Таразда нашақорлыққа қарсы 473 профилактикалық іс-шара өткізілді
Есірткі қылмысына қарсы күрестің нәтижелі болуы тек құқық қорғау органдарының жедел жұмысына ғана емес, оның алдын алуға бағытталған түсіндіру және тәрбиелік шаралардың жүйелілігіне де байланысты.
Осыған орай Тараз қаласы Полиция басқармасы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері жастар арасында профилактикалық жұмыстарды да тұрақты жүргізіп келеді.
Есепті мерзім аралығында бекітілген жоспарға сәйкес орта және жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 473 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 85 акция, 51 «дөңгелек үстел», 36 семинар, 150 лекция, 35 конкурс және 42 спорттық іс-шара бар.
Мұндай іс-шаралар барысында жастарға есірткінің адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және болашағына тигізетін кері әсері түсіндіріліп, құқықтық жауапкершілік мәселелері кеңінен айтылуда. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спортқа, шығармашылыққа және қоғамдық пайдалы іске қызығушылығын арттыруға бағытталған бастамалар да осы жұмыстардың маңызды бөлігіне айналып отыр.