Әйелдердің әлеуетін арттыру – қоғамның тұрақты дамуының кепілі
Гендерлік теңдік – заманауи қоғамның басты құндылықтарының бірі. Ол әйелдер мен ерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің тең болуын ғана емес, олардың саяси, экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық өмірдің барлық саласына белсенді қатысуына қолайлы жағдай жасауды көздейді. Бүгінде Қазақстанда гендерлік саясат мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып, әйелдердің әлеуетін толық іске асыруға, олардың құқықтарын қорғауға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда.
Қазақстан Республикасының Конституциясында әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен бостандықтары нақты бекітілген. Осы қағидатқа сәйкес мемлекет азаматтардың жынысына қарамастан білім алуға, еңбек етуге, кәсіпкерлікпен айналысуға, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге және қоғамдық-саяси өмірге араласуына бірдей мүмкіндік береді. Бұл қағидат еліміздің халықаралық міндеттемелерімен де үндесіп, гендерлік саясаттың тиімді жүзеге асырылуына негіз болып отыр.
Мемлекет басшысы әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға, олардың басқару жүйесіне қатысуын кеңейтуге және отбасы құндылықтарын нығайтуға ерекше назар аударып келеді. Себебі елдің тұрақты дамуы мен экономикалық өркендеуі әйелдердің белсенділігіне, кәсіби әлеуетіне және қоғамдық өмірге қосатын үлесіне тікелей байланысты. Ана – отбасының ұйытқысы болса, қоғамдағы белсенді әйел – мемлекет дамуының қозғаушы күштерінің бірі.
Бүгінде Жамбыл облысында гендерлік саясатты іске асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекеттік қызметте, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, мәдениет, ғылым және қоғамдық ұйымдарда еңбек етіп жүрген мыңдаған әйел өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Нәзік жандылар кәсібилігімен, жауапкершілігімен және көшбасшылық қасиеттерімен ерекшеленіп, түрлі салада жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде облыста мемлекеттік қызметшілердің 47,2 пайызын немесе 1992 адамды әйелдер құрайды. Оның ішінде басшылық лауазымдағы әйелдердің үлесі 30,9 пайызға жетіп, 350 адамды құрап отыр. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары айтарлықтай өскен. Егер 2023 жылы басшылықтағы әйелдердің үлесі 25 пайыз болса, 2024 жылы 25,3 пайызға дейін көтерілген. Ал биыл бұл көрсеткіш 30,9 пайызға жетіп, өңірдегі гендерлік саясаттың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Әйелдердің мемлекеттік басқару ісіне белсенді араласуы қабылданатын шешімдердің сапасын арттырып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің жан-жақты қаралуына ықпал етеді. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, отбасы және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы бастамалардың жүзеге асуына әйелдердің қосып отырған үлесі зор.
Өңірдегі жергілікті өкілді органдарда да әйелдердің белсенділігі артып келеді. Бүгінде облыстық және аудандық мәслихаттардағы 210 депутаттың 21 пайызы әйел азаматтар. Олар халықтың әл-ауқатын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу, жастарды қолдау, ана мен бала құқығын қорғау, ауылдарды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытында маңызды ұсыныстар көтеріп келеді. Сонымен қатар облыста төрт басқарманы, алты ауылдық округті әйел азаматтар басқарып отыр. Бес ауданда әкім орынбасары қызметін атқаратын әйелдер өздерінің кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін дәлелдеп келеді.
Гендерлік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту. Себебі жеке кәсібін бастаған әйел өзінің ғана емес, өзгелердің де жұмыспен қамтылуына ықпал етеді. Осы мақсатта мемлекет тарапынан гранттар, жеңілдетілген несиелер, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, қаржылық сауаттылық пен маркетингтік білім беру бағдарламалары тұрақты ұйымдастырылуда. Мұндай қолдау шаралары әйелдердің экономикалық дербестігін арттырып, олардың жаңа бизнес жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беруде.
Бүгінде Жамбыл облысында жұмыс істеп тұрған 118 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерінің 48 пайызын әйелдер басқарады. Олар ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, өндіріс, сауда, жеңіл өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салаларда табысты еңбек етіп келеді. Кәсіпкер әйелдер жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда.
Әйелдерді жұмыспен қамту мәселесі де тұрақты назарда. 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында көптеген әйел жаңа мүмкіндіктерге ие болды. Биылғы жылдың басынан бері 33 344 әйел жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде 18 128 әйел тұрақты бос жұмыс орындарына орналасты. 1 688 әйел онлайн оқыту курстарынан өтуде. 1 638 жас маман «Жастар практикасы» жобасы арқылы еңбек жолын бастады. Сонымен қатар 365 әйел әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіліп, 6 009 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Бұдан бөлек, 16 әйел «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша жұмысқа орналасты. 896 әйел «Күміс жас» жобасының игілігін көрсе, 633 әйел «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы еңбек тәжірибесін жинақтауда. Ал 2 514 әйел «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Бұл бағдарламалар әйелдердің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың экономикалық белсенділігін күшейтуге бағытталған.
Гендерлік саясат тек экономикалық немесе саяси мәселелермен шектелмейді. Оның маңызды бөлігі – отбасы институтын нығайту, ана мен бала құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Себебі отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Отбасындағы өзара сыйластық, тең құқық, жауапкершілік пен қолдау балалардың жан-жақты дамуына оң әсер етеді.
Осы бағытта облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған Әйелдер қанаты ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.