Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Жамбыл облысынан 8 елге 1,6 мың тоннадан астам ет экспортталды

0 12

Жамбыл облысының аграрлық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Әсіресе мал шаруашылығы саласында айтарлықтай жетістіктер бар. Бүгінде өңірдегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 40 пайыздан астамы осы салаға тиесілі. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов мәлімдеді.

2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша, өңірде тірідей салмақта 64,8 мың тонна ет өндірілді. Бұл – өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Жыл басынан бері сыртқы нарыққа 1 615 тоннадан астам ет пен 340 тонна шұжық өнімдері жөнелтілген. Оның ішінде сиыр еті – 661 тонна, қой еті – 954 тонна, жылқы еті – 0,2 тонна, құс еті – 1 302 тонна. Бұдан бөлек, 631 тонна малдың ішкі өнімдері экспортқа шығарылды.

Жамбылдың табиғи таза өнімі бүгінде Қырғызстан, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран және Германия мемлекеттерінің дастарханына жол тартып отыр. Халықаралық нарыққа шығу – жергілікті өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі талапқа сай екенін дәлелдейді.

Өңірде ет өндірісін арттыру үшін қуатты инфрақұрылым жасақталған. Қазіргі таңда сыйымдылығы 1 000 бастан жоғары 9 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Бұл алаңдар шаруаларға малды тиімді семіртіп, нарыққа сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, тәулігіне 300 бас ұсақ мал мен 50 бас ірі қараны сойып, өңдеуге қауқарлы екі ірі ет комбинаты – «Меркі ет комбинаты» және «Первомайские деликатесы» тұрақты жұмыс істеп тұр.

Мал шаруашылығында еттен бөлек, сүт өндіру көлемі де тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың жеті айында облыста барлық санаттағы шаруашылықтарда 130,8 мың тонна сүт өндірілген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау да үздіксіз көрсетілуде. 2024 жылы «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы есебінен 15 инвестициялық жоба қаржыландырылды. Соның ішінде төрт жоба – сүт тауарлы фермаларын салуға бағытталды. Атап айтсақ, «Момбек», «Азнур Агро», «Нұрлыжай» және «Қайсар» шаруашылықтары жүздеген басқа арналған заманауи фермаларды іске асыруда. Бұл жобалар алдағы уақытта облыстағы сүт өндірісін еселеп арттыруға ықпал етеді.

Жамбыл облысында құс шаруашылығы да серпінді дамып келеді. «Әулие-ата Феникс» ЖШС құс фабрикасының қуаттылығы 12 мың тоннаға жеткізілсе, Байзақ ауданындағы «Алель Агро» ЖШС-ның жылдық қуаттылығы 14 мың тоннаға дейін артты. Бүгінде бұл кәсіпорындар ішкі нарықты сапалы құс етімен қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетін де кеңейтуде.

Жыл соңына дейін екі фабрикада құс еті өндірісі 26 мың тоннаға жетеді деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Сарапшылардың пікірінше, құс еті өндірісіндегі мұндай қарқын Жамбыл облысын еліміздегі жетекші өңірлердің қатарына шығарады.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда облыста мал шаруашылығына инвестиция тарту көлемі де артып келеді. Бұл бағыттағы жобалар жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, өңір экономикасына серпін беруде.

Жалпы алғанда, Жамбыл облысының аграрлық саласы тұрақты даму жолына түсті. Әсіресе ет пен сүт өндірісінің көлемін арттыру, құс шаруашылығын дамыту және экспорттық әлеуетті кеңейту – өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін экономиканың басты драйверіне айналдырып отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.