«10 жыл араққа тәуелді болды»: Илья Ильин Алмас Өтешовтің маскүнемдіктен емделіп жатқанын айтты
Отандық зілтемірші Илья Ильин Рахим Ошақбаевқа берген сұхбатында Алмас Өтешовпен қарым-қатынасы, қазіргі хәл-жайы қандай екенін айтты.
Илья Ильин ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешовтың жақын досы екенін айтып, оның ұзақ жылдар бойы ішімдікке салынғанын айтқан.
«Алмас — менің досым, кезінде бірге жаттыққанбыз, командада болып, мені қолдаған жандардың бірі. Бір уақытта бәріне қиын болатын сәт болады. Әрине, оның осындай күйге түскені аянышты. 10 жыл бойы ол ішімдікке үйір болды. Көп шындықты айтты. Реніштері де бар, оның жан дүниесіндегі айқайды қоғамның естігенін қалады. Ол қазір клиникада емделіп жатыр. Жағдайы жақсы. Қоғам оған барын берді, көмектесті, бірақ ол көтере алған жоқ. Ол ақылға келіп, ішімдік ішуден бас тартса — бұл біздің жеңісіміз болар еді. Жақын күндері ем қабылдап болған соң бейнежазбаға түсіріп, жариялайтын боламын», — деді спортшы.
Еске салайық, Алмас Өтешов бұған дейін «Уақыт көрсетеді» ютуб-каналына берген сұқбатында елімізде чемпиондар жиі елеусіз қалатыны жайында айтқан. Сонымен қатар, отбасылық мәселелері мен мойнындағы қарыздың көптігі жайында айтып, халықтан көмек сұраған еді.