Қазақстанда алғаш рет егіс науқаны уақытында аяқталды – Үкімет
Елімізде егіс жұмыстары алғаш рет белгіленген мерзімде толық аяқталды. Бұл – ауыл шаруашылығын қаржыландыру тетіктерінің қайта қаралуының нәтижесі.
6 маусымдағы мәліметке сәйкес, жоспарланған 23,7 млн гектар жер толықтай игерілді – бұл 100% орындалған көрсеткіш. Бұған дейін фермерлерге жеңілдетілген несие тек көктемде, науқан қызған шақта берілсе, биыл алғаш рет қаржы 2024 жылдың желтоқсанынан бастап қолжетімді болды. Бұл шаруаларға қажетті тұқым мен тыңайтқышты алдын ала алып қоюға мүмкіндік берді.
«Егіс жұмыстары агротехникалық тұрғыдан тиімді мерзімде жүргізіліп, алғаш рет уақытында аяқталды. Мұндай тәсіл негізгі дала жұмыстарын мерзімінен бұрын бітіруге, стратегиялық маңызды дақылдардың көлемін ұлғайтуға және техникалық базаны жаңартуға жол ашты», – делінген хабарламада.
Биыл аграрлық саясатта маңызды өзгерістер болды – егіншілікті әртараптандыруға және бір дақылға тәуелділікті азайтуға басымдық берілді. Бұл бағытта жер көлемін қайта бөлу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде табысты әрі тұрақты дақылдарға көбірек көңіл бөлінді.
Атап айтқанда, мына дақылдардың егіс көлемі артты: майлы дақылдар – 3,4 млн гектар (былтырмен салыстырғанда 500 мың гектарға артық);
мал азығы – 3,3 млн гектар (+114 мың гектар);
дәндік жүгері – 167,5 мың гектар;
көкөніс-бақша өнімдері – 222,3 мың гектар.
Әлеуметтік маңызы бар дақылдар көлемі де артуда: картоп алқабы 83,4 мың гектарға жетіп, өткен маусыммен салыстырғанда 11,3 мың гектарға көбейді.
Сонымен қатар ресурсты көп қажет ететін әрі баға өзгерісіне бейім дақылдардың – бидай, күріш, мақта – егіс көлемі қысқаруда. Мысалы, бидай алқабы 13 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғыдан 187 мың гектарға кем.
Осылайша, егісті әртараптандыру стратегиясы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін дамытуға серпін беруде.
Тұқым қорына келсек, 2025 жылғы егіс науқанына республика бойынша 2,3 млн тонна тұқым дайындалды. Бұл диқандардың дала жұмыстарына еш кідіріссіз, қажетті ресурстар тапшылығынсыз уақытында шығуына мүмкіндік берді.