Ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысының 2024–2028 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өңірде нақты қадамдар жасалуда.
Биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 48,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 32,2 млрд теңге субсидияларға, 11 млрд теңге «Солтүстік Қазақстан облысы» тәжірибесін енгізуге, 5 млрд теңге «Ауыл аманаты» жобасына бағытталды. Бүгінгі күнге дейін шаруаларға 29 млрд теңге төленіп, қаржының 90 пайызы игерілді. Нәтижесінде 5 мыңнан астам шаруа қожалығы мемлекеттік қолдау алды.
Жеті айдың қорытындысымен облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 149,5 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі 102,1 пайыз деңгейінде орындалды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 40,1 млрд теңгеге жетсе (НКИ – 100,2%), мал шаруашылығы 109,1 млрд теңгені құрап, 102,8 пайызға өсті. Салаға тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай – 14 млрд теңге. Оның 10,1 млрд теңгесі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына, 3,9 млрд теңгесі тамақ өнеркәсібіне бағытталды.
2025 жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 640 мың гектар егістік алқапқа орналастырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға артық. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 362 мың гектар, мал азығы дақылдары – 181,3 мың гектар, майлы дақылдар – 38 мың гектар, көкөніс – 31,1 мың гектар, бақша өнімдері – 12,7 мың гектар, картоп – 8,2 мың гектар, ал қант қызылшасы 6,6 мың гектар жерге егілді.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да назардан тыс қалған жоқ. Биылдың өзінде 400-ден астам өздігінен жүретін жаңа техника сатып алу жоспарланған. Бұл – машиналар паркін жаңартуды 6,5 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге дейін 255 дана техника, оның ішінде 10 комбайн мен 245 трактор алынып, жоспардың 4,1 пайызы орындалды. Көктемгі дала жұмыстарына 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы қатыстырылды.
Диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету де уақытылы жүргізілді. 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарына Үкімет тарапынан 20 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оны тарату үшін облыста 8 оператор белгіленді. Бағасы литріне 254 теңгеден бекітілді. Жалпы көлемнің 17,8 мың тоннасы жеткізіліп, оның 16,4 мың тоннасы 1700-ден астам шаруашылыққа үлестірілді.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы «Кең дала–1» және «Кең дала–2» бағдарламалары аясында 7 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда шаруалардан 5 млрд теңгеге жуық өтінім түсіп, 4,8 млрд теңгесі игерілді. Қалған қаржы күзде бөлінбек. Бұл қолдау диқандарға көктемгі жұмыстарды уақытылы атқаруға зор мүмкіндік берді.
Өнімділікті арттыруда тыңайтқыштардың рөлі зор. Биыл 498,5 мың гектар алқапқа 99,6 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қазірдің өзінде шаруалармен 91,1 мың тоннаға келісімшарт жасалып, 89,7 мың тоннасы жеткізілді. Бұл – жоспардың 90 пайызы.
Шілде айынан бастап облыста егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда масақты дәнді дақылдардың 335,9 мың гектары орылып, 400 мың тоннаға жуық өнім алынды. Картоптың 3,5 мың гектары жиналып, 86,9 мың тонна өнім алынды. Сонымен қатар, көкөніс алқаптарының жартысына жуығы жиналып, 548,2 мың тонна өнім қамбаға құйылды. Майлы дақылдардан 10,8 мың тонна, бақша өнімдерінен 372,9 мың тонна жиналды. Жалпы биылғы жылы облыста 3,8 млн тонна өнім алу жоспарланып отыр.
Жинау жұмыстарына 9,3 мың дана техника тартылды. Оның ішінде 490 комбайн, 4318 трактор және 4500-ге жуық қосымша техника бар. Науқанды уақытылы өткізу үшін мемлекет тарапынан қосымша 4,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Оның негізгі бөлігі шаруаларға жеткізілді.
Мал азығын дайындау да жүйелі жүргізілуде. 2025–2026 жылдардағы қыстаққа қажетті 2 млн тонна пішен, 113,4 мың тонна пішендеме және 438,2 мың тонна сабан дайындалды.
Ауа райының құрғақшылығына қарамастан, облыстағы егістік алқаптары су тапшылығынан зардап шеккен жоқ. Бұл ретте су айналымы жүйесі тиімді пайдаланылды. «Қазсушар» мекемесі мен шаруашылықтар арасында 3,9 мың келісімшарт жасалып, 460 млн текше метр су жеткізілді. Нәтижесінде бақша өнімдері толық суғарылып, қант қызылшасы мен жүгері алқаптарына уақытылы су берілді.
Су тапшылығы мәселесін шешу үшін облыста су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Биылдың өзінде 11 мың гектарға заманауи суару жүйелері орнатылып, жалпы көрсеткіш 66,5 мың гектарға жетті. Мұндай технологияларды қолданған шаруаларға мемлекет тарапынан шығынның 50 пайызы субсидияланады.
Жамбыл облысының диқандарының жүйелі жұмысы ауыл шаруашылығын өңір экономикасының негізгі драйверіне айналдырып отыр. Алдағы жылдары да салаға инвестиция тарту, техниканы жаңарту және жаңа технологияларды енгізу есебінен өнім көлемін арттыру жоспарлануда.