Жамбыл облысында гипс шығаратын зауыт салынады
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов пен Knauf компаниясының ТМД елдері бойынша өкілі Александр Блюмхардт инвестициялық жоба аясында ресми келісімге қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жоба аясында жылына 225 мың тонна құрғақ гипс қоспаларын өндіретін заманауи зауыт салынады. Зауытта 100 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Өндірілетін өнімнің 80%-ы ішкі нарыққа, ал 20%-ы ЕАЭО мен Орталық Азия елдеріне экспортталады.
Knauf қазіргі таңда 84 млн тонна гипс қоры бар Үлкен-Бұрылтау кен орнында гипс өндіруге лицензия алған. Бұл жаңа зауытты ұзақ мерзімге шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары барлық қажетті сараптамалар аяқталғаннан кейін басталады.
Ғабидулла Оспанқұлов бұл жоба өңірдің индустриялық дамуына серпін беріп, Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын көрсете түскенін айтты.
Өз кезегінде А.Блюмхардт Қазақстан тарапына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, жобаның табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.
«Қазақстан – бұл өңірде бизнесімізді дамыту үшін басым бағыт. Елде қуатты шикізат базасы, өсіп келе жатқан нарық және инвесторларға ашық көзқарас бар. Біз Қазақстандағы қатысуымызды кеңейтіп, құрылыс саласының дамуына үлес қосуға қуаныштымыз», – мәлімдеді «Knauf» өкілі.