Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Жамбылда ішімдіктен бастартқан 23 ауыл бар

0 29
Қазақстанда әрбір бесінші қылмыс мас күйде жасалады дейді статистика. Бұл қылмыс санына шаққанда жылына ішімдік ішкендердің қатысуымен 20 мыңдай қылмыс тіркеледі деген сөз. Сондай-ақ ішімдік ішілген жерде дау-жанжалдың ере жүретіндігі тағы белгілі. Ендеше, арақ ішілетін әрбір отбасында отбасылықтұрмыстық зорлық-зомбылық орын алып жатыр деуімізге толық негіз бар.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, елімізде арақпен күресте жеңіске жеткендердің көшін Түркістан облысы бастап тұр. Өйткені аталған өлкеде «ащы» сумен қош айтысқан ауылдардың саны жыл санап артып келеді.

Нақтылар болсақ, мұнда жыл басынан бері барлығы 66 ауыл ішімдіктен алшақтаған. Бұл ішімдіксіз ауылдар саны 2024 жылғы көрсеткіштен екі есе көп екенін көрсетеді. Сарапшылардың есебінше, Түркістан – алкогольді сусындарды ең аз ішетін өңір болса, керісінше көп тұтынатын облыс – Ақмола. Мұндағы арақ ішуден көрсеткіш Түркістан облысынан 20 есе көп. Яғни, бізбен көршілес облыста 5 адам «ащы» су ішсе, Ақмолада 100 адам қажетсіз сусынды пайдаланады. Ақмолада 15 жастан асқан тұрғындардың әрқайсысы жылына 6 литр ішімдік ішетіні анықталған. Алла Елшісі Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) үмбеттеріне көптеген ескерту айтқанын есімізден шығармағанымыз абзал. «Арақ күнәлардың ең үлкені, барлық жамандықтың, барлық күнәнің анасы», – депті Пайғамбарымыз.

Олай болса, арақ ешқандай ақтап алуға жатпайтын, датталған аты жақсы істердің ішінде ешқашан талқыланбайтын жамандықтың нақ өзі десек, артық айтпаймыз. Осы жерде «тентек суға» тосқауыл қою ісінде құзырлы мекемелердің қызметкерлерімен һәм қоғам белсенділері атанған зиялы қауым өкілдерімен бірге алғы шепте жүрген жандардың қатарына облыстық, аудандық және ауылдық жерлердегі имамдарды қосып, атқарып жатқан тірліктерін атап өтуге тиіспіз. Әйтпесе, өз кәсібінің мол қаржы түсіретін көзі есебінде арақ-шарап сатуды құп көретін кәсіпкерлерді содан саналы түрде бас тартуға ешкім де көндіре алмас еді.

Осы орайда Жуалы ауданының имамы Ғалымжан Қонақбаевқа сауал қойған едік.

«Бұл тақырып таяуда ғана облыс орталығындағы «Достық» үйінде өткізілген «Заң мен тәртіп – Әділ қоғам» облыстық ардагерлер форумында сөз болды. Жалпы, ішімдікпен күрес мәселесі біздің өңірде де өз шешімін тауып келеді. Мысалы, бұдан 4-5 жыл бұрын, мен Сарысу ауданының имамы болып жүрген кезімде аталған ауданның Ұзақбай Сыздықбаев және Ақтоғай ауылдарында арақ сату тоқтатылған болатын. Сондай-ақ Жаңатас қаласы мен Байқадам ауылында орналасқан бірнеше азық-түлік дүкендері спирттік ішімдіктерді сатудан бас тартқан. Қазір осындай бастамаға Қордай, Шу аудандарының қосылып жатқаны көңіл қуантады. Жоғарыда сөз еткен жиында Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылының ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаевтың жүйелі жүргізген жұмысының нәтижесінде аталған ауылда екі жарым жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмегендігі жөнінде мысал айтылса, төрағаның осы үшін ел Президентінің атынан Алғыс хат алғандығы үлгі етілді. Енді Жуалы ауданы туралы айтар болсам, жалпы аудан бойынша әзірге отты судан бас тартқан бірде-бір ауыл табылмай тұрғанымен, мұнда да арақ-шарап сатудан бас тартқан азық-түлік дүкендері бұрында да болған, қазір де баршылық. Мысалы, өзім соңғы рет орталық мешітке жақын жерде орналасқан «Айзере» дүкен иесінің арақ сатпауға шешім қабылдағанына куә болдым. Сондай-ақ нақты уақытта Билікөл ауылдық округіне қарасты Жылыбұлақ ауылындағы бір дүкеннің және Қарабастау ауылындағы бір дүкеннің халал сауда жасап жатқандығын білемін», – деді.

Әрине, бұған ішімдіксіз ауыл қатарындағы Талас ауданындағы Ойық ауылдық округін қосуға болады. Арақпен достасқаның – адамдықпен қоштасқаның. Арақ – саналылардың санасыз жауы. Ол – біздің ұлттық салтсанамызға, дәстүрлі тұрмысымыз бен дастарханымызға жат дүние. Біз облыстық «Һибатулла Тарази» мешітіне де бас сұққан едік. Сондағы мамандардың бізге берген төмендегі мәліметіне сүйенсек, облысымызда қазір спирттік ішімдіктерді сатудан һәм пайдаланудан бас тартқан 23 ауыл бар. Бұл әрине құптарлық іс. Келешекте осындай салауатты өмір салтын ұстанған ауылдар қатары көбейсе дейміз. Себебі, ішімдік болмаған жерде береке орнайды. Әр отбасының да сыйластығы мен жақсылығы көбейеді. Ислам дініміздің ішімдікті харам деп тыйғаны да бекер емес екенін ойлана жүрген жөн.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.