Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

«Дәстүрдің тозығы»: Жаңа бап қыз алып қашуға қалай әсер етеді

0 59

Енді қыз алып қашқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұрынғыдай кешіріммен құтылу жоқ, кінәлі тарап 20 млн теңге айыппұл төлейді немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Президент қол қойған заң мәжбүрлі некені қаншалықты ауыздықтай алатынын Kazinform аналитикалық шолушысы анықтап көрді.

Салт сылтау емес: 3 жылда 200 оқиға тіркелген
Қазақстанда кейінгі 3 жылда 200-ден астам қыз алып қашу мен мәжбүрлеп некелесу дерегі тіркелген. Өкініштісі, соның ішінде тек 10 іс сотқа жеткен. Қалғаны кешірім беру мен «дәстүрдің» тасасында жазасыз қалыпты. Қоғамның өзі мұндай озбырлықты, қыздың тағдырына бейжай қараған қараңғылықты жатсынғанымен, кей кезде лайықты жаза сұрауға құлықсыз. Мұны пайдаланған адамдар жас қыздарды алып қашып, мәжбүрлеп некеге тұрғызудан тартынар емес.

Бірнеше жылдың ішінде осы мәндес тақырып түрлі мінберде айтылды. Өткен жылы Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мәселеге құқықтық тұрғыда нүкте қою керегін кесіп айтқаны есте.

«Елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Расында, ізгілік жолында да, дәстүр танымында да қыз алып қашу – қараңғылық. Ескі әрекеттің бүгінге жеткен сипаты тым қарадүрсін, аяусыз кейіпке енді. Дәстүртанушы Сәкен Алдашбаевтың сөзінше, кейбіреулердің бұл әрекетті ата-баба жолына қосуы тым күмәнді.

– Қазақ әдебиетінде түрлі жыр-дастандарда бойжеткенді алып қашып кеткен жағдайлар кездеседі. Бірақ байқасаңыз мұндай шығармалардың нүктесі өте аянышты. Екі жақтың үлкендері, әулеті ризашылық білдірмейді. Яғни бұл ата-бабамыздың қызды алып қашуға рұқсат бермегенін білдіреді. Бұл біздің болмысымызда жоқ. Разы болмаған соң ұрпағы да дұрыс болмайды. Екі елдің арасында дау туындап, соңы соғысқа ұласқан жағдайлар да бар. Егер қазақ мұны дұрыс деп құптаған болса екі жасқа бақыт тілеп, ақ батасын беретін еді, − деді дәстүртанушы.

Қыз алып қашуда «кешірім» жүрмейді
Қазақстан Орталық Азиядағы гендерлік теңдік статистикасында алдыңғы қатарда болғанымен, дәл осы қыз алып қашуға қатысты мәселеде кейін қалып келеді. Мысалы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанның Қылмыстық кодекстерінде некелесу мақсатымен қыз алып қашқаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Ал бізде мұндай әрекет Қылмыстық кодексің 125-бабы – «Адам ұрлау» бойынша ғана қаралатын. Оның үстіне көп жағдайда қызды қайтарса, кінәлі тарап жазаға тартылмайтынын көріп жүрміз. Дәлел – 200-ден астам мәжбүрлеп некелестіру оқиғасы ішінен тек 10-ының сотқа жеткені.

Осыған байланысты депутаттар заңды қатаңдатуды талап еткелі көп болды. Соның ішінде Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» деген бап қосуды ұсынып келді. Басты өзгерістің қатарына істі қысқартуға қарсылықты да жатқызуға болатындай. Яғни, қоғам үйлену мақсатында мәжбүрлеп ұстағандар қызды жіберсе де жазасыз қалмауын сұрап отыр. Бұрын қыз үйіне қайтарылса, жаза болмайтын.

Осылайша жыл басынан бері құзырлы орган Қылмыстық кодекске жасалатын өзгерістің жобасын әзірлеуге көшті. Мәжіліс пен Сенатта әрбір тармағы талданып, алыс-жақын елдердегі практика есепке алынды. Бұған дейін Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова заң жобасындағы өзгерістің шет-жағасын айтқан болатын.

– Халықаралық тәжірибені зерттеп, Қылмыстық кодекске арнайы «Некеге мәжбүрлеу» бабын енгізуді ұсынып отырмыз. Егер адамды некеге күштеп отырғызса, болмаса ар-намысына тиетін ақпаратты жариялаймын деп қорқытса – бұл әрекет енді қылмыс болып саналады. Жаза ретінде 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзім көзделіп отыр, – деп түсіндірді вице-министр.

Мәлімдеме нәтижесі көп күттірмеді. Сәрсенбіде Президент Заң жобасындағы өзгерісті мақұлдап, қол қойды. Құқықтық құжатта сала мамандарының бар талабы ескеріліп, Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» деген жаңа 125-1-бап қосылған. Бұдан былай некеге тұруға мәжбүрлегені үшін жаза қатаңдай түседі.

Ендігәрі қыз алып қашқаны үшін 8 млн теңгеге жуық, яғни 2000 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе түзеу жұмыстарына жегіледі. Істің мәніне қарай 2 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал алып қашқан қыз кәмелетке толмаған болса, оның үстіне күш қолданғаны әшкереленсе, салдары тіпті ауыр. 20 млн теңгеге жуық (5000 АЕК) айыппұл арқалап немесе 3 жылдан 7 жылға дейін түрмеге тоғытылуы мүмкін. Ең қатаң шешім жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан жағдайда қолданылады. Онда қылмыскерге 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралған.

Сондай-ақ «кешірім берді» деген сылтау да жүрмейді. Факті тіркелсе, бәрібір іс сотқа кетеді. Қызды қыстап, күштеп ұстаған туыстарына да аяу жоқ. «Қалыңдықты» қамап ұстаған әрбірі «адамдар тобымен жасалған қылмыс» санатына ілігеді, бұл – ауыр қылмыс. Демек, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы күтеді деген сөз. Жалпы қылмыстың ауырлығына байланысты 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да берілуі мүмкін.

Қоғам қалай қабылдады?
Қуанарлығы, қоғам қыз алып қашуды батылдық пен махаббаттың символы деп қабылдаудан кеткелі көп болды. Басым дені күштеу мен зорлық әрекетіне қарсы. Заңды қатаңдатуды енгізуді талап еткен депутаттар да қоғамның осы көңіл күйін назарға алса керек. Мысалы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев аталған өзгерісті дер кезінде қабылданған шешім санайды.

– Бұл бастаманы қолдаймыз, себебі мәселені 2023 жылдан бері көтеріп келеміз. Енді заңнамада мұндай әрекеттерге тыйым салынатыны анық көрсетілген, ал кінәлілер жазасыз қалмайды. Заң тек әйелдерді ғана емес, сондай-ақ олардың әкелері, ағалары мен қыздарын ұрлаған басқа да туыстарын қорғайды. Біздің ойымызша, бұл мәжбүрлі неке тәжірибесінен бас тартуға және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көп ғасырлық «алып қашу» дәстүрі мен қыздың еркіне қарсы ұрланып, еркіндігі шектелетін ауыр қылмыстың ара жігін ажырата білу қажет. Егер қыз өз еркімен қашып, тұрмыс құруға келіссе – бұл басқа жағдай. Неке – бұл екі жақтың толық әрі ерікті келісімімен құрылатын тең құқықты одақ, – деді Артур Ластаев.

Құқық қорғаушылар некеге қиюға мәжбүрлеуді тежейтін арнайы баптың енгенін қолдайды. Заң толық күшіне енген сәтте қыз алып қашу дерегі азайып, аталған бап бойынша қозғалатын сот ісі көбеюі мүмкін деп отыр. Бұдан да маңыздысы – ақпараттық насихат, яғни әр әрекеттің жазаға әкелуі мүмкін екенін түсіндіру қажет деп санайтындар бар. Себебі арнайы баптың барын білмеген адамдар шоқ басу мүмкін екен.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.