Жамбылда мал ұрлаған 10 қылмыстық топ қолға түсті
Жамбыл облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтар әшкереленді.
Жамбыл облысында полицейлер Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мал ұрлығының алдын алу және анықтау шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Еліміздің ІІМ дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері 41 адам мал ұрлығын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 27 адамнан құралған 10 қылмыстық топтың әрекеті белгілі болды. Кешенді шаралардың нәтижесінде өңірде ұрланған малдың 68 пайызы иелеріне қайтарылды. Сонымен қатар мал-ет өнімдерін заңсыз тасымалдаған 464 азамат жауапкершілікке тартылды. Мал жаю ережелерін бұзған 2083 тұрғынға тиісті шаралар қабылданды.
Полиция азаматтарды малды қараусыз қалдырмауға, жайылым мен қора-жайларды бақылауда ұстауға және күдікті әрекеттер байқалған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырады.