Жамбыл облысында агродрондар өндірісі жолға қойылды
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласына серпін беретін жаңа өндіріс орны іске қосылды. «UNICROP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі агродрондарды құрастыруға арналған зауытын ресми түрде ашып, қазақстандық агроөнеркәсіп кешеніне тың технологияларды енгізу жолында маңызды қадам жасады.
Жаңа кәсіпорын жылына 500-ден 1000-ға дейін агродрон құрастыруға қауқарлы. Мұндай көлем ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта отандық өнімді шетелге экспорттауға да жол ашады. Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін цифрландыру стратегиясына толық сәйкес келеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, өндірістің басты мақсаты – фермерлер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын заманауи шешімдермен қамтамасыз ету. Атап айтқанда, агродрондар егістіктерді тиімді бүркуге, тыңайтқышты біркелкі енгізуге, сондай-ақ мультиспектралды камералардың көмегімен өсімдіктердің жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.
Мамандар дрондарды қолданудың пайдасын ерекше атап өтуде. Олар суды, тыңайтқыш пен жанар-жағармайды үнемдеп қана қоймай, өнімділікті арттыруға жағдай жасайды. Бұдан бөлек, қол еңбегіне кететін шығын қысқарады, топырақ тапталуы азаяды және өсімдіктердің зақымдану қаупі төмендейді. Экологиялық тұрғыдан да бұл әдіс тиімді саналуда.
Зауыт тек өндіріс орнымен шектелмей, дронды басқаратын мамандарды даярлауға да басымдық беріп отыр. Арнайы оқыту орталығы ашылып, онда болашақ пилоттар жаңа техниканы басқаруды, оны техникалық тұрғыдан күтіп ұстауды үйренеді. Бұл ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, еңбек нарығын кеңейтпек.
Алдағы жоспар да айқын. 2025 жылы компания кем дегенде 50–60 агродрон сатуды көздеп отыр. 2026 жылы бұл көрсеткішті 150 бірлікке жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан аймағында егістік алқаптарын өңдеу қызметтерінің ауқымы да кеңейтіледі.
Бүгінде «UNICROP» Қызылорда және Түркістан облыстарындағы дилерлермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Егер бұл келісімдер сәтті аяқталса, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне дрондарды сатып алу ғана емес, техникалық қызмет көрсету де қолжетімді болмақ.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысында ашылған жаңа зауыт ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ірі жобалардың бірі болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастама Қазақстанды агроинновациялар саласында алдыңғы қатарға шығаруға әлеуетті.