Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын қалай түйіндеді

0 25
Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен боксшыларымыз ел қоржынына жалпы он медаль салды – оның жетеуі алтын, біреуі күміс және екеуі қола.

Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді.

50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Санжар Тәшкенбай финалда моңғолиялық Алдарқхишиг Баттулгамен кездесіп, сенімді түрде жеңіске жетті. Осылайша ол екі дүркін әлем чемпионы атанды. 55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан испаниялық Рафаэль Лосано Серранодан айласын асырып, тағы бір алтын медальға қол жеткізді. Ал 70 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Төрехан Сабырхан жапондық Сэвон Окадзавамен тартысты жекпе-жекте басым түсіп, ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионы атанды.

Ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай да алтыннан алқа тақты. Ол 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, ақтық сында өзбекстандық Жахонгир Зокировпен қолғап түйістірді. Бірінші және екінші раундта қарсыласы басым болғанымен, соңғы кезеңде қазақ боксшысы ерекше қайсарлық танытып, жеңісті жұлып әкетті.

Әйелдер құрамасы да айтарлықтай табысқа жетті. 51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова түркиялық Бусе Наз Чакыроглумен өткен тартысты финалда жеңіске жетіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды. 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева өзбекстандық Навбахор Хамидовамен өткен жекпе-жекте алғашқы екі раундта ұтылғанымен, шешуші кезеңде мықтылық танытып, алтын медальді иеленді. 70 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова австралиялық Лекеиша Перголитиден басым түсіп, чемпиондық атаққа қол жеткізді.

48 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының тәжірибелі өкілі Назым Қызайбай финалда қарсыласына аз ғана есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Сонымен қатар, 60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева жартылай финалда тоқтап, қола медаль иеленді. Ал аса ауыр салмақта Елдана Тәліпова польшалық Агата Качмарскадан ұтылып, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Осылайша, Ливерпульде өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте он жүлдемен ел тарихындағы ең үздік нәтижелердің бірін көрсетті. Бұл жеңістер отандық бокстың әлемдік деңгейдегі көшбасшылар қатарында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.