Жамбыл облысының төтенше жағдайлар қызметі жаңа техникалармен толықты
Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментіне 13 бірлік жаңа өрт сөндіру-құтқару техникасы берілді.
Арнайы техникалардың кілттерін ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев салтанатты түрде табыстады.
Бұл күні жамбылдық құтқарушыларға 94 бірлік заманауи қызметтік киімдер де тапсырылды.
– Бүгін біз үшін ерекше күн! Сіздерге жаңа техника мен заманауи үлгідегі киімдер табыстап отырмыз. Бұл – Мемлекет басшысының құтқарушыларға айрықша көңіл бөлуінің және халық қауіпсіздігін алдыңғы орынға қоюының нақты көрінісі. Бірлескен күш-жігердің арқасында құтқару қызметінің сапасы артып, материалдық-техникалық мүмкіндіктері нығайып келеді. Баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Халық игілігіне қызмет ете берейік! – деді ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов.
Тиісті лауазымдар
Өңір басшысы құттықтау сөзінде жамбылдық құтқарушыларды әрқашан ерекше құрметпен бағалайтынын атап өтті.
– Сіздер – төтенше жағдайларда бірінші болып қолұшын созатын ержүрек жауынгерлерсіздер. Батылдық пен кәсібилікті ту етіп, адам өмірін қорғау жолында тынымсыз еңбек етіп, жанқиярлық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келесіздер. Сіздердің әрбір қадамыңыз – халық қауіпсіздігінің берік тірегі! – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі көрсетілген қолдау үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазақстан құтқарушылар қоры» жеке қорына шынайы ризашылығын білдірді.
Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасы жылдан жылға нығайып келеді. Биыл 20 техника сатып алу жоспарланған, соның 13-і бүгін тапсырылды. Қалған 7 техника жыл соңына дейін жеткізіледі.