Жамбыл облысында мал шаруашылығы қарқын алуда
Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны бар өңір. Мұнда өндірілетін жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 40 пайыздан астамы мал шаруашылығына тиесілі. Соңғы жылдары саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысына сүйенсек, облыстағы мал басы айтарлықтай артқан. Бүгінде мүйізді ірі қара саны – 476 мың басты, қой – 3,3 миллион басты, жылқы – 195,5 мың басты, түйе – 8,6 мың басты, ал құс – 1,94 миллион басты құрап отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдің аграрлық әлеуетінің артып келе жатқанын айқын дәлелдейді.
Осы кезеңде тірідей салмақта 64,8 мың тонна ет өндірілді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға артық (2024 жылы – 61,5 мың тонна). Ет экспорты да тұрақты түрде өсіп келеді. Жыл басынан бері 1 615 тонна ет және 340 тонна шұжық өнімдері шетелге жөнелтілген. Оның ішінде сиыр еті – 661 тонна, қой еті – 954 тонна, жылқы еті – 0,2 тонна, құс еті – 1302 тонна. Сонымен қатар, 631 тонна малдың ішкі өнімдері экспортталды.
Жамбылдың еті Қырғызстан, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран және Германия мемлекеттеріне жеткізілуде. Бұл – жергілікті өнімнің халықаралық нарықта сұранысқа ие екенінің көрсеткіші.
Өңірде ет өндірісін дамыту мақсатында қуаттылығы жоғары мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Қазіргі таңда сыйымдылығы 1000 бастан асатын 9 алаң шаруаларға қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, тәулігіне 300 бас ұсақ мал мен 50 бас ірі қараны сойып, өңдеуге қауқарлы «Меркі ет комбинаты» мен «Первомайские деликатесы» секілді ірі кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, 5000 басты бір мезгілде бордақылайтын «Медет» және «Олжа» шаруа қожалықтарының алаңдары да бар.
Етпен қатар, сүт өндірісі де тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың жеті айында облыста барлық санаттағы шаруашылықтар 130,8 мың тонна сүт өндірді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (128,8 мың тонна) жоғары және 101,6 пайызды құрап отыр.
Саланы дамытуға мемлекеттік қолдау ерекше рөл атқаруда. «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қарастырылды. Комиссияның шешімімен 15 инвестициялық жоба қаржыландырылды.
Аталған жобалардың ішінде төрт бірдей сүт тауарлы фермасы ерекше атап өтуге тұрарлық. «Момбек» шаруа қожалығы 612 басқа арналған ферманы 2 млрд теңгеге іске асырып отыр. «Азнур Агро» 400 басқа арналған жобаны 1,3 млрд теңгеге қолға алды. «Нұрлыжай» 400 басқа арналған ферманы 700 млн теңгеге, ал «Қайсар» қожалығы 450 басқа арналған жобаны 339 млн теңгеге жүзеге асыруда. Бұл бастамалар ауылдық жерде жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, сапалы сүт өнімдерін өндіруге жол ашады.
Құс шаруашылығы да өңірде қарқынды дамып келеді. «Әулие-ата Феникс» ЖШС-нің құс фабрикасының қуаттылығы 10 мың тоннаға жеткізілді. Ал Байзақ ауданында жылдық қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайтын «Алель Агро» фабрикасы іске қосылды. Қазіргі таңда мұнда 10 мың тоннаға дейін құс еті өндірілуде. Жыл соңына дейін екі фабриканың өндірісі 26 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артады деп күтілуде.
Жамбыл облысында мал шаруашылығының осылайша қарқын алуы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға, экспортты ұлғайтуға және жергілікті халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосуда. Мемлекеттік қолдау мен шаруалардың еңбегі ұштасқан тұста, өңір агросаланың нағыз драйверіне айналуда.