«Өлмейтін ерлігіңді дәріптейміз, өнеге өміріңе еліктейміз!» патриоттар кеші өтті
Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысы жеңістің 78 жылдығына орай «Өлмейтін ерлігіңді дәріптейміз, өнеге өміріңе еліктейміз!» патриоттар кеші өтті.
Шара Ұлы Отан соғысы, оның зардаптары, Ұлы Жеңіс туралы оқырмандарға мағлұмат беру, оларды адамгершілікке, Отанын сүюге, оны қорғауға баулу, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, оларға патриоттық тәрбие беру, жастарды Ұлы Отан соғысының тарихы, қазақстандықтардың ерлік істерімен таныстырып, Отан үшін жан қиған аталар мен апалардың, соғыстан оралып, қазіргі кезде арамызда жүрген ардагерлердің ерлігін үлгі ете отырып, оларды құрметтеуге тәрбиелеу, Отан үшін мерт болған қаһармандардың ерлік рухына бас иіп, көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсету мақсатарына негізделді.
Жамбыл облыстық Ардагерлер Кеңесімен бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «Ғұмыр-Дария» газетінің директоры-бас редакторы Жаңабай Миллионов, Жамбыл облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Қатысушылар туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы жолында жанын қиған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, бабалар ерлігі жадыларында мәңгі сақталатынын айтып, ардагерлерге алғысын жеткізді.
Ғасырлар бойы ерен еңбекте батылдық, ерлік пен төзімділік, жаниқиярлық көрсеткен Казақстандық ұлттық мінез-құлық сұрапыл соғыс жылдарында батырлық көрсетуге ықпал етті. Және ондай ерлікті бірен-саран адам ғана емес, орден және медаль үшін емес, өз Отаны үшін соғысқан мыңдаған қарапайым қазақстандықдар көрсеткенін атаған ардагерлер, екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең трагедиялық беттердің бірі екенін айтты.