МЕРКІ АУДАНЫНДА 22 КӨШЕ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ ⠀
Меркі ауданында жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жалғасуда. Биылдың өзінде аудан бойынша 22 көшені жөндеу жоспарланған.
⠀
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 434,4 млн теңге бөлініп, Меркі, Андас батыр және Т.Рысқұлов ауылдық округтеріндегі 18 көшенің 14,4 шақырым жолы орташа жөндеуден өтуде.
⠀
Бүгінгі таңда бірқатар көше жолдарында асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, Меркі ауылындағы Асқаров, Мұсабекова және Ахтамбердиев көшелерінде, Интернациональная ауылындағы Новая, Бұлқышев және Арна көшелерінде, сондай-ақ Андас батыр ауылындағы Қызыл Еңбек көшесінде асфальттау жұмыстары 90 пайызға орындалды.
⠀
Ал жергілікті бюджет есебінен Тәтті ауылдық округіндегі 4 көшенің 8 шақырым жолын жөндеуге 203,6 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, мердігер ұйымдар анықталды.
⠀
Қазіргі таңда аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 844,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 178 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 7,9 шақырым, бұл жолдардың барлығы 100% жақсы және қанағаттанарлық күйде.
⠀
Аудандық маңызы бар 158,5 шақырым жолдың 95,8%-ы, сондай-ақ ауылдық округтерге қарасты 438 көше немесе 499,9 шақырым жолдың 98,2%-ы да халыққа жайлы әрі қолайлы күйде. Бұл – аудан тұрғындарының күнделікті өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты нәтижелердің көрсеткіші.