Еңбек қатынастарын реттеу – маңызды мәселе
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұсынылған «Әділетті Қазақстан» ұғымын мемлекет бағдарының басты идеологиясына айналдыру күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе екені анық. Ал бұл бағытта мемлекеттің қоғамға заңнамалық бастама беру арқылы демократиялық үдерістерді жалғастыруы, адамдардың еңбек жағдайларын жақсартуда олардың өкілетті өкілдерімен ынтымақтасты одан әрі жетілдіруі – маңызды шарттардың бірі.
Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Онда цифрлы экономиканың рөлі арта түспек. Платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келеді. Осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда олардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет.
Өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек», – деген болатын.
Жалпы, еңбек құқығы – бұл азаматтардың еңбек қатынастарына қатысу, еңбек шарты бойынша жұмыс істеу, жалақы алу, қауіпсіз және әділ еңбек жағдайында болу сияқты құқықтары мен міндеттерін реттейтін құқық саласы. Қазақстан Республикасының Конституциясы еңбек құқығын қорғауды қамтамасыз етеді және әрбір азаматтың қауіпсіз, тең мүмкіндікке негізделген еңбек жағдайында жұмыс істеуін кепілдендіреді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында еңбек құқығы айқын түрде қорғалған және әр азаматтың еңбек етуге, өз кәсібін таңдауға, әділ және қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуге құқығы бар екені атап көрсетілген. Мысалы, Конституцияның 24-бабының бірінші тармағында әрбір азаматтың еңбек етуге, оның ішінде өз кәсібін немесе мамандығын еркін таңдау құқығына ие екені көрсетілген. Бұл норма еңбек қатынастарының еркіндігін қамтамасыз етеді және азаматқа өз қабілеттері мен мүддесіне сай жұмысты таңдау мүмкіндігін береді, сонымен қатар жұмыс орнында қауіпсіздік пен әділеттіліктің сақталуына кепілдік береді.
Сонымен қатар Ата заңымыздың жоғарыда аталған бабының екінші тармағы әрбір адамның өз еңбегіне лайықты және уақытында ақы алуға құқылы екенін айқындайды. Бұл норма еңбекке деген әділ бағалауды және қызметкердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді, яғни жұмыс беруші еңбекті жалақымен, сыйақымен кемсітушіліксіз қамтамасыз етуге міндетті.
Осылайша, Конституция еңбек құқығын тек экономикалық қатынастармен шектемей, азаматтардың адамдық қадір-қасиеті мен қауіпсіздігін қорғау, әділдік пен теңдікті сақтау тұрғысынан да қарастырады. Бұл нормалар мемлекеттік қызметшілердің және барлық азаматтардың құқықтарын қорғаудың құқықтық негізін құрайды, еңбек қатынастарында әділдік пен сенімділікті қамтамасыз етеді.
Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен ар-намысын қорғау – қоғамдағы тұрақтылық пен мемлекеттік басқарудың тиімділігінің маңызды факторы. Тәртіпті, қауіпсіз және әділ жұмыс ортасы тек заң талаптарының сақталуымен ғана емес, сонымен қатар моральдық-психологиялық атмосфераның дұрыс құрылуымен қамтамасыз етіледі.
Дегенмен, соңғы жылдары түрлі санаттағы еңбеккерлер, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің арасында жүргізілген сауалнамалар еңбек саласында әлі де болса дискриминацияның, яғни кемсітушіліктің бар екенін көрсетіп отыр.
Осылайша, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қазақстандағы еңбек саласында дискриминация әлі де кең таралған құбылыс екені көрініп, төмендегі мәселелер байқалған:
- Жыныстық дискриминация: әйелдер мен ерлерге тең мүмкіндік берілмеуі, әйел қызметкерлерге жүктелетін қосымша міндеттер немесе мансаптық өсуге шектеулер.
- Жасқа байланысты шектеулер: жас қызметкерлердің тәжірибесіздігі немесе зейнет жасына жақындаған қызметкерлердің біліктілігін төмен бағалау.
- Харассмент (ағылш. harassment – қудалау, мазалау) – адамға өз қалауынан тыс физикалық қысым жасау, зорлық көрсету, ерсі сөздер арқылы, хабарлама арқылы бопсалау, жыныстық қатынасқа түсуге тарту, адамның арына тиетін сөз айту, жеке шекарасын бұзу.
- Қауіпсіздік пен әлеуметтік кепілдіктердің теңсіздігі: еңбек жағдайларының қолайсыздығы, материалдық және моральдық қолдаудың жеткіліксіздігі.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қызметкерлердің үштен бірі өздерінің жалақысын бірдей жұмыс атқаратын әріптестерге қарағанда төмен деп есептейді. Бұл моральдық қысым мен жұмысқа деген ынтаны төмендетеді. Сонымен қатар бейтарап және қоғамдық бақылаудың жеткіліксіздігі дискриминация мен харассменттің алдын алу мен оны жоюда кедергі келтіреді.
Жұмыскерлердің, мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін сақтау үшін ұйымда қолайлы жұмыс атмосферасын қалыптастыру өте маңызды. Мұндай ортада қызметкерлер бір-біріне сыйластықпен қарайды, әр қызметкердің кәсіби жетістіктері әділ бағаланады және қызметкерлер өз құқықтары мен міндеттерін біледі, дискриминация мен харассментке жол берілмеуін қамтамасыз етеді.
Бұл қағидалар қызметкерлердің жұмысқа деген сенімін арттырады, кәсіби міндеттерді тиімді орындауға және ұйым ішінде тұрақты ынтымақтастыққа ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметшілердің еңбек жағдайларын, құқықтары мен ар-намысын қорғау – бұл тек заңдық міндет емес, сонымен қатар қоғам мен мемлекеттік құрылым мәдениетінің айнасы. Тәртіпті және инклюзивті жұмыс ортасы қызметкерлердің кәсіби өсуіне жол ашып, қоғамдағы тұрақтылық пен сенімділікті қамтамасыз етеді. Харассменттің кез келген формасына қарсы тұру және құқықтық негіздерді жетілдіру – бұл қазіргі күннің өзекті міндеттерінің бірі.