Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Жамбыл облысындағы әйелдер кәсіпкерлігі – экономиканың қозғаушы күші

0 45

Қазіргі таңда Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы ел экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Әсіресе өңірлерде нәзік жандылардың бизнеске белсенді араласуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына және шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына оң әсер етуде. Соның ішінде Жамбыл облысында да кәсіпкер әйелдердің қатары артып, олардың қоғамдағы рөлі жылдан-жылға күшейіп келеді. Бүгінде өңірдегі көптеген қыз-келіншектер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар табысты кәсіп иесі, жаңа идеялардың бастамашысы әрі экономиканың тұрақты дамуына үлес қосушы күшке айналды.

Жамбыл облысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Облыс аумағында мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп бастауға ниетті азаматшаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдердің кәсіпке бет бұруы аймақ экономикасының дамуына серпін беруде. Қолөнер, тамақ өндірісі, сұлулық индустриясы, білім беру, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тігін және кондитерлік бағыттарда табысты еңбек етіп жүрген әйелдер қатары артып келеді. Олар өз кәсібін дамыту арқылы тек табыс тауып қана қоймай, өзге азаматтарды жұмыспен қамтып, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына ықпал етуде.

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бизнесмен әйелдердің үлесі статистикалық есеп бойынша 58,8 пайызды құрайды. Негізінен қыз-келіншектер сауда-саттық пен қызмет көрсету салаларында айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Сонымен қатар өндіріс пен құрылыс салаларында да оң нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл әйелдердің кез келген салада табысты еңбек ете алатынын дәлелдейді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі әйелдер саны 10 миллионнан асады. Оның ішінде еңбекке белсенді әйелдердің үлесі 55,5 пайызды құрайды. Жалпы жұмыспен қамтылған әйелдердің көрсеткіші – 48 пайыз. Ал жалдамалы жұмысшылар арасындағы әйелдер үлесі 50 пайыз болса, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасындағы үлесі 45 пайызды құрайды. Тұрақты жұмыспен қамтылған әйелдердің басым бөлігі білім беру, сауда және денсаулық сақтау салаларында еңбек етеді. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер арасындағы әйелдердің үлесі 50,8 пайызға жеткен.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде бір миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарып отыр. Бұл жалпы кәсіпкерлік субъектілерінің 48,1 пайызына тең.

Мемлекет тарапынан әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар мен жобалар қолға алынған. Бүгінде елімізде кәсіпкерлерге қызмет көрсету бойынша 20 орталық және ауылдық аймақтар мен шағын қалаларда 164 өңірлік орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтар кәсіпкерлерге ақпараттық-консультациялық көмек көрсетіп, бизнес жүргізудің қыр-сырын үйретеді. Мәселен, орталықтарға жүгінген мыңдаған әйелге бухгалтерлік есеп жүргізу, салықтық есеп тапсыру, бизнес-жоспар жасау, маркетингтік стратегия әзірлеу секілді қызметтер ұсынылған.

Сонымен қатар «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлер шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасып, халықаралық тағылымдамалардан өту мүмкіндігіне ие болуда. Ал «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға ерекше серпін берді. Бұл жоба жергілікті өнім өндірушілерді қолдап, ауыл экономикасының дамуына ықпал етуде. Аталған жобаға қатысушылардың басым бөлігін әйелдер құрайды. Олар ұлттық өнімдерді өңдеп, жаңа брендтер қалыптастырып, өз кәсібін дамытуда.

Сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы да көптеген кәсіпкер әйелдердің кәсіби дамуына мүмкіндік берді. Бағдарлама аясында консалтингтік және коучингтік жобалар ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған әйел онлайн оқыту курстарынан өтті. Бұл олардың жаңа дағдыларды меңгеріп, бизнесін кеңейтуіне жол ашты.

Жамбыл облысында да әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылған. Кеңес кәсіп бастаған қыз-келіншектерге бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсетеді. Сонымен қатар «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып жүрген әйелдерге де жан-жақты көмек көрсетілуде.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өңірде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылып, көптеген азаматшаға кәсіп ашуға мүмкіндік берілген. Бұдан бөлек, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен меморандум жасалып, жастар мен әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстар қолға алынған. Бұл бастамалар жастардың бизнеске қызығушылығын арттырып, жаңа жобалардың жүзеге асуына ықпал етуде.

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Фарида Жүнісованың айтуынша, өңірде кәсіпкерлік нысандарды басқарып отырған әйелдердің үлесі 40 пайыздан асады. Бұл – әйелдердің бизнес саласындағы белсенділігінің айқын көрсеткіші. Бүгінде облыстағы көптеген табысты кәсіпорындарды нәзік жандылар басқарып отыр. Олар ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм, медицина, білім беру, сауда және өнеркәсіп салаларында нәтижелі еңбек етуде.

Қазіргі қоғамда әйелдердің кәсіпкерлікке келуі – уақыт талабы. Себебі әйел тек отбасының берекесін келтіріп қана қоймай, ел экономикасының дамуына да өз үлесін қоса алады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен бағдарламалардың арқасында кәсіпкер әйелдердің қатары әлі де көбейе беретіні анық. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң ықпал етеді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – ел болашағына жасалған инвестиция. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табуы тиіс.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.