Қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі Юрий Аравин өмірден өтті
Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
«Қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, «Парасат» және «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, профессор Юрий Петрович Аравин дүниеден өтті. Қайраткердің отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне көңіл айтамын. Юрий Петровичтің есімі халқымыздың жадында қалады. Ол қазақтың халық музыкасын насихаттауға өмірін арнаған тұлға еді. Ұлттық мәдениетке шын берілген жан ретінде фольклорлық мұраларды зерттеу мен жинақтауға бағытталған көптеген ғылыми-шығармашылық экспедициялардың бастамашысы болды. Көптеген көне музыкалық шығармаларды жаңғыртып, ғылыми айналымға енгізді», – деп жазды министр Facebook парақшасында.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Юрий Аравин қазақ музыкасы мен халық композиторларының шығармашылығына арналған көптеген телерадио бағдарламаны дайындаған. Ол қазақ фольклорын терең сүйіп, ұлттық музыканың байлығын тыңдарманға жаңаша қырынан таныта білген талантты музыкатанушы болды.