Жамбыл облысында 500 тонна балық өсірілді
Биыл Жамбыл облысында 1296 тонна тауарлы балық өндіріледі. Қазірдің өзінде шаруашылықтар 500 тонна дайын өнімін сатып үлгерген. Жалпы облыс аумағында балық өсірумен айналысатын 131 тоған бар. Жауаптылар жыл сайын олардың санын арттырып, 2030 жылға дейін 8 мың тонна балық өсіруді жоспарлап отыр. Бижан Тасболатов басқаратын шаруашылық 4 жыл бұрын балық шаруашылығына бет бұрған. Алдымен қараусыз қалған 100 мың шаршы метрлік тоғанды тазалап, 500 мың шабақ жіберіпті. Бұл іске 10 миллион теңге жұмсадым дейді, — кәсіпкер. Қазір 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Балық өсіріп, бабын тапқан шаруа жылына 60 тонна тауар сатады. Келер жылы өнімді екі еселеп, цех салып балық өнімдерін шығаруды жолға қоймақ.
Бижан Тасболатов, шаруашылық басшысы:
— Біздің Жамбыл облысында балық өсіретін мекемелер өте көп. Бірақ өндіретін мекемелер жоқ. Сол себептен біздің болашақ жоспарымыз өндіріс ашу, цех салу әрі қарай соның бәрін дамыту. Биыл сол 60 тоннадай сатсақ, келесі жылдары 150-200 тоннаға дейін көтереміз бе деп отырмыз.
Тараз маңындағы мына су айдынында балықтың 3 түрі, яғни сазан, ақ амур және карб балықтары өсіріліп жатыр. Мамандардың айтуынша шабақтан тауарлы балыққа дейін өсіру үшін 1 жыл уақыт кетеді екен. Күтімі жақсы болса мынадай 3,5 келіге дейінгі балықтарды алуға болады. Жалпы облыста 131 су айдыны болса, оның 45-і табиғи көл ал 25-і жасанды тоған. Оларда балықтың 17 түрі өсіріледі. Дегенмен басымдықты тұқы мен форельге берген. Жыл санап су тоғандары мен өндіретін тауарлы балықтың көлемі де артады, — дейді балық шаруашылығы инспекциясының мамандары.
Айдана Жұман, Шу-Талас облысаралық Балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
— Жамбыл облысы бойынша 2030 жылға 8 мың тоннаға жуық тауарлы балық өсіру жоспарланған. Осы жоспарды орындау мақсатында қазір шетелдік инвесторлармен жұмыс жасаудамыз.
Атап айтқанда 3 инвестормен қазір келісімшарттарға қол қойылып жатыр. Солардың бірі Қытайдан келген инвестор, балық шабақтарын өсіру шаруашылығын қолға алмақшы. Сонымен қатар осы салаға қаржыландыру мәселелерін қарастырып жатыр. Балық шаруашылығын қолдауға бөлінген субсидия көлемі 200 млн теңге. Ал табиғи тоғандарды балықтандыру үшін 6 айда 41 мың майшабақ жіберіліпті.