Жамбылдық тәртіп сақшылары бір күнде 600-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегін анықтады
Осылайша 30 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды
Жамбыл облысындағы рейдтік іс-шаралардың алғашқы күнінде полицейлер 600-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтады.
Жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында аймақта «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Рейдтік шараның алғашқы күні полицейлер Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 626 дерегін анықтаған. Оның ішінде мас күйде көлік жүргізген 4 азамат ұсталған.
-Қауіпсіздік белдіктерін пайдалану ережелерін сақтамағаны үшін — 82 көлік жүргізуші, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін — 33 жүргізуші, сондай-ақ көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланғаны үшін 24 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Орынбасар Жалдығараев.
Сонымен қатар, рейд барысында жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың -3 дерегі, жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау ережелерін бұзудың 5 дерегі анықталды. 30 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті жүргізушілерге Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.