Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Ұлттық тәрбие беруде ананың мәртебесі қандай?

0 41

Мырзатай ауылдық клубында облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Аналар алқасы» мен Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен «Ұлттық тәрбие берудегі ананың мәртебесі» тақырыбында облыстық семинар өтті. Тағылымы мол іс-шараға облыстың әр ауданынан келген аналар алқасының мүшелері, ардагерлер, қоғам белсенділері, ұстаздар мен жастар қатысып, ұлттық тәрбиенің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Семинардың басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ананың қоғамдағы рөлін айқындау және жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру жолындағы тәжірибелермен бөлісу болды.

Жиынға қатысушыларды өнерлі әжелер әуелете ән айтып, жыр шумақтарымен қарсы алды. Ақ жаулықты аналардың өнегелі өнері көпшілікке ерекше әсер сыйлап, шараның мазмұнын аша түсті. Қонақтар алдымен ауылдық округ әкімдігі жанындағы алаңқайға қойылған аудан қолөнершілерінің көрмесін тамашалады. Көрмеге қойылған ұлттық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, кестелі киімдер мен тұрмыстық заттар қазақ халқының бай мәдениетін айшықтап тұрды. Әсіресе Үлгілі ауылында өз шаңырағынан шағын музей ашқан ардақты ана Әлимаш Теміржанованың көп жылдан бері сақталып келе жатқан қолөнер бұйымдары мен қазақы киімдері көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Ол ұлттық мұраларды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

Мырзатай ауылдық округі аналар алқасының төрайымы Ұланбике Сейдуалиева ауыл тұрғындарының бірлігі мен ауызбіршілігі жайында айта келіп, елдімекеннің ішімдіксіз ауыл ретінде қалыптасқанын мақтанышпен жеткізді. Оның айтуынша, ауылда жастар мен келіндерге арналған шеберлік сабақтары, тағылымды кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сонымен қатар тұсаукесер, бесікке салу, сырға салу секілді ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен насихатталып, жас отбасыларға ақыл-кеңес беру жұмыстары жолға қойылған. Бұл бастамалар ауыл жастарының ұлттық тәрбиеге жақын болып өсуіне оң ықпал етуде.

Жиынды облыстық аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова жүргізіп отырды. Ол аналардың қоғамдағы орны мен ұлт тәрбиесіндегі жауапкершілігі туралы кеңінен айтып, мұндай басқосулардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Семинарды кіріспе сөзбен ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ұлттық құндылықтарды сақтау – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін жеткізді. Ол қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты жоғалтпай, салт-дәстүрді жаңғыртуда аналардың рөлі айрықша екенін атап өтті.

– Аналар тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның рухани тірегі. Ұлттық тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Сондықтан жастардың бойына адамгершілік, ізгілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты қасиеттерді сіңіруде аналардың еңбегі орасан, – деді ол.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Асылжан Құрманов аудандық аналар алқасының атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға беріп, олардың қоғамдағы белсенділігіне тоқталды. Оның айтуынша, аналар алқасы қыз балалар тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, мектептер мен балабақшаларда жиі кездесулер өткізеді. Сонымен қатар ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерді жаңғыртып, жас буынға насихаттау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Ол ауылдан ашылған салт-дәстүр бөлмесінің жұмысы өскелең ұрпақтың бойына ұлттық кодты сіңірудің тиімді жолдарының бірі екенін айтты.

Аудандық аналар алқасының төрайымы Шырын Қапарова ұйымның атқарып отырған жұмыстары мен жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, аналар алқасы аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, тұрмыстық жағдайы төмен жандарға қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар жас келіндерге тәлім-тәрбие беру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында да көптеген жобалар жүзеге асырылуда.

Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының мәдениет жұмыстарын ұйымдастырушысы Гүлжауһар Бүркітбаева екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Әжемнің ертегілеріне саяхат» жобасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ертегі – жай ғана шығарма емес, ол баланың ой-өрісін дамытатын, қиялын ұштайтын, жақсылық пен жамандықты ажыратуға үйрететін маңызды тәрбие құралы. Жоба аясында облыстың әр ауданында кездесулер ұйымдастырылып, әжелер немерелеріне халық ертегілерін айтып, ұлттық тәрбиенің мәйегін жеткізіп келеді.

Семинар барысында сөз алған облыстық аналар алқасының алғашқы төрайымы, еңбек ардагері Лидия Ахметова жастар тәрбиесіне қатысты ойларын ортаға салды. Ал облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Ж. Мыңбаев бала тәрбиесінде әкенің рөлі ерекше екенін айтып, отбасыдағы жауапкершілікті ата-ана бірге көтеруі қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар облыстық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Нұркүл Оспанбекова, психолог Айжан Ережепова, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Мейірбеков құқықбұзушылықтың алдын алу, жастардың психологиялық тәрбиесі, отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті жайында өз пікірлерімен бөлісті.

Меркі ауданы аналар кеңесі төрайымының орынбасары Роза Байбосынова өз аудандарында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Ол ұлттық тәрбиені дәріптеу бағытында қолға алынған жобалардың нәтижелі екенін атап өтті.

Тағылымға толы жиын соңында қатысушылар ұлттық құндылықтарды сақтау мен жас ұрпақ тәрбиесінде аналардың рөлі әрқашан маңызды болып қала беретінін айтты. Сонымен қатар мұндай мазмұнды кездесулерді жиі ұйымдастыру қажеттігі сөз болды. Себебі өнегелі тәрбие мен ұлт болашағы – ең алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты. Ананың мейірімі мен тәрбиесін көріп өскен ұрпақ қашанда елін сүйетін, рухы биік азамат болып қалыптасары анық.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.