Таразда есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу, нашақорлықпен күресті күшейту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. Осы міндеттерді іске асыру аясында Тараз қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы шеңберінде есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, оның таралуына жол бермеу және жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту бағытында кешенді шаралар атқарылуда.
Тараз қаласы полиция басқармасының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы 9 айында шаһар аумағында есірткіге қатысты 117 құқықбұзушылық анықталған. Оның 77-сі қылмыс санатына жатса, 40 дерек қылмыстық теріс қылық ретінде тіркелген. Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау, оны таратуға қатысы бар тұлғаларды жауапкершілікке тарту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде есепті кезеңде заңсыз айналымнан жалпы көлемі 142 келі 411 грамм 46 миллиграмм түрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 3 келі 80 грамм 83 миллиграмм гашиш, 17 грамм 59 миллиграмм героин, 135 келі 793 грамм 2 миллиграмм марихуана, 1 келі 234 грамм 94 миллиграмм каннабис өсімдігі, 63 грамм 68 миллиграмм каннабис шайыры және 2 келі 221 грамм 14 миллиграмм синтетикалық есірткі бар.
Есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау және олардың таралу арналарын тоқтату бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл ретте құқық қорғау органдарының жедел-іздестіру шараларымен қатар, есірткі қылмысының алдын алуға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамда есірткіге қарсы көзқарас қалыптастыруға ерекше мән беріледі.
Сонымен қатар есірткі заттарын насихаттау мен заңсыз жарнамалауға қарсы іс-қимыл күшейтілген. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес есірткі және психотроптық заттарды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау фактілері бойынша 5 қылмыстық іс тіркелген. Мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу, әсіресе интернет кеңістігі мен қоғамдық орындар арқылы есірткінің таралуына тосқауыл қою – маңызды міндеттердің бірі.
Шаһар аумағында есірткі заттарын жарнамалайтын 152-ден астам граффити жазуы анықталып, өшірілді. Сонымен бірге мұндай жазулардың қайта пайда болуына жол бермеу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар қала көшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық кеңістікті заңсыз жарнамадан тазартуға және тұрғындардың, әсіресе жастардың есірткіге қатысты теріс ақпаратқа ұшырауын азайтуға бағытталған.
Есірткі қылмысының қаржылық тетіктерін анықтау және заңсыз табыстардың қозғалысын шектеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Осы бағытта «Антифрод» жүйесі арқылы тиісті шаралар қабылданып, банктік шоттарды бұғаттау үшін 1 144 шот енгізілген. Ал жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде бұғатталған заңсыз қаражат көлемі 5 526 615,01 теңгені құрады.
Заңсыз есірткі айналымымен күресте қаржылық операцияларды бақылау маңызды рөл атқарады. Өйткені мұндай қызметтен түсетін қаражаттың қозғалысын анықтау және оған тосқауыл қою есірткі саудасының экономикалық негізін әлсіретуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының қаржылық ұйымдармен және тиісті мекемелермен өзара іс-қимылының маңызы зор.
Есірткі қылмысына қарсы күреспен қатар, оның алдын алу шараларын жүйелі жүргізу де өзекті. Әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың зияны, есірткі заттарын тұтынудың денсаулыққа тигізетін кері әсері және заңсыз айналымға қатысудың құқықтық салдары туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты өткізу қажет. Білім беру ұйымдарында кездесулер ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттары болып саналады.