Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Ербол Қарашөкеев: Инвестициятартуда жұмысты ширату керек

0 22
Әулиеата өңірі 9 айдың қорытындысымен өнеркәсіп саласындағы өнім көлеміне байланысты республика бойынша алғашқы орынға жайғасты. Нақтылай түссек, есепті кезеңде облыс аумағындағы өнеркәсіптерде 967,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 18,3 пайызды құраған. Аталған көрсеткішке тау-кен өндіру саласында өндіріс көлемінің 41,7, өңдеу өнеркәсібінде – 13,3, электрмен жабдықтауда – 10,1 және сумен жабдықтауда 5,4 пайызға артуы есебінен қол жеткізілген.

Жалпы, өнеркәсіп саласындағы үлесі 63 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 609 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға тең. Әйтсе де, металлургия мен жеңіл өнеркәсіп салаларында өндіріс көлемдерінің бәсеңдеуі анықталған. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева мәлім етті. Оның сөзінше, аудандар бөлінісінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Сарысу мен Мойынқұм аудандарында төмендеген.

– Бүгінгі таңда Сарысу ауданындағы «Асыл-тұз» серіктестігінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал «Интеррин» кәсіпорнында бұрғылау жұмыстары тоқтатылған. Сондай-ақ Мойынқұм ауданында «Мыңарал Тас Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде портландцемент өндірісі, «Алтыналмас» акционерлік қоғамында алтын өндірісі қысқарған. Айта кетейік, облыста ауыл шаруашылығы саласында жалпы 363 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Бұл – республикада өңірлер арасында 9 орын. Бұдан бөлек өсімдік шаруашылығында өнім көлемі 214 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдары 639,7 мың гектарға орналастырылып, егістік алқабы 2,1 пайызға артты. Сол секілді мал шаруашылығының өнімі 148 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға өсті, – деді Сандуғаш Ермаханқызы.

Сондай-ақ спикер игілігі мол инвестиция тарту жұмыстарының да жай-күйін баяндады. Атап өтейік, 9 айда негізгі капиталға 491 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39,1 пайызға артқанын аңғартады. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі – 398,8 миллиард теңге. Осылайша, Жамбыл жері инвесторлармен әріптестік тығыз байланыс орнату ісінде екінші орынға тұрақтады. Алайда биылғы жылға белгіленген жоспардың орындалуы – Тараз қаласы мен Қордай, Байзақ, Мойынқұм және Т.Рысқұлов пен Жуалы аудандарында көңіл көншітпейді.

– Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы мен экономиканың негізгі салаларында оң динамика қалыптасып отыр. Десе де, өңірлер бөлінісінде өңдеу өнеркәсібі өнімі өндірісінің көлемі Сарысу мен Мойынқұм аудандарында төмендеген. Қордай ауданында инвестиция көлемі – 25,9, жеке инвестиция – 33,7 пайызға бәсеңдеген. Мойынқұм мен Шу өңірінде де құрылыс көлемі, Жамбыл ауданында тұрғын үй көлемі төмен деңгейде қалыптасты. Жалпы, жыл қорытындысымен экономиканың барлық салаларында орын алған өсім қарқыны сақталады деп күтілуде, – деді облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

Басқосу барысында қазынадан бөлінетін қыруар қаражатты тиімді игеру мәселесі де сөз болды. Облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкектің сөзінше, биылғы жылдың 9 айында облыс бюджетінің кірістері 100,5 пайызға орындалған. Ал жыл соңына дейін 200 миллиард теңгеден астам қаржы игерілуі тиіс. Өкінішке қарай, өңірдегі бірқатар аудандар мен білім, құрылыс пен денсаулық сақтау секілді басқармалар қазына қаржысын тиімді жұмсай алмай отыр екен.

Айтпақшы, жиында құрылысы сағызша созылып, «сақалды» құрылыс нысанының біріне айналған Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы кешені қайта жанданатыны да белгілі болды. Облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек өз сөзінде жүргізілген келіссөздер нәтижесінде мердігер компания келер жылдың көктемінде өз қаражаты есебінен құрылысты жалғастыратынын айтты. Жиында Жамбыл және Мойынқұм аудандарының әкімдері 9 айда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Аудан басшылары кері кеткен көрсеткіштерді ретке келтіреміз деп сендірді. Ал есепті кезеңде инвестиция саласында межелеген міндеттерді орындай алмағаны үшін Қордай ауданының әкіміне «ескерту», ал оның осы салаға жауапты орынбасарына «қатаң сөгіс» берілді.

Бұдан бөлек Мойынқұм мен Шу аудандары әкімдерінің орынбасарларына да «қатаң сөгіс» жарияланды. Аймақ басшысы жыл қорытындысымен жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмеген жағдайда ең әуелі бірінші басшының жеке жауапкершілігі қаралатындығын баса айтты.

– Тараз қаласы мен аудан әкімдері инвестиция тарту көрсеткіштерін жоғарылату бойынша жүйелі жұмыс жүргізіңіздер. Өңір экономикасына инвестиция тарту – аса маңызды. Бюджет тапшылығын ескерсек, осы жылғы инвестиция тарту жоспары – 826,4 миллиард теңге. Жалпы, бұл жұмыстар жеке инвестиция есебінен-ақ орындалады. Осы себепті, екі айдың ішінде бұл бағыттағы жұмысты жандандырыңыздар. Бұл – нақты тапсырма. Талап – бәрімізге ортақ. Жұмысты ширатып, нәтижесін көрсетіңіздер, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жиын соңында құзырлы мекемелерге берілген тапсырмаларды орындаудың тәртібі қаралды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.