Қазақстан өнеркәсібінде 75 жаңа мамандық пайда болды
Салаға жетекшілік ететін вице-министр Иран Шарханның айтуынша, бүгінгі таңда жаңа кәсіптер атласында министрлік құзырындағы бағыттар бойынша 75 жаңа мамандық тіркелген. Бұл туралы ол Үкімет отырысында мәлімдеді.
Жаңа мамандықтардың басым бөлігі өндірістік процестерді автоматтандыру мен цифрлық технологияларды енгізумен байланысты. Мысалы, металлургия мен тау-кен өндірісінде смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау техникасының операторы сияқты мамандықтар сұранысқа ие бола бастады. Ал машина жасау саласында виртуалды прототиптеуші маманы қажет болса, құрылыс саласында Big Data талдаушысы мен «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты жаңа кәсіп түрлері пайда болды. Сонымен қатар, бизнес процестердің автоматтандырылуына байланысты бұрынғы 40-тан астам мамандықтың сипаттамасы өзгеріп, олар жаңа мазмұнмен толықты.
Биыл іске асырылатын 190 инвестициялық жобаның аясында машина жасау саласында тағы 8 жаңа мамандық пайда болады деп күтілуде. Олардың қатарында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, сондай-ақ роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы бар.
Жалпы алғанда, бұл үрдістер қол еңбегінің біртіндеп автоматтандырылған еңбекке ауысқанын көрсетеді. Мұндай өзгеріс жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, техникалық бағыттағы кадрлардың жаңа буынын даярлауға жол ашып отыр.