Жамбыл облысында қант қызылшасын өткізу мәселесі шешімін тапты
Өткен жылы Жамбыл облысы диқандары үшін өзекті мәселелердің бірі қант қызылшасы өнімін зауыттарға өткізу болды. Бұл жағдай шаруалардың көңілін алаңдатқаны белгілі. Дегенмен биыл облыс әкімдігі мен жауапты мекемелердің жүйелі жұмысының нәтижесінде мәселе шешімін тауып, өнімді қабылдау мен өңдеу барысы реттеліп отыр.
Ағымдағы жылы облыс бойынша қант қызылшасы 5,2 мың гектардан жиналмақ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының таксациясы бойынша таза салмақта 250 мың тонна өнім алу күтілуде. Бұл – өңірдің қант өндірісіндегі әлеуетін арттыратын елеулі көрсеткіш.
Өнімді қабылдауды жүзеге асыратын негізгі кәсіпорын – Меркі қант зауыты. Кәсіпорын биылғы маусымға тыңғылықты дайындық жүргізді. Ең алдымен, зауыт «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы алған 3 млрд теңге қарызын толық өтеді. Бұл қадам кәсіпорынның қаржылық жағдайын тұрақтандырып, биылғы өнімді қабылдауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, қант зауытымен форвардтық келісімшарт жасау үшін жергілікті бюджеттен қосымша 2,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат зауытқа шаруалар алдындағы берешегін өтеуге және жаңа өнімді уақытылы қабылдауды ұйымдастыруға жағдай жасайды. Жоспар бойынша, зауыт қыркүйек айының соңынан бастап немесе қазан айының басында қызылша өнімін қабылдауды бастайды.
Жергілікті шаруалар үшін мұндай қолдау шаралары үлкен көмек болып отыр. Қант қызылшасы – өңір үшін дәстүрлі әрі стратегиялық дақылдардың бірі. Сондықтан оның тұрақты өткізу тетіктерін қалыптастыру ауыл шаруашылығының дамуына тікелей әсер етеді. Биыл қабылданған шаралардың арқасында диқандардың еңбегі зая кетпей, өнімдері өңделіп, нарыққа дайын қант ретінде жеткізілмек.
Жалпы, Жамбыл облысында егін жинау жұмыстары тұрақты қарқынмен жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, көкөніс пен бақша өнімдері де жоспарға сәйкес жиналуда. Мамандардың айтуынша, қант қызылшасы бойынша биылғы нәтижелер өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосады.