Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Отбасы құндылығы – оңалтудың негізі

0 21

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша төмен №58 мекемесінде жазасын өтеушілердің бойында отбасылық құндылықтарды қалыптастыру, олардың рухани дүниесін байыту және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осындай тәрбиелік маңызы зор іс-шаралардың бірі ретінде мекемеде сотталған азаматтарға «Семьянин» көркем фильмі көрсетілді.

Аталған шараның басты мақсаты – жазасын өтеушілердің отбасы институтына деген көзқарасын қалыптастыру, жақындарына деген жауапкершілік сезімін арттыру, адамгершілік қасиеттерді дәріптеу және олардың мәдени-рухани дамуына оң әсер ету. Себебі отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі. Ол – сүйіспеншілікке, сенімге, сыйластыққа және өзара қолдауға негізделген шағын қоғам. Адамның мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы мен болашаққа ұмтылысы ең алдымен отбасында қалыптасады.

Кино көрсетілімі барысында сотталған азаматтар отбасының қадір-қасиеті, ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі мен жауапкершілігі жайында терең ой түйді. Мұндай тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар олардың өмірлік ұстанымдарын қайта саралап, алдағы уақытта дұрыс шешім қабылдауына ықпал етеді.

«Семьянин» фильмі адам өміріндегі отбасының орны мен маңызын жан-жақты ашып көрсетеді. Туындыда басты кейіпкердің өз отбасына деген шексіз қамқорлығы, жақындарының бақыты үшін жасаған жанқиярлық әрекеттері, еліне адал қызмет етуі және түрлі қиындықтар мен сынақтарға қарамастан адамдық қасиетін жоғалтпай, жеңіске жетуі әсерлі баяндалады. Фильм көрерменге отбасының материалдық игіліктен де жоғары тұратын құндылық екенін, ал шынайы бақыттың туған-туыстың амандығы мен бірлігінде екенін ұғындырады.

Отбасылық құндылықтарды дәріптеу – түзеу мекемелеріндегі тәрбиелік жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Себебі отбасының қолдауы мен сенімі жазасын өтеушінің түзелуіне, жасаған қателігін түсінуіне және заңды құрметтейтін азамат ретінде қоғамға қайта оралуына үлкен серпін береді. Жақындарының қолдауы адамның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жаңа мақсаттар қоюына, болашаққа сеніммен қарауына ықпал етеді.

Осындай мазмұнды мәдени-танымдық шаралар арқылы мекеме қызметкерлері сотталғандардың рухани дүниесін байытып қана қоймай, олардың бойында ізгілік, мейірімділік, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттердің қалыптасуына ерекше мән беруде. Бұл жұмыстардың барлығы жазасын өтеушілердің қоғамға бейімделуіне, отбасына қайта оралып, адал еңбек етіп, заң талаптарын құрметтейтін азамат ретінде өмір сүруіне бағытталған.

Отбасы – әрбір адамның өміріндегі сарқылмас күш-қуаттың, сүйіспеншілік пен сенімнің қайнар көзі. Сондықтан отбасы құндылықтарын насихаттайтын мұндай іс-шаралар сотталған азаматтардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, олардың болашаққа жаңа үмітпен қадам басуына мүмкіндік береді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.