Мал дәрігерінің міндеті ешқашан өзгермейді
Өрнек ауылдық округіне қарасты Жарлысу ауылы – бірлігі жарасқан, ынтымағы мен берекесі арқау болған мекен. Кез келген ауылдың айнасы – ондағы адамдар. Жарлысу да дәл солай: мұнда қарапайым еңбегімен елдің дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдары көп. Қаладағы даңғаза мен жарық шамдарға еліктемей, туған жердің топырағына адал еңбек сіңіріп жүрген жандардың арқасында ауылдың тұрмысы да түзеліп, еңсесі биіктеп келеді. Солардың бірі – білікті мал дәрігері, ауылдастары құрметпен атайтын Нұрлыхан Тұрсынбайұлы Елубаев.
Балалық шақтағы арман
Нұрлыханның балалық шағы ауыл өмірімен тығыз байланысты өтті. Бала кезінен-ақ ол ауыл тіршілігінің қыр-сырына қанығып өсті. Әкесі Тұрсынбай қария қарапайым еңбек адамы болса да, баласына «Еңбек – елдің тірегі» дегенді үнемі айтып отыратын. Әке өнегесі ұрпаққа ізгілік дәнін себетіні анық қой. Кішкентай Нұрлыхан да сол тәрбие арқылы малға жанашыр, еңбекке адал болып қалыптасты.
Қазақ ауылында төрт түлік – тұрмыс тірегінің басты кепілі. Жем-шөбін қамдап, малын күту – күнделікті шаруа. Бірақ ең бастысы – малдың амандығы. Бір малдың індетке ұшырауы бүкіл табынға қауіп төндіретінін ауылдағы әрбір адам жақсы біледі. Осындай жауапкершілікті сезінген бала Нұрлыхан ерте жастан-ақ мал дәрігері болуды армандады.
Арманға жетелеген білім жолы
1986 жылы ол Құлан зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумына оқуға түсіп, бала күнгі мақсатын жүзеге асырудың алғашқы қадамын жасады. Армандаған мамандығына жақындай түскен жас жігіттің қуанышы шексіз еді. Оқудың арасында екі жыл әскерге аттанып, азаматтық борышын өтеп қайтты. Бұл да оның өмір мектебі болды. Әскерден шынығып келген Нұрлыхан оқуын жалғастырып, 1992 жылы көптен күткен дипломын қолына алды.
Сол жылы-ақ «Алғабас» кеңшарының ірі қара фермасына мал дәрігері болып жұмысқа орналасты. Қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап-ақ өз ісіне адал екенін көрсетті. Кеңшардағы әрбір малдың жағдайын қадағалап, ауру-сырқаудың алдын алу үшін күн-түн демей еңбек етті.
Кеңшардан округке дейін
Кеңшарлар тарап, ауылдық округтер құрылып жатқан күрделі кезеңдер де Нұрлыхан үшін жаңа сынақ болды. Бірақ құрылым өзгерсе де, мал дәрігерінің жұмысы ешқашан тоқтамайтыны белгілі. Ол әуелі «Есім би» шаруа қожалығында мал отарларының амандығына жауапты болды. Кейіннен бүкіл округтің мал дәрігері атанды.
Қай кезде де оның қолында қобдишасы, ішінде түрлі дәрі-дәрмек, құрал-саймандары жүреді. Шұғыл шақырту түсе қалса, бірден атқа қонып не көлігіне отырып, мал иесінің қасына жетіп барады. Қаладағы дәрігерлердей қабылдау уақыты жоқ, оның уақыты – ауылдағы малдың жай-күйімен өлшенеді.
Мал амандығы – ел ырысы
Бүгінде округ бойынша 75 мыңнан аса қой, жыл сайын өсіп келе жатқан жылқы мен сиыр малы бар. Осынша түліктің амандығын сақтау – үлкен жауапкершілік. Бұл жолда Нұрлыхан Тұрсынбайұлы тынымсыз еңбек етіп келеді. Малдарға уақытылы екпе жасау, індеттің алдын алу, ауырған малды дер кезінде емдеу – оның күнделікті жұмысы.
Өз сөзінде ол былай дейді:
«Ауылдық округ бойынша біз 13 мал дәрігерміз. Жұмысымыз ешқашан тоқтамайды. Уақытқа қарамаймыз. Мал иесі түн ортасында хабарласса да, міндетті түрде барамыз. Өйткені малдың амандығы – елдің амандығы. Бір малды сақтап қалу – тұтас бір отбасының ризық-несібесін қорғау деген сөз. Біз төрт жыл бойы осы кәсіптің қыр-сырын үйрендік, енді халыққа қызмет етпеуге қақымыз жоқ».
Ауыл ақсақалы Серік Жүндібаев та оның еңбегін жоғары бағалайды:
«Жарлысуда малдың саны жылдан-жылға артып келеді. Тұяқты малдан кінәрат тапсақ, бірден Нұрлыхан Елубаевты шақырамыз. Ол ешқашан кешіктірмей келеді, ауруды дәл тауып, емін жасап береді. Қолы жеңіл, білімі терең маманға ауыл халқы дән риза», – дейді ол.
Отбасының жылуы
Еңбек адамының тіршілігі бір қырынан қызметімен өлшенсе, екінші қырынан отбасының берекесімен бағаланады. Нұрлыхан бүгінде асыл жары Құралай екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Балаларының ішінде Айтбек Тұрсынбай есімі республикаға белгілі айтыс ақыны ретінде танылып, әке еңбегіне ерекше құрмет қосуда.
Жетпіс жыл бойы еңбек еткен, қазір тоқсанға жақындаған әкесі Тұрсынбай қария да ұлының еңбегіне разы. Қарттың айтуынша, «Еңбекпен тапқан абырой – ең үлкен байлық». Нұрлыхан ата-анасына қамқор, әкесінің әрбір жағдайын жасап отырғаны – ауыл адамдарына өнеге.
Марапат пен мерей
Жылдар бойы үздіксіз еңбек еткен Нұрлыхан Елубаев түрлі марапаттарға да ие болды. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – ауыл халқының алғысы. Әрбір жазылған мал, әрбір аман қалған төл – оның абыройын арттыра түседі. Ол үшін малды аман сақтап қалу – ауылдың тұрмысын жақсартудың ең сенімді жолы.
Адал еңбектің абыройы
Жарлысу ауылының тыныс-тіршілігі, ондағы халықтың бірлігі мен еңбексүйгіштігі – нағыз қазақ ауылының айнасы. Сол ауылдың бір перзенті – Нұрлыхан Елубаевтың ғұмыры еңбекпен өрілген. Оның еңбегі бізге бір ғана ақиқатты ұқтырады: адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды.
Ауылдың әрбір малын өз малындай көріп, түн ұйқысын төрт бөліп жүріп еңбектенген жан – нағыз халық қызметшісі. Оның өмір жолы жас ұрпаққа үлкен өнеге болары сөзсіз.