Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Тілі шықпаған баланы қойдың ішегімен қылғындырса, сөйлеп кететіні рас па?

0 5 390
Бұл ырымның балаға қандай зияны бар?

Жақында әлеуметтік желіде әйелдің баланы ішекпен қылғындырған видеосы тарап кетті. Видео авторы ұлы сөйлемейтіндіктен, қазақтың ырымы арқылы оның тілін шығаруға тырысқанын жазған.

Видео TikTok қолданушы Әсем Абдиеваның парақшасында жарияланды. Осы тұста желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі бұл ырымды ескілікпен санаса, енді бірі мұндай амалдың шынымен де көмектесетінін жазған.

Сайт тілшісі әйелмен байланысқа шығып, жағдайдың егжей-тегжейін білуге тырысты.

Астана қаласының тұрғыны Әсем Абдиеваның айтуынша, 2020 жылы ұлы Хантөре дүниеге келгенде денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Жасына толғанда бір жастағы балалар істеуі керек дүниенің бәрін орындай алған. Мәселенің бәрі кейіпкеріміз екінші сәбиін дүниеге әкелгенде басталыпты. Бұл уақытта тұңғышы 2,5 жаста болған. Ұлының ауытқуын байқаған ана бірден дәрігердің көмегіне жүгінгенде Хантөреге гиперактивтілік синдромы және назардың жетіспеушілігі, сондай-ақ сөйлеудің кешігуі диагнозы қойылған. Сонымен, бүлдіршін барлығы 2 жылға жуық ем қабылдап, білікті мамандардың арқасында тілі шығыпты.

«Тілі шықпаған баланы ішекпен қылғындырса, ол сөйлеп бастайды дегенді үлкен кісілерден білдім, оған қоса өзім қызығушылық танытып, интернеттен оқыдым. Жаңа сойылған малдың ішегін балғын кезінде алып, «бисмиллә» деп айтып, сөйлемейтін баланы 3 рет қылғындырады. Бала бұл туралы білмеуі қажет, сондықтан бұл ырымды кенеттен істеген дұрыс, бұдан тіпті ата-анасы да хабарсыз болғаны абзал. Бұл ырымды нағашы жұрт жасайды», – дейді ол.

Хантөрені ішекпен қылғындыру алғаш нағашы әжесінің ойына келіпті.

«Ырымды бір ай бұрын, яғни шілденің басында жасадық. Мен үйде отырдым, бір уақытта анамның «камераны қосшы, баланы қылғындырамыз» деген сөзін естідім. Жүгіріп шықтым, анам ішекті қолына ұстап, ұлымның артынан келе жатыр екен. Анам жылдам 3 рет қылғындырды. Негізі балам өзі онсыз да сөйлейтін, бірақ белгілі бір дыбыстарға тілі келмейтін еді. Анам «немерем нақты сөйлесін, сөзге шешен» болсын деп ырымдады. Бұл баяғы заманнан бар ырым, ол тек тілі шықпаған балаларға орындалмайды, сонымен қатар «бала шешен болсын» деген ырыммен жасалады», – деді ол.

Әсем Абдиева бала сөйлеп кетуі үшін кез келген амалды қолданып көруге болатынын айтады.

«Мен жұртқа балаңызды қойдың ішегімен қылғындырыңыз, сөйлеп кетеді деп айтпаймын. Өйткені менің ұлым онсыз да сөйлейтін, біз тек «нақты сөйлесін, барлық дыбысқа тілі келсін» деп ырымдадық. Бірақ бұл ырымның зияны бар деп ойламаймын, яғни пайдасы болмаса, зияны болмайды. Ертеде логопед деген болмаған ғой, сондықтан да ата-бабаларымыз осындай іс-әрекеттерга барған. Дегенмен жалғыз ырымға сеніп отырудың да қажеті жоқ, қандай мүмкіндік шықса, бәрін пайдалану керек.

Этнограф не дейді?

Этнограф Болат Бопайұлы қазақ халқында тілі шықпаған баланы ішекпен қылғындыру секілді ырым ежелден бар екенін растады. Оның сөзінше, мұндай ырымдар дәстүрлі сенімдерге негізделген және баланың тілінің ерте шығуы үшін жасалған. Алайда, ырым медициналық ғылым дамымаған дәуірде пайда болғандықтан, оның ешқандай да ғылыми негізі жоқ болғандықтан, заманауи медициналық көзқарас тұрғысынан қарағанда бала өміріне өте қауіпті әрі өрескел әрекет болып саналады. Этнограф осыған байланысты аталмыш ырымды қолданбаған абзал деп санайды.

«Сондықтан тозығы жеткен, тамтығы қалмаған, ғылыми негізі жоқ ескі ырымды қолданудың еш қажеті жоқ деп санаймын, өйткені жас баланың дене қуаты мен ағзасы әлсіз болады», – деді маман.

Маман ғұрыпты неліктен қауіпті санайтынын түсіндірді.

Бала тұншығуы мүмкін. Баланы қылғындыру кезінде оның тыныс жолдары бітеліп, ауа жетіспеушілігі пайда болуы мүмкін, салдарынан ол тұншығып, дем ала алмауы әбден ықтимал.
Қан айналымының бұзылуы. Қылғындыру қан айналымын тежейді, әсіресе мойын аймағында қан тамырлары қысылып, миға қажетті қанның жетпеуіне себеп болады. Бұл баланың миына оттегінің жетіспеуіне, гипоксияға, тіпті мидың зақымдануына әкеп соқтыруы мүмкін.
Ішкі мүшелердің зақымдалуы. Жас баланың дене қуаты әлсіз болғандықтан, ішекпен қылғындыру кезінде оның мойыны мен ішкі мүшелері зақымданып, ауыр жарақаттар алуы ықтимал. Бұл жарақаттар ұзақмерзімді денсаулық мәселелерінінің пайда болуына әсер етеді.
Ішкі қан кету. Мойын мен тамырларға қатты қысым жасалса, қан тамырлары жарылып, ішкі қан кету пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай өте қауіпті және шұғыл медициналық көмек қажет етеді.
Жүйке жүйесіне зиян. Мойын мен тамырларға жасалған қысым жүйке жүйесіне де зақым келтіруі мүмкін.
«Медицина бойынша баланың тілінің шығуы табиғи процесс, бұл процесс әр балада әртүрлі уақытта болады. Егер бала белгілі бір жасқа дейін сөйлемесе, ата-ана баланы маманға көрсеткені жөн. Логопедтер мен тіл мамандары баланың тілінің шығуына көмектесетін арнайы әдістер мен жаттығуларды қолданады.

Тілі шықпаған баланы ішекпен қылғындыру секілді өрескел ғұрыптарды қолдану адам денсаулығына зиян және қауіпті. Қазақ халқының бай мәдениеті мен дәстүрлерінде көптеген пайдалы және әдемі ғұрыптар бар, сондықтан осындай зиян ғұрыптардан бас тартып, тек пайдалы дәстүрлерді сақтау қажет. Қазіргі заманғы медицинаның көмегімен бала тілінің шығуын қолдау әлдеқайда қауіпсіз әрі тиімді», – деп қорытындылады Болат Бопайұлы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.