Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Жамбыл облысында 659,9 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі

0 25

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, биыл 659,9 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33,2 мың гектарға ұлғайған.

2025 жылдың өнімі үшін өткен жылы 156 мың гектар алқапқа күздік бидай дақылы егілді.

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 54,8 мың тонна тұқым дайындалған, 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады.

Үкімет тарапынан өңірге 20 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Биыл 400-ден аса ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, жаңару жоспарын 6,5 пайызға жеткізу көзделуде.

418 гектар алқапқа 83,1 мың тонна минералды тыңайтқыш ендіріледі.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы өңір шаруаларына 8 млрд. теңге көлемінде 5 пайызбен несие берілмек.

2025 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 39,6 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы есебінен 16 мыңнан аса ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне қолдау көрсетіледі. Нәтижесі бойынша өсімдік шаруашылығында 325,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде.

— Өңірде көктемгі дала жұмыстарына материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайын, агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары тұрақты бақылауда, – дейді Әбдірәсіл Желеубаев.

Басқосуда аудан әкімдерінің есебі тыңдалды.

Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті шараларды мерзімінде қабылдауды және бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауда ұстауды ескертті.

– Көктемгі дала жұмыстарына баса назар аудару қажет. Бұл — аса маңызды міндеттердің бірі. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы да бақылаудан тыс қалмауы тиіс. Шаруаларға арзандатылған жанар-жағармай кедергісіз беріліп, олардың ескі техникаларын жаңартуға ұдайы қолдау көрсетуіміз керек. – деген облыс әкімі ұйымдастыру жұмыстарын ширатуды міндеттеді.

Сонымен бірге мемлекеттік қолдау шараларын жан-жақты түсіндіру, жоғары сапалы тұқымның үлесін арттыру, су үнемдеу технологиялары арқылы суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, егіс алқаптарына су жеткізу бойынша бірқатар тапсырма берді.

Бұдан бөлек, аппарат отырысында облыс елді мекендерінің бас жоспар жобаларының мемлекеттік қала құрылысы кадастры ақпараттық жүйесіне енгізілу барысы қаралды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.