Жамбыл облысында IT лицей-интернатының жаңа ғимараты ашылды

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында Дарынды балаларға арналған IT лицей-интернатының қосымша ғимараты пайдалануға берілді.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, жиынға жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Өз сөзінде ол бүгінгі таңда әлем жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын атап өтіп, Президент Жолдауында заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлау міндеті қойылғанын жеткізді. Сондай-ақ биылғы Тамыз кеңесінде дарынды балаларды қосымша ынталандыру жөнінде тапсырма берілгенін еске салды.
– Біздің басты мақсатымыз – жаңашыл ойлайтын, ғылымға құштар, мәдениетті, елдің дамуына елеулі үлес қосатын жастарды тәрбиелеу. Сондықтан лицейдің жұмысын жаңа деңгейге көтеру негізгі басымдықтарымыздың бірі. Осы ретте «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен ынтымақтастықты нығайту маңызды. Қордың тәжірибесін пайдалану білім сапасын арттырып, олимпиадалық дайындық пен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға мүмкіндік береді, – деді Серік Сәлемов.
Салтанатты жиында облыс әкімінің атынан лицей басшылығына «IoT Board Platform» роботтар жиынтығының сертификаты табысталды.
Бұдан кейін «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте сөз сөйлеп, лицей ұжымын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. Ал облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, қор президенті Дархан Ермаханұлы және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жаңа нысанның лентасын қиды.
Лицей директоры Шоқан Қалдыбаевтың айтуынша, жаңа кешенде 300 оқушыға арналған оқу корпусы, 300 орындық жатақхана және 126 орындық асхана қарастырылған. Сонымен қатар оқу корпусында физика, химия, биология, веб-дизайн, жасанды интеллект және бағдарламалау бағыттары бойынша заманауи зертханалар мен төрт арнайы кабинет жабдықталған.
Айта кетейік, қазіргі таңда лицей-интернатта 325 оқушы білім алуда. Мұнда жаратылыстану бағытындағы пәндердің барлығы ағылшын тілінде оқытылады. Жаңа ғимарат оқушылардың сапалы білім алуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына және IT саласындағы қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді.