Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Ана – тіршіліктің бастауы, тәрбиенің алтын діңгегі

0 43

«Көне Тараз» тарихимәдени кешенінің көрме залында Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Аналар кеңесі: саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» атты халықаралық форум аясындағы пленарлық отырыс өтті.

Ауқымды жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген Аналар кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестік мүшелері мен шетелдік қонақтар қатысты. Форумның мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық тәрбиені нығайту, ананың қоғамдағы рөлін айқындау және ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі тәжірибелерді кеңінен насихаттау болды.

Пленарлық отырысты Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай жүргізді. Ол өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі республика көлемінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын төрт бағыт бойынша жүзеге асырып жатқанын айтты. Атап айтқанда, «Тұлға тәрбиелеген отбасы», «Бақытты ана – бақытты отбасы», «Тұғырлы отбасы – бақытты балалық шақтың бастауы», «Жақсылыққа жетелейтін жандар» бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде республика бойынша 1755 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Оның құрамында 12 мыңнан астам ана мен қоғам белсендісі бар. Ал өңірлердегі жұмысты үйлестіру мақсатында құрылған әдістемелік орталықтардың оңтүстік аймақ бойынша орталығы біздің өңірде орналасқаны – аймақ үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік.

Форум барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйлеп, аналардың қоғамдағы орны мен отбасы институтын нығайтудағы еңбегіне ерекше тоқталды.

– Бұл форум – отбасы құндылықтарын дәріптейтін, ұлт тәрбиесіндегі ананың айрықша орнын айқындайтын маңызды диалог алаңы. Ана – тіршіліктің бастауы, мейірімнің шуағы, тәрбиенің алтын діңгегі. Қазақ халқы ежелден «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» деп, ұрпақ тәрбиесіндегі ананың орнын ерекше бағалаған, – деді ол.

Өңір басшысының бірінші орынбасары өз сөзінде еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістерге де тоқталып, жамбылдық аналардың елдік мәселелерде белсенділік танытып келе жатқанын айтты.

– Ағымдағы жылдың 15 наурызында елімізде өткен референдум – халықтың өз болашағын айқындаған маңызды саяси қадам болды. Осындай тарихи кезеңде жамбылдықтар ел дамуына қатысты маңызды мәселелер бойынша өз таңдауларын жасап, мемлекетіміздің келешегін айқындауға белсенді атсалысты. Осы орайда өңіріміздегі Аналар кеңестері де жоғары азаматтық белсенділік танытып, қоғамдық-саяси үдерістерге зор жауапкершілікпен қатысты, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Халықаралық жиында Түркия Республикасы Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Еке Учан Нагехан түркі халықтары арасындағы рухани сабақтастық пен отбасы құндылықтарының үндестігі жөнінде мазмұнды баяндама жасады. Ал Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Юлия Денисенко «Әйелдерді деструктивті діни ағымдарға тартудың психоәлеуметтік тетіктері» тақырыбында өзекті мәселелерді көтерді. Форумда ҚР Президенті жанындағы Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Amanat партиясының хатшысы Шолпан Каринова, «Ауыл» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары Айгерім Сәрсенбаева, республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасарлары Меруерт Медетбекова мен Ботагөз Ақтаева сөз сөйлеп, аналардың қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтаудағы рөлін кеңінен әңгімеледі.

Жиында этномәдени бірлестіктер өкілдерінің пікірлері де ерекше әсер қалдырды. Қырғыз, өзбек, түрік, ұйғыр, дүнген этномәдени бірлестіктерінің мүшелері қоғамдағы татулық пен рухани құндылықтарды сақтауда аналардың ықпалы зор екенін жеткізді. Сонымен қатар жиын барысында облыстық Аналар кеңесінің вандализмге қарсы қолға алған «Барыңды бағала» қоғамдық жобасы таныстырылды. Жоба жөнінде облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира МырзаҒали баяндама жасап, тарихи-мәдени мұраларды қорғау – елдік сананы қалыптастырудың маңызды бөлігі екенін айтты. Ал «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ директоры Сауран Қалиұлы бұл бастаманың қоғам үшін маңызын тарқатып айтты. Тағылымды жиын соңында ел бірлігі мен отбасы құндылықтарын нығайту жолында белсенді еңбек етіп жүрген аналар салтанатты түрде марапатталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Айман Әшімова мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова марапатталды. Сонымен қатар облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары қоғам белсенділері мен аудандық Аналар кеңесінің мүшелеріне табысталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың «Алғыс» төсбелгісі және Алғыс хатымен еліміздің түрлі өңірлеріндегі Аналар кеңесінің жетекшілері мен этномәдени бірлестік өкілдері марапатталды.

Жиын барысында «Аялы алақан» номинациясы табысталып, қоғамдағы қамқорлық пен қайырымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың еңбегі ерекше аталды. Бұл марапат белгілі кәсіпкер Меруерт Лештаеваға бұйырды. Сондай-ақ форумның ең жоғары марапаттарының бірі – «Ел анасы» атағы Ұлжалғас Дүсебаеваға берілді. Оның ұлт руханияты мен отбасы тәрбиесіне сіңірген еңбегі көпшілік тарапынан жоғары бағаланды. Тараз төріндегі тағылымды форум ананың қоғамдағы орны қашанда биік екенін тағы бір мәрте айқындады. Себебі ұлттың болашағы – тәрбиелі ұрпақта болса, сол тәрбиенің тамыры ең алдымен ананың мейірімі мен парасатында жатыр.

Форум соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, отбасы құндылықтарын нығайту мен аналардың қоғамдағы беделін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.