Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Ана мен бала саулығы – ұлт болашағының берік негізі

0 23

Елдің ертеңі – дені сау, білімді әрі тәрбиелі ұрпақ. Ал мұндай ұрпақтың қалыптасуы ең алдымен ана мен баланың денсаулығына, отбасының әл-ауқатына және медициналық көмектің сапасына тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстанда ана мен баланы қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында халықтың денсаулығын жақсарту, ана мен баланы қорғау, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар ұлттық қауіпсіздікпен, демографиялық өсіммен және елдің тұрақты дамуымен тығыз байланысты.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында аурудың алдын алу, профилактикалық медицинаны дамыту, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру, ана мен бала денсаулығын нығайту бағытында кешенді реформалар жүзеге асырылуда. Перинаталдық және педиатриялық қызметтерді жетілдіру, жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, нәрестелердің өмірін сақтап қалуға арналған заманауи технологияларды енгізу – осы саясаттың нақты нәтижесі.

Бұл бастамалар Қордай аудандық орталық ауруханасында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Денсаулық сақтау мекемесі соңғы жылдары ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған жаңа жобаларды іске асырып, материалдық-техникалық базасын нығайтып, кадрлық әлеуетін арттыруға басымдық беруде. Мұндағы негізгі мақсат – аудан тұрғындарына, әсіресе жүкті әйелдер мен балаларға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету.

Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен аурухананың материалдық-техникалық әлеуеті айтарлықтай күшейтілуде. Биыл жалпы құны 94 миллион теңгеден асатын заманауи медициналық құрылғылар сатып алынуда. Жыл соңына дейін емдеу мекемесіне өкпені инвазиясыз желдетуге арналған CPAP аппараттары, ашық реанимациялық жүйелер, фототерапия құрылғылары, планшеттік ультрадыбыстық зерттеу аппараттары және басқа да жаңа буындағы медициналық жабдықтар жеткізіледі. Бұл құрылғылар шала туған және ауыр жағдайда дүниеге келген нәрестелерге дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Заманауи құрал-жабдықтардың енгізілуі диагноз қоюдың дәлдігін арттырып қана қоймай, емдеу сапасын жаңа деңгейге көтермек.

Медициналық көмектің сапасы ең алдымен білікті мамандарға байланысты. Осыны ескерген аурухана басшылығы кадрлық әлеуетті нығайтуға ерекше назар аударып отыр. Бұрын педиатрлар саны жеткіліксіз болса, бүгінде бұл мәселені шешу бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Балалар реабилитологы жұмысқа қабылданып, пульмонология бағыты бойынша дәрігерлер арнайы оқудан өтуде. Сонымен қатар ауданға балалар невропатологын, кардиологын және офтальмологын тарту жұмыстары жүргізілуде. Мамандарды ауылдық жерге тұрақтандыру мақсатында аудан әкімдігі тарапынан қызметтік тұрғын үй қарастырылып, әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылуда.

Жас дәрігерлерге көрсетілетін қолдау да ауқымды. Олар 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы алады. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға 2500 АЕК көлемінде 15 жыл мерзімге жылдық 0,01 пайыздық мөлшерлемемен бюджеттік несие қарастырылған. Бұдан бөлек, 1 миллион 200 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек, қосымша қаржылай қолдау, жалдамалы тұрғын үй ақысына өтемақы және балабақша шығындарын өтеуге арналған төлемдер беріледі.

Ауруханада ана мен бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 31 медицина қызметкері кәсіби біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Олар жаңа клиникалық хаттамаларды меңгеріп, халықаралық тәжірибелермен танысты. Ал жыл соңына дейін тағы 30 медицина қызметкерін «Антенаталды күтім» бағдарламасы бойынша оқыту жоспарланған. Бағдарлама теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, жүктіліктің қауіп факторларын ерте анықтау, шұғыл жағдайларда дұрыс шешім қабылдау және ана мен бала өміріне төнетін қауіптің алдын алуға бағытталған.

Қордай аудандық орталық ауруханасы тұрғындармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға да басымдық беруде. Осы мақсатта «Open Space» форматындағы Пациенттерді қолдау қызметі іске қосылды. Мұнда тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары жедел қаралып, мәселелерді «осында және қазір» қағидаты бойынша шешуге жағдай жасалған.

Ауруханада «Мейірімді аурухана» жобасы да табысты жүзеге асырылып келеді. Оның басты мақсаты – медицина қызметкерлерінің кәсіби шеберлігімен қатар, пациенттермен қарым-қатынас мәдениетін жетілдіру. Қызметкерлердің басым бөлігі медициналық этика мен деонтология бойынша арнайы оқудан өтіп, науқастарға жанашырлықпен қызмет көрсету қағидаларын меңгерді.

Маусым айында ашылған «Даму және ерте араласу орталығы» да ерекше маңызға ие жоба болды. Мұнда дамуында ерекшелігі бар балаларға кешенді көмек көрсетіліп, олардың дамуындағы ауытқулар ерте кезеңде анықталады. Әрбір балаға жеке оңалту және түзету бағдарламасы әзірленіп, ата-аналарға да кәсіби кеңестер беріледі.

Сонымен қатар ауыр жағдайдағы балаларды, жүкті әйелдерді және басқа да науқастарды облыс орталығына жедел жеткізу мақсатында жаңа реанимациялық автокөлік сатып алу жобасы жүзеге асырылуда. Телемедицина қызметі де кеңейтіліп, шалғай ауыл тұрғындарына жетекші мамандардың кеңесін қашықтан алу мүмкіндігі жасалуда.

Қордай аудандық орталық ауруханасында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстардың барлығы бір мақсатқа – ана мен баланың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Себебі анасының дені сау, баласының болашағына алаңдамайтын отбасы ғана қоғамның тірегіне айналады. Ал дені сау, тәрбиелі ұрпақ – тәуелсіз еліміздің ең үлкен байлығы. Сондықтан ана мен баланы қорғауға бағытталған әрбір бастама – елдің ертеңіне салынған инвестиция, ұлт саулығын нығайтуға жасалған маңызды қадам.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.