Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Еңбек қатынастарын реттеу – маңызды мәселе

0 28

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұсынылған «Әділетті Қазақстан» ұғымын мемлекет бағдарының басты идеологиясына айналдыру күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе екені анық. Ал бұл бағытта мемлекеттің қоғамға заңнамалық бастама беру арқылы демократиялық үдерістерді жалғастыруы, адамдардың еңбек жағдайларын жақсартуда олардың өкілетті өкілдерімен ынтымақтасты одан әрі жетілдіруі – маңызды шарттардың бірі.

Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Онда цифрлы экономиканың рөлі арта түспек. Платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келеді. Осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда олардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет.

Өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек», – деген болатын.

Жалпы, еңбек құқығы – бұл азаматтардың еңбек қатынастарына қатысу, еңбек шарты бойынша жұмыс істеу, жалақы алу, қауіпсіз және әділ еңбек жағдайында болу сияқты құқықтары мен міндеттерін реттейтін құқық саласы. Қазақстан Республикасының Конституциясы еңбек құқығын қорғауды қамтамасыз етеді және әрбір азаматтың қауіпсіз, тең мүмкіндікке негізделген еңбек жағдайында жұмыс істеуін кепілдендіреді.

Қазақстан Республикасының Конституциясында еңбек құқығы айқын түрде қорғалған және әр азаматтың еңбек етуге, өз кәсібін таңдауға, әділ және қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуге құқығы бар екені атап көрсетілген. Мысалы, Конституцияның 24-бабының бірінші тармағында әрбір азаматтың еңбек етуге, оның ішінде өз кәсібін немесе мамандығын еркін таңдау құқығына ие екені көрсетілген. Бұл норма еңбек қатынастарының еркіндігін қамтамасыз етеді және азаматқа өз қабілеттері мен мүддесіне сай жұмысты таңдау мүмкіндігін береді, сонымен қатар жұмыс орнында қауіпсіздік пен әділеттіліктің сақталуына кепілдік береді.

Сонымен қатар Ата заңымыздың жоғарыда аталған бабының екінші тармағы әрбір адамның өз еңбегіне лайықты және уақытында ақы алуға құқылы екенін айқындайды. Бұл норма еңбекке деген әділ бағалауды және қызметкердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді, яғни жұмыс беруші еңбекті жалақымен, сыйақымен кемсітушіліксіз қамтамасыз етуге міндетті.

Осылайша, Конституция еңбек құқығын тек экономикалық қатынастармен шектемей, азаматтардың адамдық қадір-қасиеті мен қауіпсіздігін қорғау, әділдік пен теңдікті сақтау тұрғысынан да қарастырады. Бұл нормалар мемлекеттік қызметшілердің және барлық азаматтардың құқықтарын қорғаудың құқықтық негізін құрайды, еңбек қатынастарында әділдік пен сенімділікті қамтамасыз етеді.

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен ар-намысын қорғау – қоғамдағы тұрақтылық пен мемлекеттік басқарудың тиімділігінің маңызды факторы. Тәртіпті, қауіпсіз және әділ жұмыс ортасы тек заң талаптарының сақталуымен ғана емес, сонымен қатар моральдық-психологиялық атмосфераның дұрыс құрылуымен қамтамасыз етіледі.

Дегенмен, соңғы жылдары түрлі санаттағы еңбеккерлер, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің арасында жүргізілген сауалнамалар еңбек саласында әлі де болса дискриминацияның, яғни кемсітушіліктің бар екенін көрсетіп отыр.
Осылайша, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қазақстандағы еңбек саласында дискриминация әлі де кең таралған құбылыс екені көрініп, төмендегі мәселелер байқалған:

• Жыныстық дискриминация: әйелдер мен ерлерге тең мүмкіндік берілмеуі, әйел қызметкерлерге жүктелетін қосымша міндеттер немесе мансаптық өсуге шектеулер.

• Жасқа байланысты шектеулер: жас қызметкерлердің тәжірибесіздігі немесе зейнет жасына жақындаған қызметкерлердің біліктілігін төмен бағалау.

• Харассмент (ағылш. harassment – қудалау, мазалау) – адамға өз қалауынан тыс физикалық қысым жасау, зорлық көрсету, ерсі сөздер арқылы, хабарлама арқылы бопсалау, жыныстық қатынасқа түсуге тарту, адамның арына тиетін сөз айту, жеке шекарасын бұзу.

• Қауіпсіздік пен әлеуметтік кепілдіктердің теңсіздігі: еңбек жағдайларының қолайсыздығы, материалдық және моральдық қолдаудың жеткіліксіздігі.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қызметкерлердің үштен бірі өздерінің жалақысын бірдей жұмыс атқаратын әріптестерге қарағанда төмен деп есептейді. Бұл моральдық қысым мен жұмысқа деген ынтаны төмендетеді. Сонымен қатар бейтарап және қоғамдық бақылаудың жеткіліксіздігі дискриминация мен харассменттің алдын алу мен оны жоюда кедергі келтіреді.

Жұмыскерлердің, мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін сақтау үшін ұйымда қолайлы жұмыс атмосферасын қалыптастыру өте маңызды. Мұндай ортада қызметкерлер бір-біріне сыйластықпен қарайды, әр қызметкердің кәсіби жетістіктері әділ бағаланады және қызметкерлер өз құқықтары мен міндеттерін біледі, дискриминация мен харассментке жол берілмеуін қамтамасыз етеді.

Бұл қағидалар қызметкерлердің жұмысқа деген сенімін арттырады, кәсіби міндеттерді тиімді орындауға және ұйым ішінде тұрақты ынтымақтастыққа ықпал етеді.

Мемлекеттік қызметшілердің еңбек жағдайларын, құқықтары мен ар-намысын қорғау – бұл тек заңдық міндет емес, сонымен қатар қоғам мен мемлекеттік құрылым мәдениетінің айнасы. Тәртіпті және инклюзивті жұмыс ортасы қызметкерлердің кәсіби өсуіне жол ашып, қоғамдағы тұрақтылық пен сенімділікті қамтамасыз етеді. Харассменттің кез келген формасына қарсы тұру және құқықтық негіздерді жетілдіру – бұл қазіргі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Осы ретте, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына харассмент ұғымына байланысты енгізілуі тиіс өзгерістердің жобасы даярланғаны қуантарлық жайт.
Мемлекеттік қызметтің беделін өсіруде еңбек ұжымдарында еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу, адамның жеке басының қадір-қасиетінің құрметтелуін дәріптеу мәдениетін қалыптастыру – мемлекеттік мекемелердің басшыларына үлкен міндет жүктейді.

Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру тек қызметкерлердің кәсіби дайындығына ғана емес, олардың құқықтық және моральдық қорғалуына да байланысты. Еңбек ұжымдарында еңбек құқықтарының бұзылмауы, адам қадір-қасиетінің құрметтелуі, сондай-ақ әр қызметкердің өз пікірін білдіру және кәсіби дамуға тең мүмкіндік алу мәдениетін қалыптастыру – мемлекеттік мекемелердің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі.

Сондықтан еңбек құқықтарын сақтау, дискриминация мен харассменттің кез келген түрін болдырмау, әділдік пен сыйластық қағидаларын насихаттау – мемлекеттік басқарудың маңызды құрамдас бөлігі. Бұл тек заңдық міндет емес, сонымен бірге қызметкерлердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұйым ішіндегі моральдық ахуалды көтеру және азаматтар алдындағы мемлекеттік қызмет беделін арттырудың тиімді құралы болып саналады.

Аталған келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатымен елімізде кешенді шаралар қолға алынған. Мәселен, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 257 кәсіпорны 3,7 мыңнан астам жұмыскерге 1,4 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 4,7 мыңнан астам фактісі белгілі болған.
Нәтижесінде жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 2 602 ұйғарым беріліп, 332 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.

Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 3 437 мың жұмыскердің құқықтары қорғалып, оларға 1,2 млрд теңге төленген.

Бұдан бөлек, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауына алынған.

Биылғы 1 қыркүйектегі деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 013 тексеру жүргізіп, оның барысында 4 706 бұзушылық анықталыпты. Оның ішінде, еңбек саласында – 3 965, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 721, халықты жұмыспен қамту бойынша 20 дерек тіркелген. Аталған жағдайларға байланысты қабылданған шаралардың нәтижесінде 30 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған.

Ал ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ЕШЕБШ) шамамен 15,6 миллион еңбек шарты тіркеліп, оның 6,2 миллионы белсенді деп танылған. Соның ішінде 1,9 миллионға жуығы 2025 жылы тіркелсе, оның 31 мыңнан астамы HR Enbek порталы арқылы электронды форматта жасалған.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың басынан бастап HR Enbek порталының функционалы едәуір кеңейтілген. Енді ол жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерді ұсынып отыр. Атап айтқанда, HR Enbek арқылы жұмыс берушілерге ұжымдық шарттарды электрондық түрде тіркеуге немесе жасасуға мүмкіндік беретін функция енгізілді. Қазіргі таңда жүйеде 8 мыңнан астам ұжымдық шарт тіркелген.

Сонымен қатар HR Enbek порталы арқылы жұмыс берушілер еңбек инспекциясына жазатайым оқиға туралы хабарлай алады. Бүгінде портал арқылы 103 жазатайым оқиға тіркелген.

HR Enbek порталы қызметкерлер үшін де мүмкіндіктер аясын кеңейтуде. Атап айтқанда, порталдан еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары жайында ақпараттарды көруге және оларды жұмыс берушінің жеке кабинетінe жіберуге болады. Қазіргі таңда 25,3 мыңнан астам еңбекке жарамсыздық парағы жұмыс берушілерге жолданған.

Сонымен қатар өткен жылдан бастап портал арқылы салалық, жергілікті және бастапқы кәсіподақтарды тіркеуге әрі оларға мүшелікке өтуге болады. Қазіргі таңда бұл функцияның көмегімен 42 кәсіподақ тіркелген. Оның 15-і – жергілікті, 6-ы – бастапқы және 21-і – салалық.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға да баса назар аударылып отыр.

Айталық, Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатымен ведомствода атқарылып жатқан жұмыстар мен ұсынылып, жүзеге асырылып жатқан жаңа тәсілдер туралы айтты.

Светлана Жақыпова Еңбек министрлігі халықты әлеуметтік қорғау жүйесін трансформациялауды жүзеге асырып жатқанын еске салды. Оның айтуы бойынша, мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің санаттық қағидатынан мұқтаждықтың ашық және объективті критерийлеріне көшу жүзеге асырылуда. Бұл ретте Шымкент қаласы мен Қарағанды ​​облысында пилоттық жобаның нәтижелері негізінде бүкіл ел бойынша Бірыңғай цифрлық платформаны толық көлемде енгізу басталған.

– Мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге байланысты жергілікті деңгейдегі барлық бастапқы бизнес-процестер цифрландырылады. Бұл бірыңғай жүйеде кадрлық іс жүргізуді, бухгалтерлік есепті, материалдық-техникалық базаны есепке алуды, сондай-ақ контингентті тіркеуді жүргізуге мүмкіндік береді.

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсететін барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар Бірыңғай цифрлық платформа арқылы әл-ауқат деңгейін жаңадан бағалауға қол жеткізе алады. Бұл қызметтердің сапасын жақсартады, әлеуметтік жүйеге кәсіби кадрларды тартуға мүмкіндік береді.

Біз Бірыңғай цифрлық платформаның шеңберінде архитектурасы электрондық үкіметтің талаптарына толық сәйкес келетін «бұлтты бухгалтерияны» қолдануды ұсынамыз, – дейді министр.

Еңбек министрлігінің басшысы аталған тәсілдерді жүзеге асыру үшін қысқа мерзімде бірқатар мемлекеттік органдарды Бірыңғай цифрлық платформамен мүмкіндігінше тезірек біріктіру қажеттігін қосты. Оларды Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, екінші деңгейдегі банктер азаматтардың шоттары карталары бойынша шығыс және кіріс операциялары бөлігінде, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жасалған сақтандыру шарттары, сақтандыру төлемдерінің мөлшері бойынша мәліметтер бөлігінде, Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлер қызметінің айналымы, сондай-ақ жеке табыс салығы бойынша, Қаржы министрлігі, Қазынашылық комитеті Еңбек министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасы арқылы төлеу үшін мемлекеттік қолдау шаралары бойынша төлем тапсырмасын қалыптастыру бөлігінде интеграциялау қажет болып отыр.

– Бұл ретте, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өздерінің барлық бастапқы бизнес-процестерін, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын толық цифрландыруды аяқтап, оларды біздің жүйемен интеграциялауы қажет. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыратын органдар жеке тұлғаларға гранттар, субсидиялар және басқа да қолдау түрлері түрінде мемлекеттік қолдау көрсету туралы толық ақпаратты Бірыңғай цифрлық платформаға ұсынуға тиіс. Жаңа тәсілдер заңнамалық бекітуді талап етеді, – дейді Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ көші-қон саласында атқарылып жатқан шараларға тоқталған министр Еңбек ресурстарын дамыту орталығының базасында Көші-қон ағындары мәселелері жөніндегі талдау орталығы құрылып жатқанын атап өтті.

– Қазіргі уақытта Migration.Enbek.kz көші-қон процестерінің порталы жұмыс істейді. Бұл шетелдік жұмыс күшінің қозғалысын, этникалық оралмандарды тіркеуді және есепке алуды қоса алғанда, ел ішінде де, одан тыс жерлерде де еңбек ресурстарының қозғалысына байланысты бизнес процестерді автоматтандыруға мүмкіндік берді. Шетелдік азаматтың кәсіптік тәжірибесін қазақстандық жұмысшыларға үйретуді көздейтін тәлімгерлік жүйесі енгізілді, – деп хабарлады Еңбек министрі.

Бұдан бөлек, жұмыс орындарын құрудың ашықтығы, сұраныстағы кәсіптерді болжау үшін Жобалардың инновациялық навигаторы енгізілді. Осыған орай 2030 жылға дейін құны 77,3 трлн теңге болатын 1 517 жоба аясында 229 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

– Қабылданып жатқан шаралар орталықтандырылған есепке алуды қамтамасыз етуге, білікті мамандарды тарту үшін алдын ала бағалау жүйесін енгізуге, көші-қон процестерін басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Сонымен қатар министр зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және азаматтардың зейнетақы деңгейін лайықты ету бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Еңбек министрлігі алаңында ұлттық сарапшыларды, Ұлттық банктің, Қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігінің, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдерін тарта отырып сараптамалық топ құрылғанын хабарлады. Жыл соңына дейін сараптамалық топ жұмысының нәтижелері бойынша ақпарат Үкіметке ұсынылады.

Еңбек қатынастарын реттеудегі маңызды мәселе – жұмыспен қамтуды жүйелеу. Бұл орайда 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 237,3 мың адам қамтылып, 529,6 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылған.
Субсидияланатын жұмыс орындарына мансап орталықтары арқылы 137 мың адам жіберілген. Оның ішінде, әлеуметтік жұмыс орындарында – 12 мың адам, «Жастар практикасында» – 12,6 мың адам, қоғамдық жұмыстарда – 92,8 мың адам, «Күміс жас» жобасы аясында – 15,9 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 3,5 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде 171 адам жұмыспен қамтылған.
Ал еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 51,1 мың жұмыссыз қамтылып, оның ішінде 47,6 мыңы оқуын аяқтаған.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 44,3 мың адам қамтылып, оның ішінде 25,4 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алған.
Жұмыс берушілердің өтініші бойынша кәсіптік оқытуға 4 892 адам жіберіліп, 1 114-і оқуын аяқтаған. Нәтижесінде 375 адам жұмысқа орналасыпты.

Бұдан бөлек, қызмет саласын таңдау мақсатында кәсіптік орталықтарда 261,9 мың адам әлеуметтік-кәсіптік бағдарлаудан өтіп, кеңес беру қызметтерін алған.
Азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылатынын және шын мәнінде жұмысқа орналасқандығы олар үшін міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталатынын атап өткен жөн. Мәселен, 2025 жылғы 1 қыркүйекте 529,6 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде – 137 мың адам, Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер орналастырған бос орындарға – 108,7 мың адам, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 263,9 мың адам, орталық мемлекеттік органдар іске асыратын жобалар шеңберінде 20 мың адам жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) 9 мың грант беру көзделген. 2025 жылғы 1 қыркүйекте республика бойынша 4 287 грант беріліпті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.