдастырып, қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды бастамаларды жүзеге асырады.
Мұндай жауапты қызмет жоғары кәсіби дайындықты ғана емес, үлкен психологиялық төзімділікті де талап етеді. Себебі әлеуметтік қызметкерлер күн сайын түрлі тағдырлармен бетпе-бет келіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, отбасылық жанжалдардың, әлеуметтік теңсіздіктің, психологиялық күйзелістің салдарын еңсеруге көмектеседі. Сондықтан олардың еңбегі ерекше құрметке лайық.
Алайда атқарып отырған жұмыстың маңыздылығы мен күрделілігіне қарамастан, орталық қызметкерлерінің еңбекақысы әлеуметтік саладағы өзге ұйымдармен салыстырғанда едәуір төмен деңгейде қалып отыр. Оның негізгі себебі – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысымен бекітілген еңбекақы төлеу жүйесінің 6-қосымшасында көзделген еңбек жағдайлары үшін берілетін үстемақылар мен қосымша төлемдердің бұл мекеме қызметкерлеріне қолданылмауы.
Нәтижесінде орталық мамандары атқаратын қызметінің күрделілігі мен жауапкершілік деңгейі өзге әлеуметтік мекемелердегі әріптестерімен шамалас болғанымен, олардың жалақысы орта есеппен 40 пайызға дейін төмен болып отыр. Бұл жағдай кадрлардың тұрақтылығына тікелей әсер етуде. Тәжірибелі мамандардың басқа ұйымдарға ауысуы жиілеп, жас кадрларды жұмысқа тарту қиындаған. Ал қызметкерлердің материалдық ынталандырылуының төмендігі әлеуметтік қызмет сапасына да ықпал етуі мүмкін.
Әлеуметтік саланың тиімділігі ең алдымен осы салада еңбек ететін мамандардың кәсібилігіне байланысты екені белгілі. Сондықтан олардың әлеуметтік қорғалуын күшейту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болуы тиіс. Осы мәселе Жамбыл облысы мәслихаты депутаттарының да назарынан тыс қалған жоқ. Биылғы 9 сәуірде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің атына жолданған №40 депутаттық сауалда орталық қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына 30 пайыз көлемінде қосымша коэффициент енгізу арқылы еңбекақысын жергілікті бюджет есебінен арттыру мәселесін қарастыру ұсынылған.
Бұл бастама кездейсоқ көтеріліп отырған жоқ. Өйткені әлеуметтік қолдау көрсету жүйесінің тиімділігі ең алдымен ондағы мамандардың тұрақтылығына, кәсіби әлеуетіне және еңбекке деген ынтасына байланысты. Қызметкерлердің еңбекақысын көтеру кадр тапшылығының алдын алып қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, жаңа мамандарды тартуға және тәжірибелі қызметкерлерді сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл мәселе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет жанындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2025 жылғы 25 желтоқсандағы хаттамасында белгіленген тапсырмаларды орындаумен де сабақтас. Құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, отбасы институтын нығайту бағытындағы жұмыстарда дәл осы әлеуметтік орталықтардың рөлі ерекше екені құжатта атап көрсетілген.
Осыған байланысты 2026 жылдың маусым айынан бастап «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына 30 пайыз мөлшерінде қосымша коэффициент енгізу ұсынылып отыр. Бұл өзгерісті жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қарастыру қажет. Есептеулерге сәйкес, аталған мақсатқа жеті айға 12 миллион 360 мың теңге, ал алты айға 10 миллион 595 мың теңге көлемінде қаржы қажет.
Әлеуметтік сала – қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқатының негізі. Отбасылардың берекесін сақтап, қиын жағдайда қалған азаматтарға қолдау көрсетіп жүрген мамандардың еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Сондықтан «Анаға тағзым» орталығы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру мәселесі тек жалақыны көбейту ғана емес, өңірдегі әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсартуға, халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтуға және әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.