Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Ауылдағы ананың табысы – қоғамдағы отбасы құндылығының айқын көрінісі

0 17

Жамбыл облысында қоғамдық отбасы құндылықтарын нығайту, отбасылық және гендерлік саясатты жүзеге асыру, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Әсіресе ауылдық жерлерде тұратын көпбалалы аналарды, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау, олардың табыс табуына мүмкіндік жасау мемлекет саясатының маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етуде.

Мемлекет тарапынан ұсынылатын қайтарымсыз гранттар, кәсіпкерлік негізде оқыту, субсидияланған жұмыс орындары, кәсіп ашуға арналған бағдарламалар бүгінде көптеген азаматтардың өмірін өзгертіп отыр. Соның ішінде ауыл әйелдерінің өз кәсібін бастауына ерекше көңіл бөлінуде. Себебі табысы бар, өз кәсібімен айналысатын ана – отбасының берекесін арттырып қана қоймай, қоғамның дамуына да үлес қосады. Жамбыл облысының Меркі ауданында осы бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін беруде.

Аудан бойынша еңбекке жарамды мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіпке бейімдеу, кәсіпкерлікке тарту мәселелері тұрақты назарда. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғындар кәсіптік оқуға жіберіліп, қоғамдық жұмыстарға тартылып, қайтарымсыз грант иеленуде. «Бастау бизнес» жобасы аясында көптеген азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, өз ісін бастауға мүмкіндік алған. Бұл тек экономикалық қолдау ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің де тиімді жолы.

Осындай мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырған жандардың бірі – Меркі ауданы Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Салтанат Дүйсебай. Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауылда отырып-ақ кәсібін дөңгелетіп отыр. Оның өмір жолы – қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру, ана мен баланы қорғау, отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы саясаттың нақты нәтижесі.

Жамбыл ауылдық округінде халықтың басым бөлігі мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысады. Ауыл тұрғындары үшін еңбек ету, кәсіп бастау – отбасының әл-ауқатын жақсартудың негізгі жолы. Округте әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. Жергілікті әкімдік пен мансап орталығы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде көптеген тұрғын кәсіпкерлікке бет бұруда.

Салтанат Дүйсебай 2022 жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқып, арнайы сертификат алған. Оқу барысында оған бизнес жүргізудің қыр-сырлары, қаржыны тиімді пайдалану, нарықты зерттеу, өнімді өткізу жолдары түсіндірілген. Бұл оқыту әйелдердің экономикалық сауаттылығын арттырып, өз күшіне деген сенімін нығайтты. Бірнеше рет грантқа өтінім беріп, сәтсіздікке ұшырағанымен, табандылық танытып, нәтижесінде 1 миллион 500 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алған.

Аталған қаражатқа ол үш сауынды сиыр сатып алып, сүт өнімдерін өндірумен айналыса бастаған. Қолдағы малдан алынған сүттен айран, қаймақ, сары май, құрт жасап, ауыл тұрғындарына сатып келеді. Табиғи өнімге деген сұраныстың жоғары болуы оның кәсібінің табысты жүруіне мүмкіндік берген. Бұл – ауылдық жерде әйелдердің шағын кәсіп арқылы отбасы табысын арттыра алатынының дәлелі.

Салтанаттың айтуынша, ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау оның отбасына үлкен көмек болған. Бір жағынан бала күтімімен айналысып, екінші жағынан табыс табу арқылы ол өз отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартып отыр. Мұндай қолдау аналардың қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда мемлекет отбасылық саясатты жүзеге асыру барысында әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына ерекше басымдық беруде. Себебі экономикалық тәуелсіздігі бар әйел отбасындағы тұрақтылықтың сақталуына ықпал етеді. Отбасындағы қаржылық қиындықтардың азаюы тұрмыстық жанжалдардың алдын алып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың төмендеуіне де әсер етеді. Сондықтан әйелдердің жұмыспен қамтылуы мен кәсіпкерлікке тартылуы тек әлеуметтік емес, қоғамдық маңызы бар мәселе саналады.

Жамбыл облысында ана мен баланы қорғау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, олардың кәсіппен айналысуына жағдай жасау, психологиялық және құқықтық қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге ықпал етуде.

Салтанат Дүйсебайдың өмірі – еңбек пен табандылықтың, мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланудың жарқын үлгісі. Ол бүгінде ауылдағы көптеген әйелге мотивация беріп отыр. Өз кәсібін дамытуды көздеген ана алдағы уақытта мал басын көбейтіп, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар болашақта өз баспанасын салып, кәсібін одан әрі дамыту ниеті бар.

Мұндай мысалдар қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтып, адал еңбекпен табыс табудың маңызын айқындай түседі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейтуге, демографиялық өсімді сақтауға, балалардың жарқын болашағын қамтамасыз етуге негіз болуда. Ең бастысы – ауылда отырып-ақ еңбек етіп, кәсіп бастауға болатынын дәлелдеген аналардың қатары артып келеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.