«Ағза саудасы»: Бүйрек сатушылар елімізден Түркияға үш адамды жібергені белгілі болды
Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында 19 мамыр күні бүйрек сатқандар мен бүйрек сатып алғандардың кезекті сот отырысы өтті. Бүгінгі отырыста адам ағзасын саудалаған қылмыстық топтың басшысы деген айыппен айыпталып отырған Бауыржаннан (ред. есімі өзгертілді) жауап алынды. Бауыржан өзімен бірге айыпталып отырған бес айыпталушының ешқайсысын танымайтынын айтты. Ал айыпталушылардың бірі оның Түркияға бүйрек сатуға үш донор апарғанын мәлімдеді.
Айыпталушылардың жалпы саны — 6. Қылмыстық кодекстің 116-бабы 2-бөлімі 4-5-тармағы бойынша қаралып жатыр. Бүгінгі сот отырысында айыпталушы Ербол 37 адамның тізімін бергенін және үш куәгердің іске тартылмағанын айтты.
Сот отырысында адам ағзасын саудалаған қылмыстық топтың басшысы ретінде айыпталып отырған — Бауыржан сотта ешкімді танымайтынын және барлығы бірігіп ор қазып отырғанын мәлімдеді.
«Маған тағылған айыппен мен келіспеймін. Менің көлігімді, үйімді барлығын тексерді. Бірақ ештеңе таба алмады. Бір жарым жылға созылған тексеріс кезінде менің кінәм болса, дәлелденер еді. Мені үй қамаққа жіберген кезде мен ауруханада жаттым. Сол кезде тергеушілер келіп, кінәмді мойындасам, жазам жеңілдейтінін айтты. Мені біресе «бүйрек сатты» деп айыптады кейін «бүйрек сатып алды» деп айыптады. Сол себепті маған тағылған айыппен келіспеймін. Ислам Құрбанович менің өмірімді құтқарғандықтан біздің қарым-қатынасымыз жақсы», — деді Бауыржан.