Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Тараздық 400 студент Венгрияда тегін білім алады

0 35
Былтыр көктемде бірнеше өңірді қамтыған су тасқыны елімізде білікті су мамандарының жетіспейтінін айқын көрсетті. Осыдан кейін көп ұзамай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды.

Қазір бұл оқу орны өзінің нақты бағытын белгілеп, материалдық-техникалық базасын күшейтіп, алғашқы студенттерін шетелдік тәжірибеден өтуге жіберіп үлгерді.

Жақында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің бас оқу ғимаратындағы кітапханада ректор Камшат Түсіпова облыс журналистерімен кездесу өткізіп, оқу орнының алдағы басты міндеттері мен даму жоспарларын таныстырды.

Сөз басында айта кетсек, 2024 жылдан бері Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің басқарма төрайымы – ректоры болып қызмет атқаратын Камшат Түсіпова (PhD) докторы дәрежесіне ие. Ол Швециядағы Лунд университетінде «Қазақстан ауыл аймақтарын таза ауызсумен және санитариямен қамтамасыз ету» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған. Аталған атақ бірқатар шетел мемлекеттерінде берілетін ең жоғары академиялық дәреже. Ректор академиялық жетекшілікті ғылыми-зерттеу және жобалық жұмыстармен қатар алып жүр. Сондай-ақ 2015 жылы Австриядағы Халықаралық қолданбалы жүйелік талдау институтының «Young Scientist Summer Program» жобасында әлемнің үздік 50 PhD-зерттеушісі қатарына кірген.

Ректор ретінде К.Түсіпова жаңа буын су мамандарын даярлауға, елдің ғылыми әлеуетін арттыруға және Қазақстанның су болашағын тұрақты етуге бағытталған жобаларды іске асыруға ерекше назар аударуда.

– Бүгінде республика аумағында 5 923 гидротехникалық нысан бар. Оған каналдар, шлюздер және басқа да құрылымдар жатады. Барлығы кеңес дәуірінде салынған. Бұл нысандарға жай ғана бақылау емес, уақтылы жөндеу, жаңғырту қажет, сонымен қатар жаңа гидротехникалық құрылыстар да салынуы тиіс, – деген Кәмшат Маратқызы соңғы бір жыл ішінде университет халықаралық байланыстарды күшейтіп, білім беру сапасын арттыруға және ғылымды дамытуға белсене кіріскенін жеткізді.

Кездесу барысында Камшат Түсіпова шетелдік оқу орындарында студенттердің өз елінен тыс жерде бір семестр немесе бір оқу жылын оқуы қалыпты тәжірибе екенін атап өтті. Ал Қазақстанда бұл тәжірибе әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Осыған байланысты ректор шетелдік университеттермен келісімдер жүргізіп, студенттердің шет елдерде білім алу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр.

Мәселен, Венгриядағы Обуда университетімен келісім аясында 400 студент тегін оқуға мүмкіндік алды. Жаңа оқу жылының өзінде алғашқы 44 студент шетелге аттанады. Сондай-ақ Венгрияның «Corvinus» университетімен бірлесіп, «су ресурстарын басқару және су дипломатиясы» мамандығы бойынша қос дипломды магистратура бағдарламасы ашылды. Оған қазірдің өзінде Су ресурстары және ирригация министрлігінің 29 қызметкері құжат тапсырған.

– Сонымен қатар оқу орнында алғашқы рет «Су ресурстарын басқару» бағыты бойынша PhD-докторантура бағдарламасы іске қосылғанын айта кеткен жөн. Бұл бағдарламаға тек министрлік пен оған қарасты мекемелердің қызметкерлері қабылданады. Мұның басты мақсаты – мемлекеттік деңгейде ғылыми негізделген басқару және су дипломатиясы тәсілдерін меңгерген мамандар даярлау.

Сонымен қатар университет «Erasmus Design Measures» грантын жеңіп алды. Жоба аясында жаңа қос дипломды бағдарламалар әзірленіп, Су дипломатиясы орталығы құрылады. Жеті елдің университеттері қатысатын дипломатия орталығының алғашқы халықаралық кездесуі 29-31 қазанда Будапешт қаласында өтеді деп жоспарланған.

Университет сондай-ақ құны үш миллиард теңге болатын жасанды интеллект хабын құру жобасын әзірледі. Сол секілді Қытайдың Су ресурстары және электр энергетикасы солтүстік университетімен бірлескен зертхана ашу жөнінде меморандумға қол қойылды. Жаңа зертхана гидрологиялық және жерасты суларының модельдеуін дамыту, су қауіпсіздігі мәселелерін зерттеу және су ресурстарын басқаруға жасанды интеллект енгізу жұмыстарымен айналыспақ, – деді К.Түсіпова.

Кездесу барысында ректор журналистерге білімнің бірыңғай еуропалық жүйесі «Болон процессі» туралы да түсіндіріп өтті. Кейінгі 30 жылда кеңестік білім беру тәжірибесінің орнына енген бұл жүйе кезінде талай сынға қалған еді. Әсіресе, студенттерді «бір салаға ғана бейімделген маман қылып шығарады» деген пікірлер болған.

– Кеңестік білім беру жүйесі өзінің пайда болған кезеңінде, яғни өткен ғасырдың 30–50 жылдары үшін тиімді болды. Алайда ХХ ғасырдың соңына қарай қоғамның дамуы, техниканың өсуі, ақпарат ағынының ұлғайғаны соншалық, мұғалімдерге де, студенттерге де барлық қажетті білімді толық қабылдап талдау оңайға соқпады. Ал Болон үдерісінің мақсаты – нақты бір саланың ғана мамандарын даярлау емес. Оның басты артықшылығы – жаһандану жағдайында халықаралық білім стандарттарын біріздендіру, жоғары білімнің қолжетімді әрі қамтушы болуын қамтамасыз ету, студенттер мен оқытушылардың, зерттеушілер мен басқарушылардың еркін алмасуына жол ашу. Сондай-ақ әркім өз қабілеті мен қызығушылығына қарай жеке оқу жоспарын құрып, білімін даралап ала алады, – деді Кәмшат Маратқызы.

Ректор университеттің бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтынан қалған материалдық базасын да жаңғыртуға кіріскенін айтты. Қазіргі кезде демеушілердің қолдауымен мелиоративтік-әдістемелік кешеннің құрылысы басталды, заманауи зертханалар ашылуда. Университеттің кең аумағы мен әртүрлі мақсаттағы ғимараттарының болуы да үлкен артықшылық.

Сонымен бірге ректор Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке алғысын білдірді. Тараз қаласы әкімдігі алдағы екі жылда университет аумағын абаттандыруға 1,5 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.