Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Трамп: «Газадағы соғысты тоқтату – ең күрделі келісім болды»

0 9
Египет, Катар және Түркия басшыларымен бірге Дональд Трамп Шарм-эш-Шейх қаласында (Египет) өткен әлемдік лидерлер саммитінде Газадағы соғысты тоқтату жөніндегі келісімге қол қойды.

CNN  арнасының дерегінше, бұл оқиға АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен ХАМАС арасында жасалған атысты тоқтату және тұтқындар мен кепілге алынғандарды айырбастау туралы уағдаластықтан кейін жүзеге асты.

«Газадағы соғыс аяқталды… Бейбіт тұрғындар үйлеріне оралуда. Кепілде болғандар отбасыларымен қайта қауышуда», – деді АҚШ президенті құжатқа қол қойылғаннан кейін.

Қол қойылған құжаттың толық мәтіні әзірге ресми түрде жарияланған жоқ, алайда журналистер кейбір үзінділерді көре алған.

Онда былай делінген:

«Біз төзімділікке, адам қадірін құрметтеуге және әр адамның тең мүмкіндігіне ұмтыламыз. Бұл өңір нәсіліне, дініне немесе ұлтына қарамастан, барша адам өз армандарын бейбітшілік, қауіпсіздік және экономикалық өркендеу жағдайында жүзеге асыра алатын жерге айналуы тиіс».

13 қазанда Израильге Газада ХАМАС мүшелері кепілде ұстаған тірі қалған 20 адам қайтарылды. Сондай-ақ дүйсенбі күні ХАМАС Қызыл Крест ұйымына қаза тапқан төрт тұтқынның денесін табыстаған. Өз кезегінде Израиль 250 палестиналық тұтқынды және Газадан ұсталған 1700-ден астам адамды босатты.

Бұған қоса, The Times of Israel дерегінше, ХАМАС арағайындарға 28 қаза тапқан кепілдің денесін жинау үшін көбірек уақыт қажет екенін айтқан, алайда Израиль бұл мәлімдемеге сенбей, топтың уақыт созып отырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС Египетте өткен келіссөздер нәтижесінде Газадағы дағдарысты реттеуге арналған бейбіт жоспардың алғашқы кезеңін іске асыруға келіскенін хабарлаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Египетте өткен жанама келіссөздер барысында атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы жасалған келісімді қолдайтынын білдірді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.